Аралдық белсенділер сода зауытының құрылысына қарсы

Нұр-Қасым ЖОМАРТ

18.05.2021, 14:22

2168

«Тұран ойпаты – Арал теңізі» қоғамдық бірлестігі Арал ауданында салынатын кальцийленген сода зауытының құрылысына қарсылық ретінде қол жинауға кірісті. Айтуларынша, бұл үндеу БҰҰ Бас хатшысы Антонио Мануэль де Оливейра Гутерришке жолданбақ.

Қоғамдық бірлестік өкілдері «Халықаралық маңызы бар сулы-батпақты алқаптар туралы конвенцияның, ең алдымен суда жүзетін құстардың мекендейтін жерлері туралы конвенцияны» (Рамсар конвенциясының 3-бабы) басшылыққа алып отыр. Онда 2005 жылы Қазақстан Республикасында ратификацияланған 1971 жылғы 2 ақпандағы: «Уағдаласушы тараптар өздерінің жоспарлауындағы тізімге енгізілген сулы-батпақты алқаптарды қорғауға, орынды пайдалануды жүзеге асырады. Әрбір тарап, егер тізімге енгізілген аумақтағы кез келген алқаптың экологиялық сипаты, техникалық даму, ластану немесе адамның араласу нәтижесінде өзгерсе, немесе өзгеруі мүмкін болса, 8-бапта көрсетілгендей, тұрақты жұмыс істейтін бюроның міндеттерін орындауға жауапты ұйымға немесе үкіметке кідіріссіз беріледі», — делінеді.

Қазақстанда халықаралық маңызы бар сулы-батпақты алқаптарға кіретін жалпы ауданы 3 281 398 гектар болатын 10 нысан бар.

«Аралды құтқару халықаралық қорының» мәлімдемесінде, Рамсар конвенциясы негізінде, бірінші кезекте суда жүзетін құстардың мекендеу орны ретінде халықаралық маңызы бар сулы-батпақты алқап ретінде кез келген маусымда тізімге қорғауға мұқтаж, жалпы ауданы 330 мың гектар болатын Кіші Арал теңізі мен Сырдария өзені енгізілген.

– Бірақ қазіргі уақытта аталған географиялық нүктедегі жағдай жерүсті, әуе және су, суасты флорасы мен фаунасының тіршілік ету ортасы үшін де, адамның өмір сүруі үшін де экологиялық тұрғыдан апатты түрде қалыптасуда. Бұл бүкіл адамзатқа жойқын салдары бар жағдайға ұрындырады, — дейді «Тұран ойпаты – Арал теңізі» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Нұртуған Тұржанов.

Қоғамдық бірлестіктің тағы бір мүшесі Әбілқасым Шағанбаев: «Құны 6 млрд теңгені құрайтын тоғыз инвестициялық жобаны қолға алғанша, теңізге алуан түрлі балық түрін өсіріп, жіберіп отырған Қамыстыбас балық питомнигінің қазіргі ахуалына көңіл аудармай ма?» — дейді.

— Сырдың суы сирақтан келіп, Қамбаш көлі жылап ағып жатыр. Сырдариядан түскен мардымсыз су Жалаңашкөл, Қаязды, Лайкөлді айналып Қамбашқа құям дегенше, аталған көлдердің тартылып кеткен жеріндегі сорына сіңіп, жоқ болып кетіп жатыр. Жіпке тізе берсең, жақсы жаңалық айтудан қалдық. Көл жағалай қоныстанған елдің ірі қара малы су ішем деп, ұйыққа батып өліп жатыр. Ал өкімет (әлде жеке тұлғалар) жоғарыда аталған 6 млрд теңгенің ішінде жалпы құны 900 млн қаражатты құрайтын қуаттылығы 7000 тонна болатын үш балық өңдеу зауытын салмақшы. Әлде өңделген балықтар қосмекенді болып жаратыла ма? — деп ашынады.

Қоғамдық бірлестік өкілдерінің үндеуінде бірнеше мәселе көтерілген.

