Прокурорды ұрғаны үшін 15 жылға сотталған

2017

Бүгін Алматы қаласында Шығыс Қазақстан облыстық сотының шешімімен 15 жыл 6 айға сотталған Д.Бопаев; 12 жылға сотталған Б.Қарсабаев; 11 жыл 3 айға сотталған А.Аубакировтардың ісіне қатысты апелляциялық шағым түсірушілердің ұйымдастыруымен пресс-конференция өтті. Жиынға журналистер мен істің басынан аяғына дейін болған адвокат Жанболат Әкежанов, соттталушы Достан Бопаевтың анасы Бопаева Светлана, сотталушы Бауыржан Қарсыбаевтың ағасы Қарсабаев Болат, сотталушы Аслан Аубакировтың қарындасы Айдана Смағұлова және сот процесі кезінде үш сотталушыға қатысты қарсы куәлік еткен екі куәгер қатысты.

2017 жылдың 10 наурыз күні Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы, Үржар ауылында «Атамекен» мейрамханасында болған төбелестің соңы мейрамхана қожайындарының шағымымен сотқа ұласып, аталған 3 азаматтың үстінен іс қозғалған. Сотталушылардың туыстары мен адвокат қана емес, тіпті куәлік берушілердің өзі осыншалық үлкен жаза кесіледі деп күтпегендерін айтады. Тіпті, о баста мейрамхана қожайындарының бопсалауымен қарсы куәлік берген екі куәгер Сарыбаева Арайлым мен Марданшина Наталья істің соңы насырға шапқанын көрген соң, райларынан қайтып, шындықты айту үшін кері куәлік беріпті.

Бізге баяндалған әңгіменің нобайы бойынша іс былай болыпты. 2017 жылдың 10 наурызында Достан Бопаев өзінің екі танысымен бірге Үржар ауылындағы «Атамекен» мейрамханасында отырған. Түнгі сағат 1-лер шамасында Достан мен күзетшінің арасында келіспеушілік туып, Достан күзетшіні ұрып жібереді. Бірақ, ерегіс көпке созылмай тез тыншыған көрінеді. Бірақ, мейрамхананың қожайыны Г.Садықова полиция шақыртып үлгереді. Полицияға күзетші ешқандай шағымы жоқ екенін айтады. Полиция қызметкерлері шығып кетеді де, қасында прокуротурада істейтін Г.Садықованың ұлы Е.Садықов бар қайта кіреді. Ерлан Садықов салған жерден қоқан-лоққы жасап, Достанға дүрсе қоя беріпті. Достан кешірім сұрайды, бірақ, оған тоқтамайды. Айтуларынша екеуінің жасы шамалас, бір ауылда өскен, бұрыннан таныс. Садықовтың намысқа тиетін сөздеріне шыдамаған (соталушының тергеуде айтқаны) Бопаев өзін өзі ұстай алмай Садықовқа да қол көтереді. Тек бір ғана соққы дейді. Садықов та қарап қалмай жұдырық ала жүгіреді. Бірақ, сол жерде тұрған полиция қызметкерлері екеуін ажыратып жібереді. Садықов прокурорлық мандатын пайдаланып, полицияларды балағаттап, араласпауын талап етеді. Ақыры асханаға оңаша кіріп, Бопаевпен жеке сөйлеспек болады. Полиция қызметкерлері не істесін, прокурордың бұйрығымен сыртта қалыпты (адвокаттың айтуы). Сәл ғана уақыттан соң Достанның досы Бауыржан Қарсыбаев кіреді үстілеріне. Сөйтсе, Садықовтың қолында пышақ, Бопаевтың қолында үстел бар екен. Арашаға ұмтылған Бауыржан қолына асхананың ет шабуға арналған балтасын алып, Садықовтан пышағын тастауды талап етеді. Айғай-шудан ішке кірген полициялар қайтадан ара түсіп, төбелесті тоқтатыпты. Қысқасы, істің соңы келісімге келумен бітеді де, екі тарап қол алысып үйді-үйіне тарасады.

Бірақ, ертеңіне Садықовтар отбасы сотқа шағым түсіреді. Ал, әлгі 3 жігіт адам өлтірмек болды деген ауыр қылмыс тағылғанын естіп (бұл кезде Астанада жүрген), жауап беруге келмей, қашып кетеді. Арада 10 күндей өткен соң ұсталады. Осы жерде айта кететін бір қызықты жайт бар: Садықов Бопаевтың басын әкеп берген (өлтіріп!) адамға ауызша түрде 2 миллион теңге көлемінде сыйақы тағайындапты. «Бұны бүкіл ауыл біледі» деп отыр Достанның анасы.

Ұсталған соң сот болады. Соттың нәтижесі жоғарыда айтылды. Жәбірленуші тараптың берген куәліктері мен нақты куәгерлер, – оның ішінде сол жерде болған 8 полиция қызметкері де бар, – берген жауаптар ескерусіз қала беріпті.

Сот үкімінде 3 сотталушының масаң күйде болғандары айтылады. Ал, туыстарының айтуынша олай болмаған. Керісінше, Садықовтың аузынан «иіс» шығып тұрғаны айтылады. Бірақ, мұның ешқайсысына мән берілмей, сотты жеделдетіп, шағымданушы тараптың пайдасына шешіп беріпті.

