Көптен бері үкіметтің де, парламенттің қос палатасының да жиындары қазақ тілінде өтіп, жұрт «баянды болса екен» деп тілеп, «тіфәй-тіфәй» деп жүр еді. Мәжілістің осы сәрсенбідегі  отырысында мемлекеттік тілге тағы да «көз тиді». Ұлттық банктің төрағасы Данияр Ақышев бұған дейін сенат отырысында депутаттың қазақ тілінде қойылған сұрағына нақты жауап бере алмай, басқа жаққа лағып кетіп, әлеуметтік желілердің басты «кейіпкеріне» айналғаны жасырын емес.

«Аузы күйген үрлеп ішеді» деген, тағы да ұятқа қаламын деп ойлады ма, әйтеуір, мәжілісте қаралған заң жобасын таныстыру кезінде Д. Ақышев баяндамасын қазақ тілінде оқығанымен сұрақтарға негізінен ресми тілде жауап берді. Рас, алғашында банк төрағасы қазақша жауап беруге тырысты. Бірақ, оның ана тілінде жауап таппай қиналғаны, тағы да сұрақтан ауытқып, кей сұрақтың төркінін дұрыс түсінбей жатқаны мәжіліс төрағасы Н. Нығматулиннің төзімін тауысып жіберді ғой деймін, қазақша қойылған сұрақтардың кейбірін орысшаға аударып, өзі түсіндіріп отырды. Тіпті депутат Нұртай Сабильянов өз сұрағын қойған кезде «Өткендегідей жаттап алған сұрақтарыңызды айтпай, нақты жауап берсеңіз. Қазақша қиындық туып жатса, ілеспе аударма бар» деп нақтылап айтса да Ақышев көп өтпей-ақ сұрақтарға орысша жауап беруге мәжбүр болды.

Бұл күні мәжіліс депутаттары «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» заң жобасын қарады. Данияр Ақышев бұл заң жобасының тиімді жақтарын баяндамасында жан-жақты түсіндірді. Бұл заң жобасында депутаттарды шетелге кетіп жатқан валюталар мәселесі қатты қызықтырды.

— Шетелге кеткен заңсыз валюта ағыны экономикалық шығынға алып келеді, — деді Аманжан Жамалов. — 2017 жылдың бірінші жарты жылдығында мемлекеттік кіріс комитеті арқылы Қытайдан 7 миллиард теңгеге тауар алғаны тіркелгені анықталды. Дәл осы кезеңде Қазақстаннан 312 млн теңгенің тауары сатылған. Егер осыны долларға шағатын болсақ, 2017 жылдың бірінші жарты жылдығында Қазақстан азаматтары 22 млн долларға тауар сатып алса, өздері 1 млн долларға да жетпейтін тауар сатылған. Ұлттық банк Қазақстаннан валютаның жылыстауына заңмен қандай тосқауыл қояды? Қандай көлемде?

— Өте дұрыс сұрақ, — деп жауап қатты Данияр Ақышев. — Қытай мен Қазақстан арасындағы экспорт пен импорт бір деңгейде емес. Біз негізінен шикізат экспорттаймыз. Ол жақтан дайын өнім аламыз. Біздің кәсіпкерлер бәсекелестікті арттыра түсуі қажет. Бұл кемшілікті реттеуді жаңа заңға енгізіп отырмыз. Ал, шетелге қаржы шығару жағына келер болсақ, қаншама қазақстандық кәсіпорындар шетелге тауар шығарып немесе тауар қабылдап отырғандықтан, шетелге қаржы шығаруды тыя алмаймыз. Біз шетелге заңсыз шығатын қаржыларды тыюмыз керек.

Әрине, Данияр Ақышев дәл осы сұрақтың алдынан шығатынын алдын-ала сезіп келгені анық. Содан болар, ол бұл мәселенің ұңғыл-шұңғылын тәптіштеп түсіндіріп кетті. Ұзақ-сонар әңгімеден депутаттардың іші пысып кетіп, алды қозғалақтап, кейбірі дауыстап, наразылығын сездіріп жатты. Бұл жағдайды Нұрлан Нығматулин бірден байқады.

— Данияр Талғатұлы, залдың сізге деген реакциясын байқап отырсыз ба? – деді мәжіліс төрағасы. — Мынандай бір жағдай болған, сіздің бір әріптесіңіз осы мінбеде тұрып, сұрақтарға жауап берді. Сосын «Регламент бойынша сұрақ берудің 30 минут өтті» деп, сұрақтарға шектеу қойғысы келгені бар. Біздің сізді күні бойы тыңдауға құқымыз бар. Сізге нақты сұрақ қойылды. Ұлттық банк шетелге шығатын қаржыларға нақты көлемде шектеу қоюды жоспарлап отыр ма, жоқ па деген… «Иә», әлде «жоқ» деп жауап беріңіз. Егер «иә» болса қандай көлемде? Бұл жерде лекция оқып отырудың не қажеті бар?

