2016 жылы 24 сәуірде Атырауда жер мәселесіне қатысты өткен митингіден кейін «әлеуметтік араздық тудырды», «жалған ақпарат таратты» және «заңсыз митинг өткізді» деген айыптармен бес жылға сотталған белсенді Талғат Аянның жаза мерзімінің өтелмеген бөлігі бас бостандығын шектеу жазасына ауыстырылып, еркіндікке шығатын болды. Бұл туралы бізге Талғат Аянның әкесі әрі адвокаты Төлепқали АЯН хабарлады.

25 наурыз күні Талғат Аян жазасының қалған мерзімін жеңіл жазаға ауыстыру жөнінде өтініш түсірген. «13 сәуір күні оның өтінішін қараған Ақтөбе қалалық соты Талғат Аянның қалған жаза мерзімін жеңіл жаза түрі – бас бостандығын шектеуге ауыстырып, еркіндікке шығару туралы шешім шығарды, – дейді оның әкесі Төлепқали АЯН «Жас Алашқа» берген сұхбатында. – Қылмыстық кодекстің 73-бабына сәйкес, сотталушы жазасының кемінде төрттен бірін өтеген жағдайда жазаның қалған өтелмеген бөлігі жеңіл жазамен ауыстырыла алады«.

2016 жылдың сәуірінде Қазақстанның әртүрлі аймақтарында Жер кодексіне енгізілген даулы баптарға қатысты шерулер өткен еді. Атырауда өткен жер митингісінен кейін жергілікті белсенділер – Макс Боқаев пен Талғат Аянға қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша айып тағылып, қамауға алынған болатын. Екі белсенді де сотта өздеріне тағылған айыптарды мойындамай, саяси астармен қудаланғандарын ашық мәлімдеген. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Макс Боқаев пен Талғат Аянды ар-ождан тұтқындары деп танып, Қазақстан билігінен оларды босатуды талап еткен. Талғат Аян жаза мерзімін Ақтөбедегі К-168/2 колониясында өтеп жатқан болатын.

Зере ЖЫЛҚЫБЕК.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.