Керекуде қыстың қақаған аязында қоқыс жәшігінен табылған бөбекке алғашқы құжат берілді. Тастанды сәбиге туу туралы куәлік жасатқан атқамінерлер оған Дамир ДҮЙСЕНБЕК деген есім берді. Бұлай деулеріне оның биыл қаңтарда дүйсенбі күні табылуы себеп болған. Аязда бір сағаттай жатып, жаурап қалған балаға алғаш көмек көрсеткен дәрігерлер оған Дүйсенбек тегін берсе, кейін балалар үйінің қызметкерлері оны Дамир дап атауды ұйғарыпты. Бүгінге дейін арнайы мекемеде осы есіммен тіркеліп келген ер балаға бүгін алғашқы құжат берілді.

— Бүгін міне бұл бала да құжат алып, ресми түрде ел азаматтарының қатарына қосылды. Бірақ, бұл сәби  жетім а және ата-ана қарауынсыз калған балалардың сайтына тіркелген жоқ. Өйткені, әлі де іздестіру жұмыстары жалғасуда. Осы іздесіру жұмыстары біткен кезде бұл сайтқа баланы енгіземіз. Сол сайтқа кіргеннен кейін бала бір отбасына барады деген сенімдеміз,-дейді Павлодар облыстық мамандандырылған бабалар үйі бас дәрігерінің міндетін атқарушы Сандуғаш СМАҒҰЛОВА.

Арнайы мекемедегі бала күтушілердің айтуынша, кішкентай Дамир сәуірдің 22-ші жұлдызында 3 айға толады. Бастапқыда мұнда 3 келі болып түскен ер баланың салмағы қазір 6 келіге жуықтап қалған. Естеріңізге салсақ , жаңа туған сәбиді қаңтардың 29-ы күні павлодарлық Назира ОМАРОВА қоқыс жәшігінен аңғарып, бұл туралы полицияға хабарлаған болатын. Қақаған аязда бір сағаттай жатып қалған бөбек бұдан кейін ауруханаға жеткізілді. Ал туған баласын қоқысқа тастай салған көкек анаға іздеу жарияланған еді. Бірақ, тәртіп сақшылары әзірге оны еш жерден таппай отыр. Іздеу шаралары еш нәтиже бермеген жағдайда, сәби асырап алуға ниет білдірген жандарға берілуі  мүмкін.

Әйгерім Жетпісова, Павлодар

Фото автордікі

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.