Президент Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты мақаласы жарық көргелі бір  жылдың жүзі болды. Мемлекет басшысының әр сөзін қалт жібермей түнде түсінде көріп, күндіз ойында сақтап жүретін атқамінер атаулыға онда айтылған жайларды екшеп, не істеу керектігін іліп әкету қиын болған жоқ. Іле-шала арнайы логотипі жасалып, бұрыш айналсаң алдыңнан жарқырай көрініп тұратын болды.

Әрине, отарлық санадан арылып, ұлттың жоғын түгендеуге президенттің «Рухани жаңғыруға» шақырғаны жақсы түрткі болды. Әсіресе, тағдырлары тар заманға тап келген Алаш қайраткерлерінің атқарған ісін насихаттап, қалдырған мұрасын дәріптеуде жер-жерде жақсы бастамалар жүзеге асып жұртты бір қуантқаны рас. Алайда, елді серпілткен «Рухани жаңғырудың» кейбір ұраншыл шенеуніктердің шалағай тірлігінің салдарынан қадірін жоғалтып тұрғаны да шындық. Назарбаевтың осы тұрғыда ұсақ-түйек шараларды да «Рухани жаңғырудың» аясына әкеп тығатын атқамінерлердің ісіне кейігенін де көрдік.

Алаш қаласы плакаттармен «рухани жаңғырды»

Басқа басқа қазақ үшін Алаштың астанасы саналатын Семейдегі «Рухани жаңғырудың» «Әжептәуір ән еді, пұшық шіркін қор қылдының» керінде тұрғанын жасыруға болмас. Өткен жылы қаланың оң жақ бөлігіндегі Абай көшесіне Әлихан Бөкейханның көрнекі суреті мен «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деген тамаша сөзі ілінгенде қалалық әкімдіктің ішкі саясат бөлімінің қадамдарына ел сүйсінген болатын. Тек Әлиханмен шектелмей Абайдың, Сұлтанмахмұттың, Мағжанның тағы да басқа ұлт тұлғаларының бейнесі мен нақыл сөздері басты көшеге көрік беріп, жақсы әсер қалдыра бастады. Оны қойып қалалық әкімдіктің айналасының өзі ұлт тұлғаларының бейнесі мен сөздерінен «көз аша алмай» қалғанын көргенде, орысқұлдықтан арылған ұлттық рух оралғандай арқаланғанымыз рас еді. Әкімдік ғимаратының алдындағы бағаналардан бос тұрған бірі қалмай «Рухани жаңғырудың» тіреуіне айналып шыға келгенде қалайша қуанбассың енді?!..

Алаш қаласы плакаттармен «рухани жаңғырды»

Сөйтсек, мұның бәрі көз алдау екен. Ертістің оң  жақ қапталындағы бағана атаулыға «Рухани жаңғырудың» белгілерін жаңбырша жаудырған қала билігі сол жағалауға келгенде сараңдық танытты. Аспалы көпір арқылы сол жағалауға өткенде ары қарайғы көлік жолы екіге айырылады. Сол жағы Жаңақұрылыс ауданына жетелей жөнелсе, оң жағы Глинки көшесін бойлай жалғасатын Цемпоселок кентіне апарады. Міне, қаланың осы екі үлкен ауданында әлгінде ғана оң жағалаудан көрген Алаш қайраткерлерінің бейнесі мен сөзіне тәнті болған тамаша әсер ізім ғайым жоғалады. Әсіресе, 1926 жылға дейін «Алаш қаласы» аталған қазіргі Әуезов даңғылы бойындағы Жаңасемей бөлігінің тарихи маңызына мән берілмегені қатты қынжылтады.

-Расы керек, бұл ауданға Алаш қайраткерлерінің атын асқақтатып тұратын елеулі тарихи ескерткіш ауадай қажет. Өкінішке қарай, бұл  маңда Әуезов ескерткішінен басқа іліп алар ештеңе көрінбейді. Ал Алаш үкіметін құрған ұлт тұлғалары негізінен осы жақта бас қосты. 1916 жылы Алаш қаласының бас жоспарында қазіргі Бозтаев көшесі орынында ертеректе Алашорда көшесі болғаны көрсетілген. Алашорда үкіметінің жұмысын жандандыруда Қаражан Үкібаев дейтін ауқатты адамның алатын орны айрықша. Мысалы, оның бір үйі қазіргі Семей геодезия және  топографиялық колледжі аумағында, енді бір үйі «Океан» базары тұрған жерде орналасқан екен. Міне, осы Алашорда көшесіндегі Үкібаевтың үйлерінде 1918-1919 жылдары Алаш қоғамдық басқармасы, Семей уездік Земство басқармасы сияқты кеңселер өз уақытында қызметін  жүргізген. Одан өзге он бөлмелі үйін берген Әбдірахман байдың Алаш арыстарына көрсеткен құррметі де елеусіз қалып келеді. Егер бұл  тұрғыда Ахат Шәкәрімұлының және тағы да бірқатар архивтік құжаттарға назар аударатын  болсақ, Жаңасемей бөлігінің қала тарихында үлкен рөл атқаратынын ұғынар едік,- дейді алаштанушы –журналист Мұрат Кенемолдин.

Өкінішке қарай, жергілікті атқамінерлердің Алашты ұғынып қадірлеуі «Рухани жаңғыру» аясындағы логотиптерді қоса жапсырудан ары аспай жатқанда жақын арада сол жағалаудың «жаңғыра» қоюы екіталай болып тұр. Семей қалалық ішкі саясат бөлімі басшысының орынбасары Айбек Саматтың айтуынша, сол жағалауға Алаш қайраткерлерінің бейнесі мен сөздерін ілуге былтыр қаражат жетпей қалыпты. Оның үстіне бағаналардың орналастырылуын да қарастыру қажет көрінеді. Әзірге ауданға кіре беріс тұстағы Қайым Мұхамедхановтың бейнесі мен сөзі менмұндалап тұрған баннерден басқа ауыз толтырып айтарлық белгі байқалмайды. Ал Жаңақұрылыс ауданындағы қала тұрғындары Семейді көріктендіру бағытындағы жұмыстардың тек қана оң жағалауда ғана жүргізілетінін, сол жағалаудың үнемі тоқалдан туған баланың кейпінде қалып бара жатқанын қынжыла айтады. Соның бір дәлелі де осы: «Алаш қаласы» аталған ауданда Алашты еске түсірер ескерткіш тұрмақ, ұлт қайраткерлерінің не бейнесі, не бір ауыз қанатты сөзі жоқ. Есесіне Семейдің әкімдігі аспалы көпірдің маңдайшасына «Менің елім – менің президентім» деген авторы белгісіз «қанатты сөзді» қадап, (бұл қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Айдар Садырбаев сияқты «жаңаша ойлайтын» жас шенеуніктердің ойлап тапқаны болса керек- авт) айды аспанға шығарып отыр.

Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Семей

 

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.