«Аралтұздан» неге шу шықты?

Миуа БАЙНАЗАРОВА

09.09.2021, 10:07

918

«Аралтұз» – йодталған ас тұзын шығаратын республикадағы жалғыз орын. Мыңға жуық жергілікті халықты жұмыс­пен қамтып отырған кәсіпорынның өні­міне алыс-жақын шет мемлекеттерден де сұраныс көп. 2012 жылы жаңа инвестор келуіне байланысты мұнда біраз игілікті жұмыстар жүзеге асырылды. Атап өтсек, 2013 жылы «Аралтұз» акционерлік қоғамы өз қаражаты есебінен жаңа цех салды. Оған испан өндірісінің заманауи технологиялары сатып алынып, жаңарған желі іске қосылды. Бұл өз кезеңінде тағы 125 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді. Тұзды қалталау цехы да барынша жаңартылып, Санкт-Петербург қаласынан шығарылған бес «Питпак» автоматы өнім көлемін арттыруға ықпал етті. Қос цехтан бірінші сортты ас тұзы өндірілді. Өндірісті дамытудың жоспарына сәйкес, мар­кетингтік зерт­теулер нәтижесінде мал азығына қажетті брикеттелген тұз өндіру қолға алынды. Қазір ол бөлімшесінде 40-тан астам адам жұмыс істейді.

Келешегі кемел тұз өндірісін дамыту – индустриялық саясаттың басым бағыты. Бәсекеге қабілеттілікті арттырған «Арал­тұз» бүгінде күллі Қазақстанның бетке ұстар кәсіпорнына айналды. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мем­лекеттік бағдарламасы аясында кәсіпорын өткен жылы инвестиция көлемі 2 мил­лиардтан астам теңгені құрайтын жаңа испан технологиясын өндіріске енгізді. Сол арқылы еңбек өнімділігін екі есеге ұлғайтты, яғни бұрын кәсіпорын айына 5-6 мың тонна тұз өндірсе, енді тұз көлемін айына 12-13 мың тоннаға дейін жеткізді. Нәтижесінде тек Ресейге өнім шығарған кәсіпорын сыртқы нарықты кеңейтіп, ТМД мен Еуропа елдеріне өз өнімін шы­ғара бастады. Бұл өз кезегінде экспортқа шығарылған өнім көлемін үстіміздегі жылы сегіз айда өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 15,6 есеге арттыруға ықпал етті. Өзгелер экономикалық қиыншылық кезең­ді бастан өткеріп жатқан шақта «Арал­тұз» жұмыс ауқымын көбейтіп, қыз­меткерлер санын арттыруды жоспарлауда. Оған қоса, кальций қосылған сода шығару секілді ірі жобалар жүзеге аспақ. Осы­лайша Арал дағдарыстан дамушы аймақ­қа айналып отыр.

 «Аралтұз» АҚ «Жақсықылыш», «Жақ­сықылыш-2» және «Жақсықылыш-3» кен орындарындағы сульфат-натрий қатты пайдалы қазбаны барлауға жер қойнауын пайдалану құқығын табыстау бойынша конкурс жеңімпазы болып табылды. Жоба қуаты жылына 200 мың тонна болса, инвес­тиция көлемі 220 млн АҚШ долла­рын құрайды. 