— Кез-келген көлемдегі ақшаның шығуына шектеу жоқ.

— Болды. Рахмет.

Дегенменде шетелге заңсыз шығатын валютаның айқайы бұдан кейін де толастамады. Шынында жыл сайын оффшор дегенің біздің шенеуніктерді бір ойбайлатып кететін болды ғой. Әйтеуір, оффшордың ой-шұңқырына тереңірек үңілген сайын, талайдың жасырған дүниесі жарыққа шығып, құпиясы айдай әлемге жария боп жатыр. Сонда да шетелдік есеп-шоттарға деген ынтызарлық еш басылған емес.

— Елімізде валюта жоғалту күннен күнге артып бара жатыр,-деді депутат Омархан Өксікбаев. — Сіздің бір орынбасарыңыз осы парламентке келген кезінде шетелден қайтпай қалған валютаның көлемі 17 млрд доллардан асып кеткенін айтқан болатын. Оның 7 млрд-ы соңы үш, алды он жылдан бері қайтпай жатыр. Осыған байланысты репатриация жасау туралы заңға бап енгізіп жатырсыздар. Бірақ, бұл мәселеде декларация, мониторинг бар да нақты іс жоқ. Ұлттық банктің ісі тек мониторинг жасау, ұсыныс жасау ғана болып тұр. Егер заңның осы бабы орындалмаса, ұлттық банк не істей алады? Шетелге кеткен жатқан миллиард долларларды қалай қайтарасыздар? Бұл үшін кімге қандай шара, санкция қолданасыздар? Президент жыл басында «Бізге қауқарсыз ұлттық банктің керегі жоқ» деп айтқан болатын. Бірақ, мына заң жобасына тағы да бапты ұсынып отырсыз. Осы мәселені біз қалай дұрыс жолға қоямыз? Қаржы министрлігі де қашып отыр? Нақты кімнен сұраймыз? Бұл жерде нақты бір өкілетті органның беті ашылмаған.

— Бұл өте қиын сұрақ, — деді Д. Ақышев. — Бұл екі ел арасында талқыланатын мәселе. Ақша шығару операциясы экспорт, импорт арқылы жүреді. Дәл қазір бұған қарсы ешқандай да операция жүргізе алмаймыз. Шынында шетелге шыққан қаржының кері қайтпағаны турасында бірнеше жылдан бері жасалған көптеген келісім-шарттар бар. Миллиардтаған долларды құрайды. Енді осы жағдай тағы қайталанбас үшін не істеуіміз керек? Егер бұған тікелей шектеу қойсақ, адал жұмыс істеп жүрген кәсіпорындарға қиын болады. Ішкі экономикалық жағдайымызды әлсіретіп аламыз. Біз арнайы сараптама жасап көрдік, Ресейде де тікелей шектеу жоқ. Олар мемлекеттік кіріс комитеті, орталық банк және қаржылық мониторингтермен тығыз қарым-қатынас жасаудың арқасында әжептеуір жетістікке қол жеткізіп отыр. Сондықтан тірліктері күдікті көрінген қаржылық операцияларға тексеруді кеңінен жүргізу қажет. Қазіргі заң бұған мүмкіндік бермейді. Осы заң жобасынан кейін бұл мәселе толығымен шешіледі.

Ал, «Ақ жол» фракциясының төрағасы Азат Перуашев лауазымды тұлғалардың қоғам алдындағы ашықтығын, есеп беруін күшейту керек деп санайды.  Яғни, банк құпиясы ұстанымын жойып, үкімет мүшелері мен ұлттық компания жетекшілерінің шетелдік есеп-шоттардағы қаржылары, шетел бизнесіне қаншалықты қатысы бары туралы мәліметтердің барлығы қол жетімді болуы тиіс.

— Құр айта бермей, нақты іс жасайтын кез келді,-дейді ол. — Өткен жылдың желтоқсан айында мемлекеттік аудит 13 облыстың жол полициясы 700 млн теңгеге құрал-жабдықтар сатып алуда астаналық ЖШС-нің атын жамылған кипрлік бір компанияның қызметіне жүгінгенін растады. Сондықтан қаржыны осындай схемамен шетелге шығаруға тыйым салу үшін екінші оқылымға дейін арнайы жұмыс тобымен қарастырылуы керек.

Бұл заң жобасы бойынша көптеген депутаттар өз ойларын айтып, жан-жақтан сұрақ қойып, Ақышевтің әбден есін шығарғанымен артынша бірінші оқылымда мақұлдап тастады.

Оралхан Дәуіт, Астана

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.