Журналистердің қойған сұрақтарына сотталушылардың туыстары былай жауап берді:

С.Бопаева, Д.Бопаевтың анасы:

– Мен сөзімді ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың назарына, Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Қайрат Қожамжаровтың, ҚР Жоғарғы сотының Төрағасы Жақып Асанов мырзаның назарына арнаймын! Біз күнкөріс қамымен жүрген адамдармыз. 22 жылдан бері жалғызбасты анамын, Достанды жалғыз өзім өсірдім. Достанның әйелі, 3 баласы бар, үлкені биыл ғана мектепке барған. Жермен айналысатын, бидай, шемішке егеді, аздаған малына қарайды, ауылда одан басқа не бар? Мен өзім зейнеттегі адаммын, базарда кішкентай бутигім бар, ұсақ саудамен айналысам, тігінші болып істегем. Біздің қасымызда Садықовтар Үржар ауылының ең ықпалды, беделді адамдары деуіме болады. Мейрамханасы, саунасы, караокесі бар. Ерлан (Садықов) қазір Жоғарғы Прокуратурада қызмет етеді, беделдері де жүріп тұр. Бұлар соны пайдаланып, кішкене ғана төбелесті ушықтырып, балама 15 жыл, 6 ай кесіп берді.

Болат Қарсабаев, Б.Қарсабаевтың ағасы:

– Бауыржан өзі мүгедектік топтағы адам. Бір көзі жоқ. Өзі намаз оқиды. 4 баласы бар. Төртінші баласын өзі әлі көрген жоқ, 7 ай болды туғанына. Жай ғана араша түскені үшін 12 жыл түрмеде отыру деген бүкіл бір адамның ғана емес, оның отбасының быт-шытын шығарады ғой. Әділ шешім болатын шығар деп үміттенем.

Айдана Смағұлова, А.Аубакировтың туған қарындасы:

– Асланның ешкімі жоқ. Әкесі де, шешесі де. Тұл жетім. Менің қараушым болып жүрген. Есіктің қасында қарап тұрғаны үшін ғана 11 жыл 3 айға сотталғаны түсініксіз. Басында Садықовтың өзі оған (Аубакировқа) ешқандай шағымы жоқ екенін, сотта куәлік беріп, бостаттыратынын айтқан, бірақ, өзі келмеді.

Жанболат Әкежанов, адвокат:

– Облыстық сот үкім шығарарда біздің куәгерлер берген бірде бір жауапты негізге алған жоқ. Тек шағымданушылардың берген жауаптары негізінде ғана шешім шығара салды. Тіпті, кейбір куәгерлерді тыңдаған да жоқ. Бұл жерде бұл үшеуі ғана емес, 8 адам істі болып отыр. Істің басы-қасында болған 5 полиция қызметкері де міндеттерін дұрыс атқармаған деген желеумен қамауға алынған. Қазір 5-еуі де қызметтерінен босаған, оның 2-еуі зейнетке шығуға бірнеше ай ғана қалған қызметкерлер болатын. Олар болған жайттың бәрін айтып берді, бірақ, олар да ескерілмеді. Енді Жоғарғы сотқа арыз беріп отырмыз, Астанада өтеді. Сол кезде осының барлығы қайта қаралуына күш саламыз. Мен 20 жыл тергеуші болған адаммын, адвокат болғаныма да аз болған жоқ. Осы жылдар ішінде дәл осылай бір жақты жүргізілген іс көрмеппін.

Басын әкеп берген адамға 2 миллион теңге сыйақы тағайындалуы, 5 полиция қызметкерінің қудалануы да Астанада өтетін касациялық сотта қаралуға, айтылуға тиіс бір мәселе.

Ал, райларынан қайтып, шындықты айтамыз деп қайта куәлік беріп отырған екі қыздың бірі қылмыстық іс орын алған кезде кәмелеттік жасқа жетпепті. Сол себепті, аты-жөнін (Карина) өзгертіп жүрген. Г.Садықова бұл істі де жасырып, 17 жастағы Марданшина Натальяны жауап алуға әкелгенде қараушысы өзіммін деп көрсетіпті. Аппеляциялық сотта кері куәлік берсе де, бұл куәгерлердің айтқанының салмағы аздау болып тұрған көрінеді. Жәбірленуші тарап берген мәліметтегідей ешқандай мүліктің сынбағаны, сотталушылар тарапынан ешқандай қоқан-лоққының болмағанын, олардың мас болмағандарын айтады. Және, пышақты бірінші болып Садықовтың қолға алғанын да көрдім деп отыр екінші куәгер Арайлым Сарыбаева.

Касациялық сатыдағы істі қарау кезінде бәлкім, жаза жеңілдер. Адвокаттың айтуынша, бәрі дәлелденген жағдайда Бопаевқа мықтаса 5 жыл кесілу керек дейді. Ал, қасындағы 2 жігіт өздерінің не үшін сотталғандарын түсінбей отыр, олар босап шығу керек. Бірақ, Садықовтың дене жарақаты туралы анықтамасы жасанды түрде жазылғанын дәлелдей алса, Бопаевтың да босап шығуы, ең болмаса шартты жазаға кесілуі мүмкін екен.

Алмас Нүсіп, Алматы

Фотолар автордікі және profguide.ru

 

 

 

 

3 ПІКІРЛЕР

Comments are closed.