«Біріншіден, Қазақстан Республикасы Конвенцияның қатысушысы бола отырып, Қытайдың химиялық зауытын тікелей қорғалатын аумақта, атап айтқанда Арал теңізі бассейнінің күрт таяздануы салдарынан экологиялық апат орталығында орналасқан Арал қаласының маңында салу туралы шешім қабылдады. Кальцийлендірілген сода өндіру зауытын қытайлық тарап аммиакты қолдана отырып, қытайлық химик ғалым Хоудың ескірген және зиянды технологиясы бойынша пайдалануды және жыл сайын 300 мың тоннаға жуық сода шығаруды жоспарлап отыр. Бірақ олар 3 миллион текше метр улы қалдықтарды (шлам) Сарышығанаққа тастамақ. Екіншіден, ҚР үкіметі кез келген маусымда суда жүзетін құстардың мекендеу орны ретінде халықаралық маңызы бар сулы-батпақты алқаптарды қорғау бойынша Қазақстан Республикасы алған міндеттемелерге қарамастан, Сырдария өзенінің бойына алты суқойма салу туралы шешім қабылдады. Осылайша Рамсар конвенциясына қатысушы ретінде өзіне алған халықаралық міндеттемелерін елемеуі айқын көрінеді. ҚР үкіметі Кіші Арал теңізі мен Сырдария өзенінің атырабын қорғаудың орнына Қамыстыбас көл жүйесін одан әрі жою және Сырдария өзенінің толық таяздануы жөнінде нақты саясат жүргізуде. Бұл таяу уақытта әлемдік ауқымдағы орны толмас экологиялық апатқа алып келеді. Жоғарыда келтірілген фактілерді ескере отырып, Конвенциямен қорғалатын аумақта Қазақстан Республикасы бастамашылық жасайтын және іске асыратын жобалардың заңдылығын қарауды және оларды толық тоқтату бойынша күш салуды сұраймыз», — делінеді үндеуде.

Бұл мәселеге облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова өңір тұрғындарымен интерактивті кездесу барысында, мемлекет басшысының қатысуымен өткен үкімет отырысында көтергенін айтты.

– Бұл міндетті шешу үшін бізге су қоры қажет. Біз бірқатар суқоймалар салуды жоспарладық. Бұл мәселені тиісті мамандар мен сарапшылар қарастырады. Биыл Қараөзек суқоймасының құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз. Жалпы, қосымша зерттеулерден өтетін осындай алты нысан салынады, — деген-ді әкім.

Мәселенің екінші қырына үңілсек, Арал ауданында салынбақшы кальцийленген сода зауыты Қызылордадағы табақ шыны шығаратын кәсіпорынның негізгі шикізат көзі болып табылады. Өйткені кальцийленген сода — шыны шығаруға арналған басты ингредиенттердің бірі. «Елімізде оны өндірмесе, сырттан келетін шикізат шаш етектен шығынға апармақ. Кальцийленген сода көбінесе шыны, металлургия өндірісінде, сондай-ақ синтетикалық жуғыш заттар, тыңайтқыштар өндірісінде қолданылады. Айта кету керек, шыны құрамының  30  пайызы  оның құрамындағы негізгі компонеттердің бірі саналатын кальцийленген содадан құралады. Сондықтан да негізгі  тұтынушысы   шыны зауыты болмақ. Оған қоса, зауыт іске қосылғанда 700-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылмақ», — дейді облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының мәліметінде.

Кальцийлендірілген сода зауытының болжамды құны — 93,5 миллиард теңге. Бүгінде кәсіпорынға шамамен 2 миллиард теңге салынған. Биыл Қазақстанның Даму банкінің қаржыландыруын ескере отырып, тағы 18 миллиард теңге бөлінбек. Жалпы, жобаны іске асыруға кететін қаражаттың 80 пайызын ҚДБ инвестициясымен игеру жоспарланып отыр. Сода күлінің алғашқы партиясын шығару 2023 жылға жоспарланған. Зауыттың қуаттылығы — жылына 300 мың тонна «А» маркалы кальцийленген сода және 315 мың тонна «В» маркалы сода. Кәсіпорында 1000 жұмыс орны құрылатын болады, зауытқа арналған жер учаскесі Арал ауданында 100 гектарды алып жатыр, шлам қоймасына 500 гектардан астам жер бөлінген.

Тегтер: зауыт фабрика мәселе қарсылық

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 11.06.2021, 11:11
Кім кінәлі?: Жауап берсін!
М.СӘУЛЕБЕК 10.06.2021, 17:45
Мегаполис бюджеті 2,7 есеге көбейген
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 10.06.2021, 14:13
Бір дүкеннің маңынан үш күннің ішінде екі мәйіт табылды
Мариям МАҚСАТ 10.06.2021, 12:04
«1 млрд теңгелік ескерткіштің ар жағынан жемқорлық «қылтиып» тұр»
Сайт әкімшілігі 08.06.2021, 16:45
Елордада 49 мектеп аралас тілде, 34 мектеп қазақ тілінде білім береді
Миуа БАЙНАЗАРОВА 08.06.2021, 14:00
Сыр елінің құт-берекесі неге қашып тұр?!

Аңдатпа


  • Кім кінәлі?: Жауап берсін!
    11.06.2021, 11:11
  • Ресей деградацияға ұшырауда
    10.06.2021, 10:33
  • Түнгі жол (Әңгіме)
    08.06.2021, 12:00
  • Жеңсең, жүз атаң табылар еді...
    08.06.2021, 10:30
  • Қазақ тілінде оқымаған бала ұлттың ұлы бола ала ма?
    03.06.2021, 09:02