Жамбыл облысы Шу аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Самат СЕЙДАХМЕТОВ жергілікті шаруаларға берілуі тиіс субсидияның қомақты қаржысын өзінің жақын туыстарына беріп келген. Ол 2014-2016 жылдар аралығында «Бектібай», «Бектібай -1», «Самат» және «Еркін» шаруа қожалықтарына «жанар-жағар май шығындарына» деп жалпы сомасы 159 миллион 910 мың теңге субсидия бөлген. Шу ауданы бойынша ең ірі субсидия алған бұл шаруа қожалықтарының басшылары Самат Сейдахметовтың ағасы, әйелі, баласы және келіні екен. Яғни, жергілікті шаруаларға бөліп берілуі тиіс 160 миллионға жуық қаржының қызығын  шенеуніктің отбасы көрген.

Өз кезегінде жүйелі түрде мемлекеттік қызметшіге қойылған шектеулерді бұза отырып, аталған шаруа қожалықтарының субсидия алуға ұсынылған өтінімдерін өзі қараған С.Сейдахметов ведомствоаралық комиссия төрағасының орынбасары ретінде жиынтық актілерге қол қойып келген.

Қазіргі таңда «Судың да сұрауы бар» екенін қаперге алмай, субсидияны «батпан құйрық» көріп келген шулық шенеунік қызметінен босатылып, үстінен қылмыстық іс қозғалып жатыр.

Нұрболат ӘЛДИБЕК, Жамбыл облысы

Фото:http:agroinfo.kz 

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.