Әйтенов еститін әкім бе?

Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ

08.12.2020, 09:21

895

Шымкентте ипподромның орнына  алпауыт «BI Group» компаниясының тұрғын үй кешенін салуды қолға алуына қоғам белсенділерінің қарсылық білдіруіне қатысты дау-дамайға әзірге нүкте қойылмайтын сияқты.

Жалпы, Шымкенттің атшабарында қалыптасқан жағдай осыдан бірнеше жыл бұрын Алматыда Көкжайлаудан курорт салуға  қатысты дауды еске түсіреді. Көкжайлаудағы текетірес ақыр соңында табиғат қорғаушылардың толық жеңісімен аяқталған-ды. Ал Шымкенттегі дау кімнің пайдасына шешілері әлі белгісіз.

Өткен жұмада елордадағы орталық коммуникациялар қызметінде берген брифингінде Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов ипподромға қатысты сұрақты айналып өте алған жоқ.

– Қоғамдық тыңдау өткіземіз. Сол жерде бәрін талқылаймыз. Заңға сәйкестігін қараймыз. Ал, бірақ, ипподром жағдайының нашар екені рас. Әлемдік, республикалық стандартқа сәйкес келмейді. Орналасқан жері  де қолайсыз, – деген әкім «BI Group» компаниясының өз қаржысымен қалаға жаңа ипподром салып беретінін мәлім етті.

– Компания салып жатқан инвестиция көлемі – 135 миллиард теңге. Ипподромның орнында заманауи тұрғын үй кешенін салады. Бозарықта жаңа ипподромнан бөлек, Тұлпар көлінің айналасын абаттандырады. Бюджетке 15 миллиард теңге салық түседі, 9000 жұмыс орны құрылады. Дегенмен біз осы жобаға қатысты қоғамдық тыңдау өткіземіз. Мәселе әлі шешілген жоқ, – деді Әйтенов.  

 Яғни Әйтенов елдің пікіріне құлақ асатын әкім екенін байқатты. Шымкент қалалық әкімдігі мен «BI Group»  компаниясы ипподромның орнына ертегідегідей әсем тұрғын үй кешенін салу жобасына биыл жазда кіріскен болатын. Бірақ ол кезде жағдайдың 180 градусқа күрт бұрылатынын алдын ала ешкім білмесе керек. Қыркүйектің басында Шымкентке келген вице-премьер Роман Склярға  «BI Group»  компаниясы ипподромның орнына салатын комфорт және бизнес санатындағы тұрғын үй кешенінің жобасы таныстырылды.

— Біз әлеуметтік инфрақұрылымға жіті көңіл бөліп отырмыз. Жоба мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында іске асырылады. Алты  жыл ішінде 1500 орындық жаңа мектеп пен емхана салынады. Тұрғын үйлердің бірінде балабақша болады, – деді аталған компания басшысы Айдын Рахымбаев. 

Қалалық әкімдіктің таратқан ресми ақпаратында 30 гектардан астам аумақты қамтитын жобаның құрылысы 2021 жылдың көктемінде басталатыны, тұрғын үй кешенінің дендросаябақ, зообақ және «Қазына» этнопаркінің маңайында орналасатыны «тайға таңба басқандай»  жазылған. Қайталап айтайық, жоба келесі жылдың көктемінде басталатын болған. Бұған іле-шала уақтысында Оңтүстік Қазақстан облысының, Шымкент қаласының бас сәулетшісі қызметтерін атқарған белгілі сәулетші Асқар Мамырбаев қарсылық білдіріп, әлеуметтік желіде әкім Әйтеновке жазған ашық хатын жариялады.  Мамырбаевтың айтуынша,  ипподромның орны демалыс аймағы ретінде белгіленген, сондықтан ол жерге тұрғын үй салуға болмайды. Көпшілік мұны қызу қолдады. Қоғамдық пікір өрістеп бара жатқан соң, қала әкімінің орынбасары  Бауыржан Мамыталиев компанияның тек тұжырымдама ұсынғанын, жобаның әлі бекітілмегенін, алдағы уақытта қоғамдық тыңдау өткізілетінін мәлім етті.  Сонда, бұл қалай? Компания басшылығы вице-премьерге құрылысқа келесі жылдың көктемінде білек сыбана кірісетінін айтады. Артынша қала әкімінің орынбасары бұл жобаның әлі бекітілмегенін мәлім етеді. Сонда, өтірік айтып, қысқа күнде қырық құбылып отырған кім? 

Осы жерде айта кетейік, осыдан қырық жыл бұрын салынған ипподром бүгінде  Асанбай Асқаров атындағы демалыс аймағына кіреді. Аталған аймақтың  жеріне көз аларту бүгін басталған жоқ. «Дендробақтан дым қалмауға айналды» деген мақала  осыдан 15 жыл бұрын «Жас Алашта» жарияланған еді. Атқамінерлер бүкіл Қазақстанда теңдесі жоқ дендробақтың қақ ортасынан жер бөліп, ағашын отап, президентке арналған резиденция салдырды. Тұқымбақтың жері жеке тұрғын үй салуға беріліп кетті. Депутат Нұрғазы Бұхарбайдың айтуынша, зообақтың бір кездері 50 гектарға жуық жерінің бүгінде 30 гектары ғана қалған. Енді, міне, кезек ипподромға да жеткен сияқты.  Күні ертең  демалыс аймағының ортасынан тұрғын үй кешенін салып, теңдесі жоқ демалыс аймағын бүлдіріп алмаймыз ба?

135 миллиард теңге инвестиция да жерде жатқан жоқ.  Әйтенов енді өгізді де өлтірмейтін, арбаны да сындырмайтын жол таба ала ма?

Тегтер: әкім жергілікті басқару тұрғындар халық жүйе жауапкершілік

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 15.01.2021, 10:02
Бөлекбаев қарағандылықтардың қалтырап отырғаны үшін кешірім сұрады
Миуа БАЙНАЗАРОВА 15.01.2021, 09:54
Жол сапасы неге нашар?
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 15.01.2021, 08:53
Жедел жәрдем мамандары қысым көргендерін айтып шу шығарды
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 14.01.2021, 16:52
Шахтадағы апат: кеншілердің бірі қаза болды, қалғандары ауруханада ем алуда
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 14.01.2021, 13:07
Ленин шахтасында апатты жағдайдан машинист шыға алмады
Нұрболат ӘЛДИБЕК 14.01.2021, 12:19
Таразда Қонаевқа ескерткіш қойылады

Аңдатпа


  • «Жас Алашым» – жастық шағым
    15.01.2021, 10:07
  • Қуат Хамитов: Қазағы көп жерге кетіп барамын
    14.01.2021, 13:01
  • «Әр таңымызды үреймен қарсы аламыз» (видео)
    14.01.2021, 11:41
  • "Жас Алаш" жазды, Егіндібұлақ елінің еңсесі көтерілді
    13.01.2021, 07:11
  • Жұрт жадындағы Жолдасбек
    10.01.2021, 00:33