Арманын аспаннан тапқан ару

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

10.03.2021, 11:39

1029

Оның  бар болмысы тұңғиық аспан әлемімен астасты, зеңгір көкте құстай самғауды армандады. Тәңір табанды қызды көңілде көксеген мұратына жеткізді.

Қарағанды авиабазасындағы жігіттердің ішінде  аққудай болып жалғыз әскери ұшқыш қыз жүр. Әскери формадағылардың арасынан оны өзгелерден ажырату қиын. Аға лейтенант Айдана Ботай атағынан ат үркетін  СУ -30CМ ұшағымен әуеде именбей, батыл қалықтайды.  Ержүрек ару  Орталық Азия аумағында осынау жойғыш ұшақтың жаңа буынын меңгерген  әзірге тұңғыш нәзік жан. Бірінші болған соң ба, кәсіби шыңдалуда өзіне қатал талап қояды.

– СУ -30CМ қазіргі заманға сай, көп функционалды міндетті атқарады. Кез келген ауа райында әрекет ете алады. Жаңа маневрды әуеден картаға түсіретін каналы бар. СУ -30CМ ұшағының радиолокациялық көздегіші шабуылдаушы-штурмовик ретінде жердегі нысанды дөп тауып, соққы береді. Қос міндетті бір мезетте атқаратын алпауыт әуе техникасын тізгіндеу үшін мергендік, ептілік және  шеберлік  секілді қасиеттерді қалтқысыз меңгеру қажет, – дейді әскери ұшқыш Айдана Ботай.

Әуеде қалықтауға құштар ару аспаннан ләззат алады. Тылсым көк аспанның құдіреті сол – қателесуді көтермейді. Қалт кетсең,  бір сәтте құрдымға кетесің.  Айдана  қуатты қарумен жасақталған ұшақты меңгеру үшін  терең білім жинады, ерен ерлік пен ерекше ептілікті меңгерді. Ілкімді ізденісін үздіксіз толықтырып отырады. Бұл әдетін бір сәт тоқтатқан емес.  Себебі әскери ұшқыш әрдайым осы үрдісті ұстануы керек.  «Сүйікті ісімді жетілдіру жолында  өрісімді кеңіткен сайын өрем ашылады», – дейді ол.

   – Айдана ұшу дайындығының барлық талаптарын толық орындай алады. Оқу-материалдық базасына қатысты ешқандай  кемшілігі жоқ. Шығару бағдарламасының  тең жарты шартын меңгерді.  Кәсіби сынақ барысында  сауатты және жауапты ұшқыш ретінде жақсы жағынан көрініп отыр. Ол ер әріптестерімен  қатар иық тіресіп келді. Біздің жұмыста жынысына қарай  жеңілдік жасалмайды. Әскери ұшақты  мықтылар ғана меңгереді.  Қай кезде де, сапалы салада ерік-жігері қайратты, техникалық білімі зор мамандар жұмыс істейді, – дейді авиациялық эскадрилья командирі, полковник Бірімжан Түлүпбаев.

       Қайсар бойжеткен  болашағына бала шағынан көз салған. Жасынан табиғатына дес бермей өсті. Айтуынша, ағасына ілесіп  әскери машиналармен ойнаған екен. Қара танып, көзқарасы қалыптасқан тұста  ғылыми-техника саласы бойынша  журналдарды жаздырып оқыған. Әуелден басталған  әуе машинасына  құштарлығы  өсе келе, оның  қыр-сырын меңгеруге, кейін  мамандық таңдауына жол ашты.  Ізденіс ізімен ол Екінші дүниежүзілік соғыста аты аңызға айналған қыз-келіншектер авиаполкінен шыққан ұшқыш қазақ қызы Хиуаз  Доспанова мен  қаhарман ұшқыш батыр Нүркен Әбдіров жайлы деректерге қанығып, ұлт үшін туған тұлғалардың ерлігіне  тамсанып, әскери ұшқыш болудағы арманын ұштады. Қайсарлығы зор табанды ару Алматыдағы Авиация академиясының «Әуе кемелері мен қозғалтқыштарды ұшуда пайдалану» мамандығы бойынша білім алып, шыңдалады.  Әскери ұшқыш қыз  жоғары талап үдесіннен  көріну  үшін TL-2000, Tecnam Р-2002, Diamond DA42 маркасындағы екі қозғалтқышты жеңіл ұшақтарды басқаруды озық меңгерген.  

Құлқынның қамы мен шеннің соңына түскен  кейбір ерлердің іс-әрекеті қоғамды  қажытқан тұста Отанды кім қорғайды деген мәселе өзекті бола түскендей. Осындайда бір өзі бірнеше жігітке татитын Айданадай бірегей ұшқыштар  азаматтар арасынан неге көптеп шықпайды? Білім кем бе, әлде жүрек дауаламай ма, жоқ әлде рух түгесілген бе?!  Одан қалса,  Ақтамберді абыз жырлаған:

«Жағасы алтын, жеңі жез,

Шығыршығы торғай көз

Сауыт киер ме екенбіз?!» – деп,  жауына  сойқан салуға ұмтылған батыр бабалардың сарқыты қайда?!  Пейіл өзгерді ме, заман ауытқыды ма?  Қоғамның бітпейтін  азғындығымен  күресеміз деп жүріп, одан маңыздысы – Отан деген ұғымды ұмытамыз-ау...

Тегтер: әуе кемесі еңбек талап мамандық білім

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 16.04.2021, 14:45
"Зорлау фактісін біле тұра жасырған" - мектеп директоры сот алдына келді
Мариям МАҚСАТ 16.04.2021, 10:32
«Қабырғасы құлай ма» деп қорқамыз»
Нұрболат ӘЛДИБЕК 16.04.2021, 10:01
«Өз еркіңмен қызметіңнен кет деп жатыр»
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 15.04.2021, 11:50
«Солтүстікке көшсек» дегендер жетерлік
Тілек ҚАЙЫРБЕКҰЛЫ 14.04.2021, 20:36
Жасыл экономика сән бе, әлде қажеттілік пе?
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 14.04.2021, 09:16
Құба даланы бұғаттағандарға бұғалық неге салынбайды?

Аңдатпа


  • «Қабырғасы құлай ма» деп қорқамыз»
    16.04.2021, 10:32
  • 20 жыл тұрған баспанамыздан қуып жатыр (видео)
    15.04.2021, 12:06
  • Қонаевқа неге соқтыға береміз?
    14.04.2021, 09:08
  • Дағдарысты ауылдан жауап
    09.04.2021, 08:46
  • Жылқы бағып, мотоцикл мінген әзиз әжелер
    08.04.2021, 14:24