Әкім орынбасарына арналған iPhone

Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ

03.11.2021, 14:32

1066

Шымкентте мердігерден ақша дәметкен тағы бір шенеунік заң алдындағы тиісті жазасын алды.  Бірақ үкімнің арғы жағында біраз құпия ашылмай қалған сияқты.

Еңбекші аудандық сотының өткен аптада шығарған үкіміне қарағанда, сотталушы Бақыт Қалымбетов қалалық әкімдіктегі құрылыс басқармасының бөлім басшысы қызметіне былтыр маусымда тағайындалған.

2020 жылдың мамырында «A.S.InvestStroi» ЖШС зоологиялық паркті қайта жаңарту бойынша жалпы сомасы 858 694 375 теңгенің тендерін ұтып алған. Тамызда осы нысанның құжаттарын қабылдауға жауапты маман ретінде Б.Қалымбетов бекітілген. Биыл ақпанда аталған компанияның  өкілі Н.Бейсебаев Б.Қалымбетовке хабарласып, нысан бойынша қаражаттың қашан аударылатынын және қабылдау құжаттарын қашан алатынын сұраған. Б.Қалымбетов бұл қызметі үшін 1 миллион теңге дәметкен. Бөлім басшысы ақшаға құрылыс басқармасының басшысы Е.Ахметовтің тапсырмасы бойынша Шымкент қаласы әкімінің орынбасарына iPhone 12 pro ұялы телефоны сатып алынатынын айтыпты.

Н.Бейсебаев мұндай мәселені шешу өзінің құзыретіне кірмейтін болғандықтан, Б.Қалымбетовтің ұсынысын компания  директоры Ж.Құдайбергенге хабарлайды. Директор егер  тиісті құжаттарға қол қойдырып, комиссияның қабылдауына ықпал жасайтын болса, жоғарыда көрсетілген ақшаны беруге келісімін беретінін білдірген көрінеді.

23 ақпанда Ж.Құдайберген коммерциялық директоры Р.Тортаевқа 3000 АҚШ долларын беріп, оның 1 миллион теңгесін Б.Қалымбетовке апарып беруді тапсырған. Тортаев долларды теңгеге айырбастап, 1 миллион теңгені Қалымбетовке жеткізген. Б.Қалымбетов ақшаның 145 мың теңгесін өзінің атындағы Kaspi Gold  шотына, 10 мың теңгесін Қазақстан халық банкіндегі шотына салады. Осы кезде оны сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің қызметкерлері ұстаған. Ақшаның қалған бөлігі оның өзінен және жеке көлігінен табылған. Сотта ол ақшаны директордан алаяқтық жолмен, дәлірегі «жоғарыдағы басшылардың тапсырмасы» деп, алдап алғанын мойындаған. Қылмыстық істің қысқаша мән-жайы осы ғана. Бірақ бұл іске осымен нүкте қойылды деуге әлі ертерек. Қызық осыдан кейін басталған.

Жалпы, бұрын шенеуніктердің парамен ұсталуы қарапайым жолмен жүргізілетін. Пара талап етіп жатқаны жөнінде құзырлы органдарға хабар берілетін. Шенеунік параны алғаннан кейін жедел іздестіру шаралары кезінде  құрықталатын. Ал жоғарыдағы іс бойынша антикорға ешкім арызданбаған. Үкімнен түсінгеніміз, антикор қызметкерлері былтырғы қазаннан бастап құрылыс басқармасының басшысы және A.S.InvestStroi компаниясының жетекшілеріне қатысты жасырын тергеу амалдарын жүргізген. Олардың ұялы телефондары тыңдалған. Құзырлы органдардың өкілдері ірі көлемде тендер ұтып алған компания мен Шымкент қалалық әкімдігінің шенеуніктері арасында әйтеуір бір алыс-берістің болатынын білген сияқты. Б.Қалымбетовтің ақша сұрағаны да жазып алынған. 23 ақпанда  1 миллионды алған соң, «шақыртусыз қонақтардың» сау ете қалуы осы жасырын тергеу шараларының нәтижесінде жүзеге асырылған.

