Қайым Мұхаметхановты танымай жатырмыз… «Нағыз ғұмырын киноға айналдыратын тұлға сол…»- депті бір бауырымыз. Жөн-ақ. Тұлғамызды дәріптейік! Кино түсірейік. Қазақ режиссері керек емес! Қазақтың ақшасы қайда шашылмай жатыр? Шетелден кинорежиссер шақыртайық. Басты рөлді — Қайым ағаның жастық шағын кім ойнайды? Кімі несі? Әрине, Санжар ойнайды! О, Санжар! Мың қыздың шырайлы түсінің ханзадасы — Санжар Мәдиев! Болды, сол ойнайды! Неге? Өйткені ол -әдемі! Ол — сымбатты! Қазақты біз шет елге сымбатты, крәсәпшік ретінде танытуымыз керек қой!
Міне, біздің кино туралы түсінігіміз!

"Амре" киносында  Әміре жоқ
Егер Қайым аға туралы фильм түсіру қазіргі жауапты орындарда талқылана қалса, мен әңгіме дәл осылай өрілеріне сенем!
Ешкім Санжар мен Қайым ағаның портреттік ұқсастығына, тіліне, ұстанымына, жест-мимикасына және басқа толып жатқан ауадай қажет ерекшеліктеріне пысқырып та қарамасына кәміл сенем! Кино жасаушылар да, оны орамалмен көз жасын сүртіп отырып қарайтын көрермен[қыздар да]дер де…портреттік ұқсастықта шаруасы болмайды! Өйткені… Өйткені… [ауыр сөз айтқым келмейді…] «бұл — кино» дейді олар! Кино не сонда, өтіріктің ордасы ма?
Белгілі бір тұлға жөнінде биографиялық фильм түсірген кезде ең бірінші ұстаным, бұлжымас ұстаным — ПОРТРЕТТІК ҰҚСАСТЫҚ болмақ! Сөзім құрғақ болмасын, әлемдік киноларды тізе кетейін: режиссер Ричард Аттенборо түсірген «Ганди», Милош Форманның Моцарт туралы «Амадей», даңқты Сокуровтың Гитлер, Ленин, император Хирохито өмірлерін өзек еткен «Молох», «Телец», «Солнце» атты фильмдеріндегі басты кейіпкерлерінің өмірдегі кейіпкерлеріне ұқсамағаны бар ма? Есенин, Поддубный туралы да дүниелері жарық көріп жатыр орыстардың. Сталиннің де экрандағы бейнелері жетерлік! Қайсысы ұқсамайды өз бейнесіне? Айтыңыздаршы? Тіпті, егіз түскен тамшыдай емес пе олар? Айнадағы суретіндей емес пе? Бізде неге олай емес?
Енді алысқа бармайын, көршілес мына қырғыз еліне қарайықшы?
Былтыр ғана біз секілді «ауылдағының ауызы сасық» деп далақтап шетелдік мамандардың етегіне жармаспай-ақ атақты манасшы Саяқбай Қаралаев туралы «Саяқбай» атты автобиографиялық фильм түсірді олар. [режиссері Э. Абжаппаров] Өмірдегі Саяқбайдан кинодағы бейнесі аусайшы? Тіпті, айнымайды! Ол фильмде Ш. Айтматовтың да бейнесі бар екен.

"Амре" киносында  Әміре жоқ

Ол да аумайды, құдды жас Айтматов тіріліп келді дерсің! [сөйтсем, оны Шыңғыстың бел баласы ойнаған екен ғой!]

"Амре" киносында  Әміре жоқ

Енді біздің «Амредегі» Мұстафа Шоқайдың бейнесіне назар аударыңыз? Өмірде Шоқайдың шашы болмаған десе де болады, ал кинода… Шашы бұрқырап жүр… Бұл не? Мазақ па? Ал егер, өмірде Мұстафа Шоқайдың шашы болған тұлға болса бар ғой, кинода, мүмкін, жылтыр бас біреуді ойната салар ма едік? Әлде, қайтер едік? Мына түрімізбен… істейміз оны… Керкеткенбіз ғой…
Әне, қырғыздар қандай! Сүйсінесің! [төменде Саяқбай мен Шыңғыстың кинодағы бейнесі мен өмірдегі бейнесі және біздің Әміре мен «Амренің» бейнесі берілді]
Ол фильмін ұлт болып ұйыған Қырғыз елі түгелге жуық көрді! Тұлғалары тіріліп келгендей түрегеп тұрып, көздері жасқа шыланып, тебіреніп қол соқты! Неге? ӨЙТКЕНІ ЭКРАННАН ТҰЛҒАЛАРДЫҢ ШЫНАЙЫ БЕЙНЕСІ ҚАРАП ТҰР ЕДІ! [Ал, біздің «Амреде» Әміре бар ма? Әміре жоқ қой? Санжар тұр ғой қыздардың жүрегіне шоқ тастап…

"Амре" киносында  Әміре жоқ

Санжардың Әміреге үш қайнаса, сорпасы қосылмайды ғой? Сонда бұл… Кім жайындағы туынды?] Әлемдік премьерасы да табысты өтті «Саяқбайдың»! Монреаль Халықаралық кинофестивалінде бас жүлдеге ие болды! Елі де сүйінген, әлем де сүйінген бір туынды болды! Несімен? Шынайылығымен! Ұлттық құндылық, тұрмыстық нюанстарын берік ұстануымен!
Ал біз ше?

"Амре" киносында  Әміре жоқ
Біз неге сөйтпейміз? Қазақ кино түсіру туралы хабары бар халық па өзі? Көрерменінде көз бар ма өзі? Неге «қыңқ» етпей көре береді?
Неге тұлғаларымызды қайта-қайта өлтіре береміз? Қыспаққа салып, сарсаңға орап бір өлтіреміз, бейнесін кинода екі өлтіреміз?
КИНОДА ҰЛТ ТҰЛҒАСЫНЫҢ ПОРТРЕТТІК ҰҚСАТЫҒЫН ЖОЮ — ҰРПАҚТЫҢ ЖАДЫН ЖОЮ!
Ұлттық жады жойылған ұрпақ — мәңгүрт! Одан бұдан кейін «шартты рефлекс» күтпей-ақ қойыңыз!
Ал басқа көптеген қазақ тұрмысына байланысты фильмдегі кемшіліктерді айтсам, «сіз де жылайсыз, мен де жылаймын…»
«Бұл шетелдіктерге арналған фильм»-депті бір інім… Онда шетелдіктерге арналған әдебиет неге жоқ? Онда шетелдіктерге арналған әдебиет те болу керек қой? Қазаққа арналған әдебиет бөлек, шетелге арналған әдебиетті бөлек жазайық! Керемет пе? Онда да дәл осы фильмдегідей өтірік тұнып тұрсын! «Жабықтың сыртынан басқұр ораған алабажақ [ақшаңқан емес] киіз үйлер…»-деп қисынсыз төпейік! Сөйтіп өтірікке малшынайық әбден! Қалай қарайсыздар?
Қазақты[тұлғаларымызды] экраннан өзіміз танымай абдырап қалып жатырмыз, шетелге немізді танытпақпыз?
Не істемек керек?

Данияр Саламаттың facebook.com желісіндегі жазбасы. Автордың рұқсатымен жарияланды. 

Фотолар әлеуметтік желіден алынды. 

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.