Алаяқтық жайлаған қоғам

Ендігі жетпегені президенттің саясатын жамылып, елді алдау еді

Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ

29.09.2020, 11:08

1149

Аттап бассаң, алаяққа жолығатын заман туды. Айналаның бәрін алаяқтар жайлағандай әсерде қаласыз. Бұл  қандай саясаттың салдары, нендей қателіктің  кесірі? Алаяқтық жайлаған қоғамға айналардай, басымызға не күннің туғанын түсіндіріп беретін адам бар ма?

Соңғы жылдары Түркістан облысында тіркелген қылмыстардың көбісі алаяқтықпен байланысты. Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, адамның сеніміне қиянат жасау пандемия жағдайында өте өзекті мәселеге айналып келеді. Өңірде адамды алдау, сол арқылы  пайда табуды тұрақты кәсіпке айналдыру деректері жиілеген. Нақты мысалдарға тоқталсақ,  Полицияға Сайрам ауданының кәсіпкерлері белгісіз біреулердің өздерін «СЭС қызметкерлеріміз» деп таныстырып, ғимарат дезинфекциялық талаптарға сай емес деген сылтаумен 5 мың теңге талап етіп жатқанына арызданған. Тәртіп сақшылары оңай жолмен ақша табуға тырысқан 3 әйелді ұстады. Олардың бірі дезинфекция жасаумен айналысатын қызметкер болса, қалған екеуі Шымкент қаласының жұмыссыз тұрғындары болып шыққан.

Келес ауданында  бір күдікті жергілікті азаматшаның «түрмеде жатқан ұлыңды мерзімінен бұрын шығарып беремін» деп 1,5 миллион теңгесін алаяқтық жолмен иеленіп кеткен. Кейіннен қолға түскен күдіктінің 11 алаяқтық іске қатысы бары, 3 рет сотталғаны анықталған. Ол соңғы рет түрмеде әлгі жәбірленуші азаматшаның ұлымен бірге отырған екен. Арыс қаласында бір алаяқ тұрғындарға жеңіл жолмен пәтер әперемін деп 250 мың теңгесін алдап алған. Тексеру барысында күдіктінің осындай тағы 6 іске қатысы бар екені белгілі болған. Жетісай ауданында әлдебір азамат 500 мың теңге несие шығарып беремін деген уәдемен, бір отбасының 200 мың теңгесін алып кеткен. Тексеру барысында оның тағы бір азаматшаның 50 мың теңгесін алдап алғаны анықталған. Міне, осы мәліметтердің бәрін айналдырған оншақты күнде облыстық полиция департаменті таратып отыр.

Соңғы екі-үш айдың көлеміндегі алаяқтық қылмыстарды тізе берсеңіз, өте көп. Жуырда  Жетісай, Мақтаарал, Шардара аудандарында тұратын 74 азаматтың қаражаттарын алаяқтық жолмен иеленіп кеткен қылмыстық топ құрықталды. Күдікті ретінде Шымкент қаласының тұрғыны ұсталды. Сондай-ақ оның Мақтаарал ауданында екі сыбайласының болғаны белгілі болып отыр. Күдіктілер қамауға алынып, оларға қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Сарыағаш аудандық полиция бөлімшесіне жергілікті тұрғындардың бірінен арыз түскен. Бойжеткеннің айтуынша, бейтаныс біреу «жеке кәсіпкерлікпен айналысу үшін мемлекеттік бағдарлама арқылы қайтарымсыз 1 миллион теңге шығарып беремін» деген уәдемен, 100 000 теңгесін алдап алып кеткен. Полицейлердің айтуынша, қазірдің өзінде осы қылмыстық іс бойынша 30-ға жуық жәбірленуші арызданған. Алаяқтың  келтірген шығынының жалпы көлемі, шамамен 2,5 миллион теңгеге жуықтаған.

Ал тамыз айында Жетісай ауданында өздерін блогер, журналист, заңгер ретінде таныстырып, жұртты қорқытып, ақша алған төрт азаматқа үкім шығарылды. Түркістан облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты шығарған үкімге қарағанда, сотталушы М.Әшімов 2019 жылы Жетісай, Мақтаарал аудандарының аумағында ұйымдасқан топ құрған.  Оған басшылық етіп,  топқа Ө.Жүнісбековті, М.Лесбаевты және С.Мырзамұратовты тартқан.

Үкімде осы қылмыстық топтың бопсалау, алаяқтық әрекеттеріне қатысты 13 эпизоды келтірілген. Ұйымдасқан топ, алдымен, формальды түрде «Түркістан – 2030» қоғамдық бірлестігін ашады. М.Әшімов бірлестіктің атқарушы директоры, Ө.Жүнісбеков төраға, М.Лесбаев ревизия комиссиясы, С.Мырзамұратов оператор қызметтерін иеленген. Топ мүшелері осы  қоғамдық бірлестіктің атын жамылып «Защита прав потребителей», «Түркістан – 2030 по борьбе с коррупцией», «Департамента содействия борьбе с коррупцией», «СМИ /средства массовой информаций/», «Закон и правосудие», «Информационно правовой портал», «Проводим политику президента РК» деген қызыл түсті жалған қызметтік куәліктерді және визикаткаларды жасаған. Атынан ат үркетін осындай ұйымдардың куәліктерімен «қаруланған» жігіттер осыдан кейін бопсалау әрекеттерін бастаған. Олар былтыр наурызда Гүлістан елдімекенінде емшілікпен айналысатын азаматшаға барып, одан арнайы лицензиясының бар-жоғын сұраған. Лицензияның жоқ екендігіне көзі жеткен соң М.Әшімов емшіні:

– Сізді алаяқтық жасағаныңыз үшін қылмыстық жауапкершілікке тартқызамыз, егер де бізді тыныш қойып, үндемей кетсін десең,  150 мың теңге ақша бересің, – деп қорқытқан. Алайда емші сұраған ақшаны тауып бере алмаған. Осыдан кейін төрт бопсалаушы полиция шақырып, емшінің үстінен арыз жазып берген. Осы наурыз айында қылмыстық топ мүшелері Атакенттегі бір букмекерлік кеңсеге келіп, жалған куәліктерін көрсетіп, қызметкерлерді:

– Шеше аласың ба, шеш, шеше алмасаң, үстеріңнен арыз жазып, жаптырып тастаймыз, ойынхана жұмыс істеу үшін бізге ақша беру керексің, – деп қорқытқан. Алайда қызметкерлер  букмекерлік кеңсе құжаттарының дұрыс екенін айтады. Ешқандай ақша берілмейтінін түсінген топ мүшелері кеңсеге  полиция қызметкерлерін шақырып,  арыз жазып берген.

Бопсалаушылар тоғайдан шым, құм алып, сатып жүрген азаматтарды да қорқытқан. Кейбір азаматтар топ мүшелеріне ақша берген. Ақша бергендердің арасында базарда ет сатып жүрген саудагерлер де болған. Сотталушылар мұндай ұсақ кәсіпкерлерден ақшаны ай сайын тұрақты түрде беріп отыруды талап еткен.

 2019 жылдың шілде айында топ мүшелері Мақтаарал ауданында мектеп құрылысын жүргізіп жатқан мердігер компания басшыларын да бопсаламақ болған. Олар  нысанды бейнекамераға түсіріп, құжаттарын тексереді. «Сапасыз құрылыс жұмыстарын әлеуметтік желіге шығарамыз» деп қорқытып,  500 мың теңге талап еткен. Алайда компания басшылары сұраған ақшаны беруден бас тартқан.

2019 жылдың маусым айында Жетісай қаласында орналасқан №15 кәсіптік колледждің бір қызметкері директордың үстінен арыз жазып, «Түркістан – 2030» қоғамық бірлестігінен көмек сұраған. М.Лесбаев пен С.Мырзамұратов аталған оқу орнын бейнекамераға түсіріп, колледждің директорына:

– Біз мына арызды жоғары жаққа, білім департаментіне, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бюросына жазып, сені қудалаймыз, бізді тыныш қойсын десең, айтқанымызға көніп жолығасың, – деген. Екі күн өткен соң директор  қоғамдық бірлестіктің кеңсесіне келеді. Топ мүшелері одан 1 миллион теңге талап етеді. Директор алғашқыда 600 мың теңге берген. Алайда топ мүшелері тыныш қоймаған соң  директор сиырын сатып, тағы 200 мың теңге беруге мәжбүр болыпты. Сот барысында директор тергеуде берген жауаптарынан бас тартып, сотталушыларға ақшаны арызданушымен татуластырғаны үшін өз еркімен бергенін айтыпты. Сонда қалай, Түркістан облысында басшыны арызданушымен татуластырудың құны 800 мың теңге тұрғаны ма?  Сот директордың бұл сөзіне сенімсіздік білдірген.

 Әшімов жұртты алдап, ақша алудың да шебері болған сияқты. Ол  бір азаматшаны ауруханаға немесе балабақшаға жұмысқа орналастырып беремін деп  300 мың теңге алған. Алайда уәдесін орындамай, алдап кеткен. Сонымен қатар ол «кеңсеге жиһаз алуым керек» деген желеумен әлгі азаматшаның 65 мың теңгесін алып, қайтармаған. Әшімов  2019 жылдың шілде айында «Түркістан – 2030» қоғамдық бірлестігінің кеңсесіне жергілікті бір азаматшаны шақырып алып:

– Кез келген мекеменің есігін теуіп кіремін, мемлекеттен алты балаңа 21 мың теңгеден шығарып беремін, – деп алдап, одан 50 мың теңге және құны 12 мың теңге тұратын бір қап балығын алады. Алайда  уәдесін орындамай кеткен.

Сот үкімімен қылмыстық топтың басты ұйымдастырушысы  М.Әшімов 10 жылға, қалған үшеуі 8 жылға бас бостандықтарынан айырылды. 

Осылайша, өзін президенттің саясатын жүргізуші, қоғамдағы сыбайлас жемқорлықпен күресуші ретінде көрсетіп, бопсалаған топтың мүшелері «түрменің есігін теуіп кіретіндей» жазаға тартылды. Бұл жаза елді жайлаған алаяқтарға сабақ бола ма?

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

М.СӘУЛЕБЕК 09:34
Бюджет жобасын халық жасайды
М.СӘУЛЕБЕК 09:31
Агроиндустриалды аймақ құрылады
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 09:25
Күнгейдің көлеңкелі тұстары
Сайт әкімшілігі 28.10.2020, 14:08
Алматы облысының полициясы қауіпті қылмыскерді іздестіруде
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 27.10.2020, 11:30
«Біз оны жұмысқа алған жоқпыз...»
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 27.10.2020, 10:39
Трактор табанына тапталған балалар алаңы

Аңдатпа


  • Мүгедекке айналған азамат әділет іздеп әлек
    11:03
  • Қайда кеткен? Қоймада коронавирустан емдейтін 12 дәрі жоқ болып шықты
    28.10.2020, 16:24
  • Kaspi.kz сервистері жұмыс істеп тұр
    28.10.2020, 15:38
  • Жалт етіп сөнген бір жасын
    27.10.2020, 09:53
  • Бүгін еліміздің басым бөлігінде қар мен жаңбыр жауады
    26.10.2020, 10:04