Әбдіқалықованы отставкаға жібереміз бе?

Нұр-Қасым ЖОМАРТ

19.01.2021, 09:05

20147

Әлеуметтік желілерде Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың отставкаға кетуін талап еткен наразы жазбалар көбейді. Онда өңірдің өткен жылғы экономикалық көрсеткіштерінің төмен түсіп кеткені, әкімнің іскерлігі мен аймақты басқаруға тәжірибесінің жоқтығы сын таразысына салынуда. Екіұдайға ұласқан пікірлерді назарларыңызға ұсына отырып, ойлы оқырмандардан өңірге қатысты өзге де маңызды толғамдар күтеміз.

Егемен еліміздің тарихында алғаш рет нәзік жанды әкім атанды және де басшылық қызметі ауыр да сындарлы кезеңге тап келді. Індеттен сансыраған экономика мен халықтың әлеуметтік қиыншылықтары алғаш рет ел басқарып отырған әйел адамға ауыр тигені жасырын емес. Келгеніне жыл толмаса да, қордаланған проблемаларды қопарып тастау әйел әкім түгіл, тісқаққан азаматтардың да қолынан келе қоюы екіталай. Дегенмен оңтүстік өңірлерде қанша жерден гендерлік саясат дегенмен, әйел затының екінші орында тұруы қалыпты жағдай. Сондықтан Әбдіқалықованы қаншалықты Сыр өңірінің тумасы дегенімен, биліктен бөлек, жергілікті халықтың өзі тосырқап қабылдағаны рас.

Сонымен, желінің «желінін» сыздатқан пікірлерге орын берсек. Зейнет жасына дейін бірқатар аудандарды басқарған қоғам қайраткері Ибрагим Әбибуллаев бүй дейді. «Әжептеуір өңір еді, енді барлық көрсеткіштерден елдің ең соңында қалғанымызға кім жауапты? Ауыл шаруашылығының көрсеткіші де шындыққа жанасып тұрмағаны белгілі. Бәрі өтірік. Облыстың жағдайынан мүлдем хабарсыз облыс әкімі өзімен ала келген командасының қауқарсыздығымен, уақытын елдің шаруасын басқарудың орнына көше, бюст ашып, құттықтаулардан қолы босамай, сенат, мәжіліс кандидаттарымен арпалысумен өткізді. Облыстың жағдайын оңалтуға шамаңыз келмейтініңізге көзі жеткен «Ардагерлер дауысы» қоғамдық бірлестігінің басым көпшілігі өңірімізді онан сайын құлдыратпай тұрғаныңызда, Гүлшара Наушақызы, командаңызбен отставкаға кеткеніңізді талап етеміз! Мынадай деңгейге құлдыратқан облыс әкімі мен оның командасында ешқандай моральдық, азаматтық құқық жоқ, әрі қарай қызмет атқаруға! Жетер!» – деп жазба қалдырды «Ардагерлер дауысы» ҚБ төрағасының орынбасары Ибрагим Әбибуллаев.

Атап кетер жайт, бірлестіктің мақсаты азаматтық қоғамның аймақта орын алып жатқан, күн тәртібінде тұрған алуан түрлі өзекті оқиғалары мен бұрыннан қордаланып, қалыптасып қалған төзбестік жағдайлары туралы көзқарастары мен пікірлерін тиісті орындар мен көпшілікке жеткізіп тұру болып табылады. Бұлардың ішінде аймақ тұрғындарын күнделікті алаңдатып, толғандырып жүрген жағдаяттардан бастап, өңірдің бүгіні мен болашағы үшін орны мен маңызы айрықша зор, кең ауқымды мәселелер бар.

Бұл пікірге өзіндік көзқарасы бар танымал қоғам қайраткері Болат Нұрқожаев та ойын қоса кетті. «Облыс әкімінің отставкаға кетуін талап етіп жатыр екен. Объективті қарасақ, кеше келген әкім экономиканы бірден көтеріп жібереді деу қисынсыз, олай болған жағдайда ол әкімді елімізде теңдесі жоқ реформатор я болмаса цифрлардың мықты манипуляторы деуге болар еді», – дейді.