Соңғы күндері әлеуметтік желілерде Арал ауданына қарасты Жақсықылыш кентіндегі еліміз бойынша ас тұзын өндіруші ірі кәсіпорын саналатын «Аралтұз» АҚ жұмысшыларының мәселелері талқылануда. Осы ретте атап өткен жөн, бұған дейін ағымдағы жылдың тамыз айында «Аралтұз» АҚ-ның жұмысшылары жалақыны көтеру және жұмыс барысында қажетті құрал-жабдықтар мен арнайы жұмыс киімдерімен қамтылу қажеттілігі турасынды мәселелерін жеткізген болатын. Соған сәйкес, 17 тамызда аудан әкімі Серік Сермағамбетовтің төрағалығымен «Үшжақты әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі» аудандық комиссия отырысы өткізілді. Нәтижесінде қадамдық іс-шаралар жоспары әзірленіп, оның ішінде акционерлік қоғамға ұжым қызметкерлері арасында жасалған ұжымдық шартты қайта қарау және көзделген талаптардың орындалуын қамтамасыз ету жөнінде хаттамалық ұсыным берілді. Осыған орай, 24 тамыз күні «Аралтұз» АҚ-ның жұмысшылары мен басшылық арасында арнайы жиналыс өткізіліп, хаттамаланып, аудан әкімдігіне жолданған болатын. Бұдан бөлек, 31 тамыз күні аудан әкімідігінің ғимаратында аудан басшысының қатысуымен құқық қорғау органдарының және «Аралтұз» АҚ вице-президенті Ғ.Сержанов және президент кеңесшісі А.Тауасаровпен кездесу өткізіліп, мәселе жан-жақты талқыланды. Кездесу барысында «Аралтұз» АҚ басшылығы 2022 жылдың қаңтар-ақпан айынан бастап қана жұмысшылардың жалақыларын көтеруге мүмкіндік жасалатынын жеткізді. Дегенмен жиын қорытындысымен аудан әкімі С.Сермағамбетов жалақы көтеру мәселесін осы жылдың ішінде көтеруді және зауыт жұмысшыларын арнайы киіммен, қажетті құралдармен қамтамасыз етуді және ұжымдық шартты қайта пысықтауды ұсынды. Алайда күні кеше «Аралтұз» АҚ жұмысшылары зауыт ауласында бас қосып, өз наразылықтарын білдіріп, жалақыны 50 пайызға көтеруді талап етті. Орын алған жағдайға сәйкес, аудан әкімі С.Сермағамбетов дереу жұмысшылар жиналған орынға келіп, еңбек заңнамаларына сәйкес түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар «Аралтұз» АҚ президентінің кеңесшісі А.Тауасаров алдағы 10 күн мерзімде жұмысшылардың жалақысын көтеру мәселесін қарастырып, нақты жауабын беретінін жеткізді.

 «Аралтұз» АҚ қазіргі таңда жұмыс істеп тұрған жоқ. Аудан әкімі С.Сермағамбетовтің төрағалығымен аудан көлеміндегі еңбек саласындағы жауапты тұлғалармен, кәсіподақ өкілдерімен, аудандық құқық қорғау органдары басшыларының қатысуымен арнайы кеңес өткізілді. Кездесуге негізгі бастамашыл топтың өкілдері, цех басшылары, кәсіпорынның кәсіподақ ұйымының төрағасы және жұмысшылар қауымы қатысты. Жұмысшылар тарапынан тағы да жалақыны 50 пайызға көтеру қажеттігі ұсынылды. Бұл мәселе бойынша «Аралтұз» АҚ президенті – акционер Д.Мұқашевпен ZOOM платформасы арқылы кеңес өткізілді. Кеңес барысында акционер тарапынан қыркүйек айының 1-інен бастап басшылық құрамнан бөлек, жұмысшылардың жалақысын 12,5 пайызға, жыл соңында жоспар орындалса әр жұмысшыға 42 500 теңгеден сыйақы беруге және 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап тағы да жалақыны 10 пайызға көтеруге қатысты шешім қабылданғаны туралы айтылды. Онлайн кеңестен кейін тиісті азаматтар кәсіпорынның ауласына шығып, жұмысшылармен кездесу өткізді.

Аймақта табысты жұмыс істеп келе жатқан өндіріс орны уақыт өте келе қызметкерлерінің тілін тауып, мәселе оң шешімін табады деп сенеміз.

Тегтер: зауыт фабрика мәселе қарсылық

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Тоқтар ҒАБДРЕШҰЛЫ 15:00
Оралда көкөніс өсіру тиімді бизнес
Миуа БАЙНАЗАРОВА 08:40
Әділхан ЖӨЛЕКЕШОВ: Оқушыларымыз карантиндік талапқа сай білім алуда
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 20.09.2021, 18:23
Қарағандыда құрылыс басында қазалы жағдай орын алды
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 20.09.2021, 16:55
Нұралықтар-қауырт қимыл үстінде
Таңшолпан ҒАЗИЗҚЫЗЫ 17.09.2021, 11:38
Қоқыс та қордалы мәселе
Мариям МАҚСАТ 17.09.2021, 09:13
«Басшымыз күн көрсетпейді»

Аңдатпа


  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39