05.02.2021, 09:26
1992
Шымкентте атшабардың орнына тұрғын үй кешенін салуға қатысты мәселе қызу талқыланып жатқан кезде Шымкент қаласының бас сәулетшісі қызметін атқарған Жеңіс Байымбетов «аса ірі көлемдегі бюджет қаржысын талан-таражға салды» деген айып бойынша 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Аса ірі көлемдегі қаржы жарты миллиард теңгені құрайды.
Иә, бас сәулетші қызмет бабын пайдаланып, осыншама қаржыны айналдырған 3-4 айдың ішінде «жеп» қойған. Жалғыз емес, мердігер компанияның басшысымен бірге. Бұл іске одан басқа бірде-бір шенеуніктің қатысы болмаған. Жоғарыдағылар қарамағындағы шенеуніктің «түйені түгімен, биені бүгімен» жұтып жатқанын білмеген. Бұған сенуге бола ма? Әл-Фараби аудандық сотының шығарған үкімінде солай деп жазылған соң, сенбеске амалыңыз жоқ.
Сот үкіміне қарағанда, Жеңіс Байымбетов Шымкент қаласы әкімінің (ол кездегі әкім Ғабидолла Әбдірахымов) өкімімен 2018 жылдың қыркүйегінен бастап қалалық сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының міндетін атқарушы, ал 2019 жылдың наурызында басшысы болып тағайындалған.
Осы кездері елбасының Қауіпсіздік кеңесінде және үкіметтің өңір әкімдеріне берген тапсырмасы бойынша жер телімдеріне, коммуналдық жүйеге қатысты ақпараттарды цифрландыру жұмыстары басталады. 2019 жылы Шымкентте осы мақсатқа қазынадан 500 миллион теңге бөлінген. Сот үкіміне қарағанда, Байымбетов қаржыны жеке басына иеленіп кетуді күнібұрын жоспарлаған. Ол осы қылмыстық ойын жүзеге асыру барысында өте еркін қимылдаған, еш нәрседен именбеген. Мұндай батылдықтың ар жағында біраз гәп бар сияқты.
Сәулетші Ж.Байымбетов пен мердігер А.Айтбаевтың қай кезде танысқаны белгісіз. Бірақ ол екеуі тендерге дейін-ақ өзара келісім жасаған көрінеді. Топография, кадастр деген нәрседен ешқандай хабарының жоқтығы былай тұрсын, тіпті жоғары білім де алмаған Айтбаев әуелі тендерге қатыстыратын компания іздеген. Ол танысы арқылы «ИнвестСтройПроект ЛТД» ЖШС директоры қызметіне тағайындалады, осыдан кейін тендерге құжат тапсырады. Құжаттардың талапқа сәйкес келмегеніне қарамастан, компания «Шымкент қаласында салынған аумақтарда көлемі 49 500 га жерасты және жерүсті коммуникацияларының 1:500 көлемдегі топографиялық түсірілімі» жұмыстары бойынша мемлекеттік сатып алудың жеңімпазы деп танылған. Себебі бұл тендерлік комиссияға Ж.Байымбетов төрағалық еткен. Сот үкімінде оның комиссияның төрағалығына өзін-өзі тағайындағаны жазылған. Мердігер 500 миллион теңгенің жұмысын 498 миллионға орындап беру міндетін мойнына алған.
26 ақпанда Байымбетов компаниямен келісімшарт жасайды. Жұмыстың толық орындалуы 15 шілдеге белгіленеді. Алайда Айтбаевтың мұншама жұмыстарды орындауға не қызметкерлері, не тиісті құрал-жабдықтары болмаған. Ол іске өзге компанияларды, мамандарды тартып, қаржының бір бөлігін оларға қызметақы ретінде беріп отырған. Әр компанияға тиісті аудандарды бөліп берген. Алайда топографиялық түсірілімдер сапасыз орындалған. Тиісті талаптарға жауап бермеген. Бірақ Байымбетов алдын ала жасалған келісім бойынша сапасыз жұмыстардың бәрін қабылдап ала берген.
Алғашқы акті 18 наурызда қабылдап алынады, арада бір ай өткенде мердігердің банктегі шотына 149 миллион 400 мың теңге аударылады. Тамызға дейін 498 миллион теңге толығымен мердігердің шотына түскен. Ал Айтбаев банктегі қаржыларды қолма-қол ақшаға айналдырып отырған. Қосалқы компаниялар мен мамандарға берілген ақшадан қалған 360 миллион теңгені Байымбетов пен Айтбаев иемденіп, жеке бастарына жұмсап жіберген.
Ал бұған не дәлел бар? Тергеушілердің тұжырымына қарағанда, Байымбетов осы уақыт аралығында әлдебір азаматтан 17 миллион теңгеге жер телімін сатып алып, оны туысқанының атына рәсімдеген. Осы жерден екіқабатты бизнес-нысанның құрылысын жүргізген. Құрылыс қылмыстық жолмен табылған ақшамен қаржыландырылған. Сараптама барысында қазіргі уақытта бұл нысанның нарықтық құны 130 миллион теңгені құрайтыны анықталыпты.
Сот үкімімен Байымбетов 10 жылға, Айтбаев 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Сотталушыларға мемлекетке келтірілген 498 миллион теңге шығынды қайтару міндеттелді. Бұл қаржы қайта ма, жоқ па, ол жағы белгісіз. Жоғарыда жазғанымыздай, тергеушілер қазіргі уақытта Байымбетов пен Айтбаевтың бірігіп «жеген» 360 миллион теңгенің 130 миллионын тапты. Қалғаны қайда? 230 миллион теңге дегеніңіз із-түзсіз жоғалып кете салатын ұсақ-түйек дүние емес қой. Ол кімнің жемсауында кетті? Яғни тергеушілер осы қылмыстық істегі ең басты сауалға жауап таба алмаған сияқты.
Сот барысында 2018-20 жылдар аралығында қала әкімінің орынбасары қызметін атқарған (қазіргі уақытта орнынан босатылған) Б.Мамыталиевтан жауап алыныпты. Ол қаржының бөлінгенін, мәслихатпен бекітілгенін, басқармаға жұмыстарды уақтында бітіруді тапсырғанын айтқан. Сонда қала әкімі орынбасарының міндеті тек тапсырма беру ғана ма? Ал бұл іске сол кездегі қала әкімінің, бюджет қаржысының жұмсалуын бақылайтын басқа да қызметкерлердің қатысы жоқ па? Сот үкіміне қарағанда, басқа ешкімнің қатысы жоқ. «Ұсталмаған ұры емес» деген сөз осындайда еске түседі.
Қысқасы, бұл істе «айран ішкендер» құтылып кетті десек, қателеспейтін сияқтымыз. Айтпақшы, Байымбетов пен Айтбаев кінәларын мойындамаған. Ендеше олардың апелляциялық шағым беруі әбден мүмкін.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР