«Әкімге неге алақан жаясыңдар?»

    Кенді өлкедегі қазақ баспасөзінің жайы

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

02.04.2021, 09:21

1638

Халқының саны  1 миллион 400-ге жуық аймақта мемлекеттік тілде шығатын небары үш-ақ басылым бар. Оның бірі облыстық қазынадан қаржыланатын «Орталық Қазақстан» болса, оның өкшесін басқан, жеті  жылдық тарихы бар  жекеменшік «Арқа ақшамы» газеті   және жақында жергілікті  демеушінің күшімен  жарыққа шыққан «Қарағанды хабары» үнқағазы. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары елімізде «Алтын Орда», «Алаш айнасы»  деген тұлпар тұяқ басылымдар болған. Алайда, ана тілінде оқитын  ойлы оқырмандардың  тапшылығынан, одан кейін  «қу қаржының» қаттығынан әлгілердің адымы алысқа бармай, жабылып тынды.

                              Әлділер үстемелеп үлес алады

Бүгінде БАҚ үшін тендер ұтысына қатысу «ханталапай» ойнатқаннан кем емес. Өзгелер үшін ұтымдысы – бәсекенің шартында жүйе жоқ.  Тендер туралы ала-құла заң орыс тілінде шығатын жергілікті жекеменшік басылымдардың оң жамбасына тиіп тұр.

 Осы күні  кеншілер шаһарындағы  «Новый вестник»,  «Вечерный Караганда» газеттері орыстілді қауым  оқитын үнқағаз болғанына қарамастан,  2-3 бетін қазақша мақалаларға арнап қойған. Есепке алғанда, қостілді ақпараттың санатына енеді. Жеме-жемге келгенде таза қазақ газеттерінің  алдын орап отыр. Олар қазақ басылымдары мен тендер жариялаушылардың аузына осылайша құм құйып отырған жайы бар.  Бар гәп – тендер талабындағы тілдік сұраныс санатының ескерілмеуінде.

 Ендеше тендердің тығырыққа тірейтін қатпар-қатпар талабы  жөнделмейінше,  қазақтілді басылымдардың басынан бұлт арылмасы анық. Осы күні аймақтағы орыстілді  газеттердің  яки электронды  ақпарат құралының сәл-пәл кемшілігін айтсақ, желдетіп Жетісуға дейін шағым жөнелтетінін бастан өткердік. Бізді шалса, қазақы көмбістікке салынып,  қоғамнан бір бұғып, арашаға жарамайтын заңнан бір сескеніп,  уайым отына өртеніп жүре береміз. Сонда, қазақ тілінің  жан ауыртар тағдырына қатысты  азаптан арылудың жолы қайсы?  Әзірге жауабы жоқ түнек. «Тіл – ұлттың жан тынысы» дегенді Асылы апайымыз тауып айтқан. Туған тіліміз де  қазір тура  осындай күйде.

                     Жарнама тілі қазақшаланбай, жарымаймыз

      Қарағандыдағы жекеменшік газеттер  жылда тендерден өлдім-талдым дегенде мұжуға тастаған сүйектей ғана  үлеске  ілінеді. Оның өзін газеттің шығыны  жыл аяғына жеткізбей  жұтып қояды. Бас редакторлар «өзен  жағалағанның өзегі талмас» деген үмітпен басшылардың  алдына барса, мысы қайтады. 

– Облыс әкіміне бір  күні жолыққанымызда: «Новый вестник» cекілді газеттер бізге алақан жаймайды», – деген еді. Алайда әкім  бұл машақаттың мәнін түсінбейтін сыңайлы. «Іздегенге – сұраған»: «Бүкіл  Қарағандының жарнамасы қазанымызға келіп  түсіп жатса,  біз де марғау отырар едік» дедім», – дейді журналист Жанат Жаңқаш.  

Қазақстанда  мемлекеттік тілдің өрісін тарылтып тұрған заңдар осал. Қазақ тілінің мәртебесін нығайтатын күш заң десек, оны құжат жүзінде   бекемдеу   еліміздің заң шығарушы  органдары – мәжіліс пен сенаттың, одан әрі атқарушы биліктің құзырындағы шаруа. Қарапайым халық бұйрықты  орындаушы тап.

– Жасыратыны жоқ, қазіргі кезде біздегі қаржылық құрылымдардың барлығы дерлік жарнамаларын орыстілді басылымдарға береді. Құрдымға кетудің алдында тұрған банктер үкіметтен субсидия сұраса яки халықты несие алуға  шақырса да,  хабарландыру-жарнамаларын орысша береді. Қаржы алпауыттары қазақ газеттеріне қайырылып қарамайды. Себебі кез келген жарнама ең алдымен  «мемлекеттік тілде  берілуі керек» деп міндеттейтін  заң жоқ.  Қазақтілді басылымдардың қаражаттан қағажу көріп отыруына  оспадар заң  кедергі келтіріп тұр, – деп  қынжылады Жанат Жаңқаш.

                                                  Кейіпкерден түйін

         Жуырда Әзірбайжан астанасы Бакуде болдым. Егемендігі бізбен түйдей құрдас. Түбі бір туысқан елдің  жеткіншектері, 30-ды алқымдаған жастары алдымен өз тілінде сөйлейді. Одан кейін түрік, ағылшын тілін жетік меңгерген. Мұнда орыс тілі қажеттіліктен шығып қалған. Біз  санаға сіңген қағидамен олармен қоғамдық орында, дүкенде  орысша шүйіркелескенімізде әзірбайжан жастары  тәржімалауға  аға буын  өкілдерін шақырып, не дегенімізді түсінді. Ал біздегі   қажеттілік  қай тілде?  Осындай тірі мысалдарды естісең,  ұлттық құндылығымыз жоғалудың алдында тұрғандай.

 

Тегтер: мемлекеттік тіл мәселе қазақ баспасөзі басылым кеншілер шаһары

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 03.12.2021, 16:35
Нұр-Сұлтанда 70 мектеп салынады
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 03.12.2021, 14:24
Жалақысы 2 миллионға жуықтаған әкім
Тоқтар ҒАБДРЕШҰЛЫ 03.12.2021, 10:15
Кәсіпкер әйелдер көбейіп келеді
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 03.12.2021, 08:47
Советский, Карл Маркс, Полторацкий
Сайт әкімшілігі 01.12.2021, 17:01
Нұр-Сұлтанда мұқтаж жандарға 56 азық-түлік себеті таратылды (видео)
Сайт әкімшілігі 01.12.2021, 15:20
Түркістанда 40-тан астам полицей марапатталды

Аңдатпа


  • 14 мыңнан аса сотталушы босатылады, Сенат рақымшылық заңын қабылдады
    02.12.2021, 15:50
  • Жастармен бірге тыныстайтын басылым
    30.11.2021, 18:08
  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00