Әкімі жаңа, көпірі ескі қайран Семей...

Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ

12.08.2021, 09:15

2786

     Аптаның алғашқы күнінде (9 тамыз) таңды жаңбырмен қарсы алған семейліктер кешкілікте тосын оқиғамен «қауышты». Жергілікті уақытпен сағат 20:00 шамасында Ертіс өзенінің үстіндегі көпірдің жаяу жүргіншілер өтетін тұсы опырылып, қала халқының қалыпты қатынауына кері әсерін тигізді. Пайдалануға берілгеніне 57 жылдың жүзі болған көпірдің тозығы жетіп, халықтың төзімін тауысқаны туралы бұған дейін де сан мәрте айтылған, мәселе көтерілген. Алайда әр кезеңдерде қызмет еткен басшылар соңғы 25 жылдан бері «жөндеу жұмыстары» деген ұғымды желеу етіп, жамап-жасқаудан арыға бара алмағанын да ешкім жоққа шығара алмайды. Ал бұл нысан 1997 жылдың өзінде-ақ апатты болып танылған болатын.    

      Әлеуметтік желіде бірден тараған жайсыз жағдайды қала билігі бірден назарына алған сыңай танытты. Дәл сол күні ымырт үйірілген шақта алдымен қала әкімінің ТҮКШ жөніндегі орынбасары Дмитрий Гариков оқиға орнынан табылып, ескі көпірдің жайын  енді көргендей еңкейе үңіліп қайтты. Ертеңінде Семей қаласының әкімі Бақытжан Байахметов қасына қалалық мәслихат хатшысы Бейсенбек Ақжаловты ертіп алып, таң атып күн жарықтанғанда барып жұртқа жұбату айтып қайтқандай болды.

«Көпірдің тозығы жеткені туралы мәселе бұдан бұрын да көтеріліп, бірнеше рет талқыланған болатын. Біз үшін ең маңыздысы – тұрғындардың қауіпсіздігі, сондықтан көпірдегі көлік қозғалысын уақытша тоқтату туралы шешім қабылданды», – деді әкім жайбарақат.

       Қала әкімінің сөзіне сүйенсек, 1964 жылы пайдалануға берілген нысанның ағымдағы күту жұмыстары «Семей Тазалық» ЖШС-не жүктелген, ал апатты жағдайды жою үшін «Жаңа жол» және «Қазжолпроект» мекемелері өкілдерінің қатысуымен «Зеленстрой» ЖШС іске кіріскен. Ал көпірдің қазіргі жағдайына сараптама жасап, қорытынды жасату мақсатында Алматы қаласының «Теко Проект» фирмасының өкілдері шақыртылғанға ұқсайды. Яғни көпірді ары қарай пайдалануға бола ма, жоқ па, тағдыры осы фирманың шығарған қорытындысына байланысты болмақ. Осы тұста қазақтың «Ескіні жамағанның есі кетеді» деген мәтелі еріксіз еске түседі. Ширек ғасырдан бері апатты саналған көпірді жауып тастап, жаңа көпір салу қажеттігі баяғыдан белгілі болатын. Алайда Ахметов облысты басқарған жеті жылда Семейдің басшылары үш рет ауысқаны өз алдына, елдің көкейінде «әкім жаңартқанша, жаңа көпір салу маңызды еді ғой» деген ойдың қоюлана беретіні түсінікті.  

       Дегенмен қала басшылығы мәлімдегендей, қазір жаңадан төрт жолақты көпір салуға жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде. «Мемлекеттік сараптама қорытындысын алғаннан кейін келер жылы көпірді салу үшін тиісті шаралар қабылданып, бюджеттік өтініш берілетін болады», – деп мәлімдеді Семей қаласының әкімі қызметіне кіріскеніне екі ай толмаған Б.Байахметов.

      Ал жаңа көпір салудың бюджеті 31 млрд теңгеге жобаланып отырғанын да айтпай кетуге болмас.

Тегтер: Семей көпір мәселе әкім

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 04.08.2022, 13:22
Ақтауда полицейді пышақтап кеткен күдікті ұсталды
Сайт әкімшілігі 03.08.2022, 19:42
Әлемде маймыл шешегі өршіп барады
Сайт әкімшілігі 03.08.2022, 11:45
СҚО-да азық-түліктің қымбаттауына байланысты балабақшаларда балаларды тамақтандырмайды
Сайт әкімшілігі 02.08.2022, 20:21
Қонаев қаласында Алматы облысы активінің отырысы өтті
Сайт әкімшілігі 02.08.2022, 09:29
Қазақстанда бір тәулікте екі мыңнан аса COVID-19 жұқтыру дерегі тіркелді
Нұрболат ӘЛДИБЕК 02.08.2022, 09:03
Жастар әкіммен жүздесті

Аңдатпа


  • Баспана аспандады, азық-түлік шарықтады, үкімет өз жөнімен қалықтап жүр...
    05.08.2022, 09:17
  • АЭС-тің арты жақсы бола ма?!
    04.08.2022, 08:55
  • «Қазақстан халқына» қорынан халыққа пайда бар ма?!
    03.08.2022, 08:59
  • «Аллаһу акбар деп айқайлаған»: Жамбыл облысында сотталушы түрменің үш қызметкерін жаралады
    02.08.2022, 08:47
  • Халықты жоқшылық қысып барады...
    01.08.2022, 13:40