   «Жалпы, Қызылорда облысы өндірісі мен кәсіпкерлігі дамымай қалған облыстар қатарында. Ал оның себебі кәсіпкерлікті осы кезге дейін тұншықтырып келген сыбайлас жемқорлық, қызметке ағайын-туысын сүйрелеу, өршіп тұрған жершілдік пен рушылдық екенін бәріміз білеміз, ол енді орта буынға жұққан. Кез келген сауда орталығы, ірі бизнес, тіпті мойка мен СТО артын қарасаң, ірілі-ұсақты шенеуніктің құлағы қылтиғанын көресіз.

Жемқорлық пен сыбайластықтың ең үлкен мінберден төменіне дейін жалғасқанын, оған жас-кәрісі, бәрі араласып, бірігіп, ұрпақ болашағына балта шапқанын, сондықтан сайлауға жастардың мүлдем қатыспағанын кешегі сайлау дәлелдеп берді. Ал бюджет, ол қаржы, ол жүрген жерге тек жемқор жүйеде ғана өзге көз бен құлақ керек емес. Жалғандық, қоғамға әдемі көрінгенмен, ішінде жылан жатқан талайды көрдім, сол өз өлшемімен олар өзгені де солай көреді, көріп жүр. Өйткені адал пиғыл, адал нан табу олар үшін мүмкін емес нәрсе. Бұл өзгере ма? Меніңше, өзгермейді, осы кеткені кеткен, бүлдіру оңай, түзеу қиын. Түзеу үшін бұл жаққа сырттан кемі 25-30 білікті, тәуелсіз адам әкелу керек, бірақ олардың да сырттан қолдауы, ешкімге алаңдамайтын жағдайы болу керек. Ал ол Қазақстанның өзінде саусақпен санарлық. Сондықтан осы кеткені – кеткен.

Бірақ өзіңді-өзің алдай алмайсың. Алдайтын да жоқ емес. Алдайтындардың да іші өз әрекетін біледі, бірақ оны өзге білмейді дейтін қу пиғылы бар. Ал егер оны біреу біліп бетіне басса, ол оған енді жау. Ең сорақысы, оны түсініп, анықтап, шындығын білейінші деп жатқан ел жоқ. Сондықтан да бұл өңірде осылай болып тұр», – деп тоқтам жасайды.

Бұл уәжге танымал журналист Айткүл Шалғынбаеваның айтары басқаша шықты. «Бір жыл ішінде облыстың экономикасы құлдыраса, себебі белгілі. Індет кезінде қара халықты асырап отырған шағын кәсіпкерлік 6-7 ай тоқтап қалды емес пе? Ірі мұнай компаниялары мен кәсіпорындар жұмысының да тоқтағаны экономикаға соққы болғаны шындық. Сондықтан экономика әлсіресе, оның салдары мен себебі әкімнің біліксіздігі десек, ел ағасының жүгін арқалаған әкім қызымызға қиянат болады. Ал идеология жоқ. Идеология жоқ болғандықтан, көрші елдер жерімізге көз тігіп, өз басылымдарымен санамызды улап, өз идеологияларын тықпалап отыр. Сондықтан ақ сақалды ағаларымыз осы идеология бағытында, жастар мен ұрпақ тәрбиесі бағытында жұмыс істесе, сол пайда болар еді», – деп түйіндеді ойын журналист.

Аймақта бетің бар, жүзің бар демейтін блогер-журналист болса, ол –  Үйтолған Жареке. Оның да пост авторы Ибрагим Әбибуллаев мырзаға айтатыны бар болып шықты. «Біздің қазіргі ел ағасы деп жүрген кейбір үлкендеріміз қара басының қамы үшін қаймананың мүддесін жығып бере салады. Мәселен, Ибрагим Сражадинұлы, облыстың бүгінгі әлеуметтік-экономикалық ахуалына талдау жасап, барлық көрсеткіштер бойынша біздің республикада ең соңында тұралап қалғанымызды, ең бастысы, ауыл шаруашылығының көрсеткіштері шындыққа жанаспайтынын айтыпсыз. Енді сіз тыңдаңыз.

