Оңтүстік Қазақстан облысының шаруалары сәуір болса да субсидияларын ала алмай отыр. Ала алмағаны былай тұрсын, ауыл шаруашылығы тауарөндірушілерін қолдауға арналған субсидияның биыл берілетіні, не берілмейтіні белгісіз күйде. Тіпті бұл жағынан облыс әкімдігіндегі ауыл шаруашылығына жауапты басшылар да бейхабар.

Қоғамдық кеңес отырысында сөз алған облыстық мәслихат депутаты Нұралы ӘБІШЕВТІҢ айтуынша, сәуір болса да мақтаралдық шаруалар әлі субсидия алмаған. Сол себепті кейбіреулері егінін еге алмаған. Шаруаларға қаржылай қолдау көрсетіп келген «Даму» қорында да  биыл ақша жоқ. Ондағылар қаржы тек тамызда болады дегенді айтыпты.

-Елбасы «Ауыл шаруашылығын экономиканың драйверіне айналдыру керек» деп жатыр. Жылдың төрт айы өтіп кетті. Субсидия қашан беріледі,-деді Н.Әбішев.

Бұл сауалға жауап берген облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік ТҰРБЕКОВТЫҢ айтқанын түсінгеніміз биыл субсидия төлеудің тәртібіне өзгерістер енгізіледі. Әлі күнге дейін субсидияның берудің негіздемесі, ережесі бекітілмеген. Биылғы талап басқаша. Субсидия енді баяғыдай жаппай берілмеуі мүмкін. Одан Ауыл шаруашылығы министрлігінің қойған талаптарына жауап бергендер ғана үміт арта алады. Әзірге облыста субсидия тыңайтқыш пен жанар жағармай үшін төленіп жатыр.

Алайда облыста шаруалар тыңайтқышқа бөлінген субсидияны да толық ала алмай отыр. Себебі ол биылдан бастап электронды карта арқылы берілуде.

-Электронды картаны мен ойлап тапқан жоқпын, ол Елбасының тапсырмасы.  Цифрландырудан толық өтуіміз керек,- деген С.Тұрбеков жиналғандарға қазіргі уақытта тыңайтқыш бойынша Мақтаарал ауданы бойынша субсидияның берілуі 26,5 пайызды ғана құрап отырғанын жеткізді.  Яғни тыңайтқышқа субсидияны мақтаралдық шаруалардың төрттен бірі ғана алды деген сөз. 1 шілдеден бастап шаруаларға жеңілдетілген жанар-жағармай да электронды картамен берілмек.

Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ, ОҚО

Фото:24.kz

 

 

Алматы қаласы туралы жаңалық оқу

Comments are closed.