Осы аптада мәжілісте өткен жалпы отырыста депутат Сергей Звольский қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұловқа сұрақ қойды. Сұрақты депутат қойғанымен әңгіме негізінен министр Б. Атамқұлов пен мәжіліс төрағасы Н. Нығматулиннің арасында өрбіді.

— Қазақстан жерін ғарыштан суретке түсіру жұмыстарына ауылшаруашылығы министрлігі жыл сайын 600 миллион теңге жұмсайды, — деді депутат С. Звольский. — Сондықтан олар осы мақсат үшін үш жылға 1 миллиард 800 мың теңге жоспарлап қойған. Дегенменде ғарыштан түсірілген бұл суреттердің сапасы көңіл көншітпейді. 2017 жылы осынау түсірілген суреттердің 75 пайызы жарамсыз деп табылған. Сондықтан ауылшаруашылығы министрлігі олардың қызметінен бас тартқалы отыр. Дегенменде сапасыз жұмыстарға осыншама қаржыны жоспарлаудың не қажеті бар еді?

— Бұл өте дұрыс қойылған сұрақ, — деп жауап қатты министр Б. Атамқұлов. — Сапасыздықтың басты себебі – осыған дейін ұсынылған суреттердің техникалық шешімі табылмағандықтан… Бүгінгі күні ауылшаруашылығы министрлігінің 34 тапсырмасын шешіп отырмыз. Бұл мәселе үнемі көтеріледі. Биыл суреттердің сапасын жақсартудың жолдарын қарастырып жатырмыз. Кадрларымызды оқытудамыз. Бұл жерде негізінен техникалық мәселелер… Сондықтан бұл сұрақты күн тәртібінен алыс тастау керек шығар, Нұрлан Зайроллаұлы…

— Бейбіт Бәкірұлы, сіздер сапалы суретпен қамтамасыз етесіздер ме, жоқ па? — деп Н.Нығматулин министрге сұрақ қойды.

— Қамтамасыз етеміз…

— Қараңызшы… Ауылшаруашылығы министрлігі дұрыс мәселе көтеріп отыр. Олар ақша төлейді. Бірақ, 2017 жылы түсірілген суреттердің 75 пайызы жарамсыз болып шыққан. Бұл сұраққа сіздің мамандарыңыз «Әрине, аз-маз ауытқушылық болған. Бірақ, бұлт, шегіртке, жерді жауып қалған қар кедергі болды» деген. Сонда қалай? Аспанда бұлт үнемі болады. Шегіртке шабуылы да жиі болып тұрады. Қар өз мезгілі келгенде жауады. Сонда бұл ақталумен сіздер не айтпақшысыздар? Бұл мемлекет қаржысы ғой. Сізге тапсырыс берілді. Жалпы бұл жұмысты кім қабылдап алады? Аграршылар үшін түсірілген суреттердің 75 пайызы жарамсыз деп табылған, түсінесіз бе?..

— Нұрлан Зайроллаұлы, бұл жерде техникалық шешімдер жасау қажет. Спутниктің де мүмкіндігі туралы айтсақ… Бізде электронды-талшықты спутниктер. Осындай 2 спутник күн ашық кезде суреттер түсіреді. Ауылшаруашылығы министрлігінің тапсырыстарын орындау үшін біз 9 елдің спутниктерімен келісім-шартқа қол қойдық. Біз бір-бірімізбен суреттер алмасып отырамыз.

— Сурет алмасасыздар ма, жоқ, өздеріңіз түсерісіздер ме, сіздер ауылшаруашылығы министрлігінің тапсырысын орындасаңыздаршы…

— Орындаймыз.

— Бұл іске 2 миллиардқа жуық қаржы бөлінуде. Алдағы уақытта бұл мәселені тағы қарау керек. Егер ауылшаруашылығы министрлігі сіздердің жұмыстарыңызды тағы да жарамсыз деп табатын болса, онда басқаларға тапсырыс берейік. Бұл мемлекеттің қаржысы емес пе?

— Қамтамасыз етеміз. Сосын біздің суреттердің бағасы шетелдік спутниктер түсіретін суреттерге қарағанда бірнеше есе арзан…

Министрдің бұл уәжі депутаттардың күлкісін келтірді. Залдағылар дуылдап кетті. Нығматулинның өзі де күлкісін тыя алмай:

— Сіз қазір министр сияқты емес, атақты «Алай» базарының белсенді «саудагері» сияқты сөйледіңіз… Менің тауарым да тура сондай, бірақ, бағасы арзан деген сияқты, — деді.

Оралхан Дәуіт, Астана

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.