Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың Шығыс Қазақстанға жұмыс сапары жоспарда бар болғанымен, қай күні келетіні әлі белгісіз. Қашанда дабырасы басым  «Дөкей келе жатыр» дегенде «о, кэй» деп жанталаса жүгіретін жергілікті шенеуніктердің «тойға дайындығы» да аса байқалмайды. Дегенмен, адамдары су тасқынының салдарынан бірі тұншығып, бірі бірінің үстіне бірі шығып шырқырап жатқанда Астананың төрінен бақылап отырған Бақытжан Әбдірұлының болары болып, бояуы сіңгенде барып келуге қамданғаны қызық болып тұр. Аякөзден басталған тасқын судың әлегі артынша Семей, Глубокое, Шемонаиха, Зырян аудандарының тұрғындарын титықтатып, тыныш жүріп жатқан тіршіліктерін тас-талқан еткелі бір айдан асты. Содан бері жағдайды сырттан қараған Сағынтаевтың сапарына жұрт онша елеңдеп отырған жоқ.

Суға батқан өңірлердің хал-ахуалы қандай екенін наурыз айының соңына таман Үкімет отырысына барғанында ШҚО әкімі Даниал Ахметов жасырмай айтты. Алғаш Аякөз бен Глубокое, Шемоноиха ауданына іле-шала барып «бәрін тауып береміз, ақша да, баспана да бәріне көмектесеміз» деп халқын жұбатқан Ахметов кейіннен Үкімет басшысы Сағынтаевтың алдына келіп, өзінен көмек сұрағаны есте. Төтенше жағдай орнағанда қажетті техникалардың тапшылығы мен кейбірінің атымен жоқтығын да облыс әкімінің өз аузынан естігенін ешкім ұмытпаған болар. ШҚО ТЖД –де 249 көшпелі мотопомпаның тек 55-і, 69 қайықтың 14-і, 1 мың гидрокомбинезонның 86-сы бар болса, 55 жол талғамайтын көліктің бірде біреуі Шығысқа бұйырмағандығын айтқан Даниал Кенжетайұлының «Бәке, енді бір мүмкіндік жасаңызшы» деп қиылғаны да күні кеше ғана.

Басқа аймақ басшыларына қарағанда Д. Ахметовтың білдей үкімет басшысын «Бәке, енді…» деп өзімсіне сөз алып өзіне тартқаны міне, бекер кеткен жоқ: Бәкесі – Бақытжан Сағынтаев келе жатыр. Бірақ, бүтінделген тірлік, түгенделген ештеңе жоқ әзір. Жергілікті атқарушы биліктің құрғақ уәдесі мен алдамшы сөзінен мезі болғандардың қарасы көбеймесе, азаяр емес. Әсіресе, Семейде…

Ертіс өзенінің үстіне шамадан тыс қатқан мұзды мезгілінен  кеш жарғанымен қоймай, оң жағалаудағы көп қабатты үйлердің терезе-балконын ұшырып жіберіп, сол жағалаудағы Бобровка саяжайлы аймағында тұратындарды баспанасынан айырған Семейдің әкімдігіне халықтың қазір сенімі жоқ. Ертіс өзенінің оң жағалауындағы Сәтбаев көшесіндегі 85 үйде тұратын зейнеткер Күлшат анамыздың сөзінен-ақ талай жайды ұғуға болады.

«Жаңалықты күнделікті көріп отырамын. Әсіресе, бізге қатысты бір жақсылық бар ма деп. Даниал Ахметов кеше ғана теледидардан Семейдегі Сәтбаев көшесіндегі көп қабатты үйлер түгел жөнделді деп неге өтірік айтады? Әлде оған семейлік шенеуніктер өтірік мәлімет беріп соған сенді ме, түсіне алмадым. Мысалы мен балкон терезесін «Комфорт» фирмасы арқылы 8 мың теңгеге өз ақшама жөндедім. Жалпы шығын 68 мың теңгеге шықты. Оған зейнетақыға қарап отырған менде ақша қайдан болсын? Жатын бөлмемнің терезесі аңғал-саңғал ашық күйінде әлі тұр. Жасым 60-қа таяды. Денсаулығым да мәз емес. Бәрін жарылқайтынын айтып кеткен әкімдіктен әлі хабар жоқ. Ең күйінетінім, тыныш отырған жерімізден мұз үстіне жарылыс жасап, есік-тереземізді қиратып кеткен әкімдіктің жөндеу жұмыстарын, қажетті төлемдерді қашан, қалай аударатыныдығын нақты айта алмағанымен қоймай, сөзімізді тыңдауға салғырт қарайтыны»,-дейді Күлшат Молдатиянова.

Тұрғындардың сөзінен байқалатыны жергілікті атқарушы билік мезгілінен кеш жасаған жарылысының зардабынан жұрттың зар илеп отырғанын сезінуге құлқы жоқ. Ал о баста Шүлбі ГЭС-інің қалалық әкімдікке ескертпестен Ертіс өзеніне су қаптатып жібергенін айтқан Семейдің әкімі Е, Сәлімовтің сөзінің де қаншалықты рас екенін бір Алла біледі. Өйткені, ҚР Ауылшарушалығы министрлігіне қарасты Су комитетінің төрағасы Ислам Әбішев 27 және 29 наурызда қала әкімдігіне екі рет ескерту хат жолданғанын БАҚ өкілдеріне айтқан болатын. Айтпақшы, Сәлімовтің журналистермен келген шығын туралы өткізбек болған брифингі де со күйі тым-тырыс қалды. Сірә, өтірігі ашылып қалуынан сескеніп жүрген секілді…

О баста сөзіміздің басында айтқан премьер Б. Сағынтаевтың Шығысқа, соның ішінде Семейге сапарының қала тұрғындарын қаншалықты қуантатынын қайдам, көптің көкейінде жергілікті шенділер «өтірікті шындай, ақсақты тыңдай» етіп көрсететін шындықтан алыс мәліметтеріне сеніп, өзінің көңілі көтеріліп аттана ма? деген күдік басым.

Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Шығыс Қазақстан облысы

Фото:sputniknews.kz

 

 

 

 

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.