Қазақстанда саяси себеппен қамалған бірнеше тұтқынмен кездесіп, жағдайымен танысқан еуропалық миссия өкілдері Мұхтар Жәкішев бостандыққа шығуы тиіс, ал Ескендір Ерімбетов, Кенжебек Әбішев пен Алмат Жұмағұловтың бұлтартпау шарасы үйқамаққа ауыстырылуы керек деп есептейді. Қазақ билігіне осындай құлаққағыс жасаған еуропалық құқық қорғаушылар Қазақстанды қамау орындарында тұтқындарды ұстау жөніндегі халықаралық міндеттемелер мен БҰҰ-ның кейбір істер жөніндегі шешімдерін орындауға шақырды.

Польша парламентінің депутаты Марчин Свенцицкий мен Италияның адам құқықтары жөніндегі лигасының президенті Антонио Станго Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюроның жетекшісі Евгений Жовтис пен «Ар.Рух.Хақ» қоғамдық қорының төрайымы Бақытжан Төреғожинаның шақыртуымен Қазақстанға келген. Қамау орындарындағы саяси тұтқындармен жағдайымен танысқан олар Қазақстан билігі өкілдерімен де кездесіп, саяси себеппен қамалған бірнеше азаматтың мәселесін көтеріпті.

"Қазақстан саяси тұтқындар құқығын өрескел бұзады"

– Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Васильевтің ұйымдастыруымен ішкі істер министрінің орынбасары Рашид Жақыпов, бас прокурордың орынбасары Ерлік Кененбаев, сондай-ақ тергеуші Сергей Перовпен кездестік. Билік өкілдері сот жүйесіндегі реформалар, тұтқындарды қамау орындарында ұстау шарттары, адам құқықтарының ахуалы жөнінде презентация жасады. Біз жекелеген қылмыстық істер мен саяси тұтқындар жағдайын сөз еттік. Әсіресе, БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі шешіміне сәйкес, Мұхтар Жәкішев бостандыққа шығуы тиіс екенін айттық. БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі комитетінің шешімінде Жәкішевтің өзін-өзі қорғау құқығы қамтамасыз етілмегені жазылған. Бірақ БҰҰ комитетінің бұл шешімі орындалмады. Оның үстіне Жәкішев науқас, оның бұл сырқатын қамау мекемесінде емдеу мүмкін емес. Сондықтан Жәкішевке медициналық комиссиядан өтуге жағдай жасалуы тиіс. Бұл медициналық комиссия оған мүгедектік статусын беретін еді. Өз кезегінде ол мүгедек ретінде танылса, қамау мекемесінен мерзімінен бұрын босап шыға алар еді, – деді Польша сеймінің (парламент) депутаты Марчин СВЕНЦИЦКИЙ.

Сондай-ақ еуропалық тәуелсіз сарапшылар уақытша қамау абақтасына қамалғанына алты айдан асқан Ескендік ЕРІМБЕТОВ, Алмат ЖҰМАҒҰЛОВ пен Кенжебек ӘБІШЕВТІҢ бұлтартпау шарасы үйқамаққа өзгертілсе деген ұсыныс айтыпты.

Миссия өкілдері осы тұтқындардың әрқайсысымен кездесіп, жағдайымен танысқан. Еуродепутаттар Мұхтар Әблязовтің бұрынғы көмекшісі Ботагөз Жәрдемәлінің інісі, саяси себеппен қамалды делінген кәсіпкер Ескендір Ерімбетовпен тілдесіпті. Бұған дейін Е.Ерімбетовті азаптау фактісі бойынша арнайы прокурор тексеріс жүргізіп, азаптау фактісі болмағанын жария еткен еді. Алайда миссия өкілдері азаптау ісі қайта тексерілуі тиіс деп есептейді. Өйткені тексеріс жүргізген арнайы прокурор бұрын тергеу тобына қатысқан, ал бұл мүдделер қақтығысын тудырған болуы мүмкін. Оның үстіне Ерімбетов отбасы мен жеке бас қауіпсіздігіне алаңдап, прокурорға өзін бірге қамалғандар ұрып-соққанын айтудан қорыққан.

Алмат Жұмағұлов өзіне айып тағуға негіз болған видеоға түспегенін, оған еш қатысы жоғын айтты. Билікті төңкеруге шақырмағанын, тек бейбіт жиын өткізуді құптағанын жеткізді. Ал Кенжебек Әбішевтің әлгі видеоға қатысы жоғын растайтын куәлары бар. Оның үстіне жүрегі ауырады. Осыған байланысты медициналық тексерістен өткізіліп, бұлтартпау шарасы өзгертілсе дейміз. Сонымен қатар таяуда жүйке аурулары ауруханасына мәжбүрлеп жатқызылған танымал блогер Ардақ Әшімнің мәселесін де көтердік. Сот қолдан жасалған психиатриалық сараптама нәтижесіне сүйеніп, белсендіні күштеп емдеу жөнінде шешім шығарғанын айтқанымызда, ішкі істер министрінің орынбасары «егер бұл факт расталса, кінәлілер жауапқа тартылады» деп уәде етті, – дейді М.СВЕНЦИЦКИЙ.

Ал Антонио СТАНГО Қазақстанда кінәсіздік презумпциясы толық сақталмайтынына қынжылыс білдірді.

"Қазақстан саяси тұтқындар құқығын өрескел бұзады"

Әбішев пен Жұмағұловқа ауыр айып тағу үшін фактілер жеткіліксіз болып көрінді. Бірақ презентацияда оларды кінәлі етіп көрсеткен. Бұл мүлде сенім ұялатпайтын презентация болды. Ол азаматтардың белгілі бір идеясы болуы мүмкін. Бірақ ол идеяны ұстану бір бөлек те, оны іске асыру мүлде басқа нәрсе. Сондықтан мұның ақ-қарасы анықталғанға дейін азаматтар кінәсіз болып есептелуі тиіс, – дейді А.СТАНГО.

Миссия өкілдері Қазақстандағы үш күндік сапар бойынша есебін Еуропарламентке ұсынбақ. Сонымен қатар билік өкілдері жалаң мәлімдемелермен шектелмей, халықаралық міндеттемелерін сақтауда сөзден іске көшса деген үміттерін жеткізді.

Зере ЖЫЛҚЫБЕК.

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.