Қалымбетов ұсталғаннан кейін Е.Ахметовке қарсы арыз береді. Шамасы, ол ақшаны бастығының тапсырмасы бойынша сұрағанын мәлімдеген көрінеді. Осыған байланысты антикор қызметкерлері  сыбайластарды ұстау операциясын одан әрі жалғастыра берген. Олар Қалымбетовке құны 700 мың теңге тұратын iPhone 12 Pro телефонын алып беріп, оны арнайы ұнтақпен өңдеген, бөлім басшысын тыңдағыш құралдармен қамтамасыз еткен.  28 сәуірде Е.Ахметовтің және A.S.InvestStroi  компаниясының кеңсесінде тінту жүргізілген. Бірақ бұл шаралардан қылмыстық іске қатысты айғақтар табылмаған.

Дегенмен тергеушілер басқарма басшысы Е.Ахметов пен директор Ж.Құдайбергеннің үстінен пара талап ету, пара беру фактілері бойынша қылмыстық іс қозғаған. Маусымда іс қылмыс  құрамының болмауына байланысты тоқтатылған. Пара талап ету ісіне Е.Ахметовтің қаншалықты қатысы бары осылайша анықталмаған күйі қалған. Рас, күдік жоқ емес. Егер қатысы болмаса, Қалымбетов ұсталғаннан кейін оның үстінен неге арыз жазады? Егер қатысы болса, ол сотта мұны неге теріске шығарған? Әлде бәрібір қылмыстық жазадан қашып құтыла алмайтынын білген бөлім басшысы кінәнің бәрін жалғыз өзі арқалап кетті ме? Басқарма басшысы Е.Ахметов осыдан кейін көп ұзамай қызметінен босатылған. Өз еркімен бе, әлде iPhone ісінің кесірі тиді ме, ол жағы белгісіз. Тамызда басқармаға жаңа басшы келді. 

Сот Қалымбетовті алаяқтық және пара беруге айдап салу баптары бойынша кінәлі деп танып, жалпы көлемі 35 миллион теңге көлемінде айыппұл салуға соттады. Сотталушы  айыппұлды үкім күшіне енген соң, үш  ай ішінде төлеуі тиіс.

Үкімде «iPhone 12 Pro ұялы телефонын алып береміз» деген Шымкент қаласы әкімі орынбасарының аты-жөні аталмаған. Бірақ бізге белгілісі –  қазіргі уақытта қала әкімі орынбасарларының ішінде құрылыс саласына Мәулен Айманбетов бақылау жасайды. Ол бұл қызметке былтыр тағайындалған болатын.

Бақылау демекші, сот осы істен кейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес шараларын әлсіретіп алғанын ескерту үшін жеке қаулы шығарып, оны Шымкенттің әкімі Мұрат Әйтеновке жолдады.

Тегтер: жемқорлық сыбайлас жемқорлық пара мәселе

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 17:45
Шиелі ауданында 3297 жаңа жұмыс орны ашылды
Сайт әкімшілігі 16:19
Шиелі ауданында 3297 жаңа жұмыс орны ашылды
Бифат ЕЛТАЕВА 12:21
Ғибраты мол байқау
Сайт әкімшілігі 08:37
Павлодарда лак-бояу өнімдері қоймасында алапат өрт болды
Сайт әкімшілігі 26.11.2021, 13:30
Қарағандыда тағы бір ферроқорытпа зауыты ашылды
Сайт әкімшілігі 26.11.2021, 12:16
Жезқазған ақыны Қарағандыда өткен республикалық айтыста Бас жүлде иегері атанды

Аңдатпа


  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    26.10.2021, 11:14
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    19.10.2021, 10:30