Табиғи заңдылық бойынша экономика бір жылда алға баспайды немесе бір жыл ішінде құлдырамайды, тәуір экономика жылдар бойы қалыптасқан еңбектің жемісі болып табылады. Айталық, Қызылорда облысы өңірлік жалпы көрсеткіштер бойынша Қазақстанда соңғы орындардың бірінде екенін жасырғымыз келмейді. Өңірлік өнім дегеніңіз, барлық экономикалық көрсеткіштердің жиынтығы, олар осыдан 10-20, тіпті 30 жыл бұрын да сондай еді. 80-жылдардың соңында облыста мұнай кені ашылып, жағдайымыз біршама жақсарды. Кейін әлемдегі әртүрлі дағдарыс салдарынан тау-кен өндірісінің тынысы тарылды. Қысқасы, облысты басқарғанына бар-жоғы сегіз ай болған Гүлшара Әбдіқалықованы аймақты құлдыратты дегеніңіз мүлдем ақылға сыйымсыз. Егер Сыр өңірінің өңірлік өнім бойынша Қазақстанда соңғы қатарда болуына, біз айтар едік, осыған дейін елді басқарған әкімдердің, соның ішінде сіздің де үлесіңіз бар. Сол сияқты ауыл шаруашылығындағы цифрларды қосып жазу бір күнде, яғни кеше пайда болған жоқ. Осы келеңсіздікті өмірге енгізуге сіздің де қатысыңыз болды.

Облыста проблема жеткілікті. Сіздің бас-көз жоқ, «отставкаға кет» деуіңіз – тіске жұмсақты басқанмен бірдей. Мықты екенсіз, сегіз жыл мысымен де, сұсымен де шыбын ұшырмаған Көшербаевқа неге ештеңе демедіңіз? Ол кезде де осындай көрсеткіш болды ғой. Әлде сіздің айтқаныңызға көніп, айдауыңызға жүрмеген аймақ басшысын осылай тұқыртам дейсіз бе? Қызыңызды мәжілісмен қылмады деген қыжылдың ішіңізді қыздырып тұрғанын білеміз. Не деген өзімшілдік? Өмір бойы билікте болдыңыз, өзіңіз сол шекпеннен шықтыңыз. Зейнетке шығып алып та, жеке мүддені ойлап қояр емессіз. Сізден басқа қазақ ұл-қыз тудырмап па? Арасында халықты да ойлаңыз. Сіз Құдайдың жалғызы емессіз!» – дейді Үйтолған қарындас.

Қаншама адам пікір жазып, үлкен дау-дамайға айналған бұл пост та әлемжеліден өшірілді. Дегенмен біреулердің скриншотында, енді біреулердің көңіл түкпірінде қалған жазбаға өз ойымызды қоса кетсек.

«Көшербаев өз қарамағындағы кадрларды дұрыс іріктей алмады» деген жанды пікірлер әлі күнге дейін айтылады. Оның кесірі Ысқақовтың сотталуымен жалғасты. Рушылдықпен жұмысқа орналасу сол кезеңнен әлі күнге дейін жалғасып жатыр. Бүгінгі әкімнің өзі бұрынғы әкіммен рулас-аталас екені де рушылдықты қоздырып жүргендерге таптырмас уәж екені  белгілі. Оның үстіне өзімен келген кадрларының да көпшілікке жаға қоймағаны белгілі. Бізге белгілі болғаны – облыс әкімінің, расымен де, жемқорлыққа қастығын байқағанымыз. Лайым солай болғай!

Тегтер: әкім тағайындау кадр маман мәселесі

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 18:23
Қарағандыда құрылыс басында қазалы жағдай орын алды
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 16:55
Нұралықтар-қауырт қимыл үстінде
Таңшолпан ҒАЗИЗҚЫЗЫ 17.09.2021, 11:38
Қоқыс та қордалы мәселе
Мариям МАҚСАТ 17.09.2021, 09:13
«Басшымыз күн көрсетпейді»
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 17.09.2021, 08:28
Қарағанды облысындағы мектептерде короновирус қаулап барады
Б.СӘРСЕНБИ 17.09.2021, 04:29
«Балаларға вакцина салынады» деген жалған

Аңдатпа


  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39