Ауылды орталықтан басқару неге тиімсіз?

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

30.06.2021, 17:37

2904

«Еліміз ауылды көтеру үшін соңғы 20 жылдың аралығында ұзын-ырғасы 15 бағдарлама қабылданған екен. Онымен көркейген ауыл қайда?  Сонда халықтың  қаражатынан құралған бюджеттің миллиондаған инвестициясы желге ұшқаны ма? Құмға сіңген судай, құрдымға кеткен триллиондаған қаржы тиімсіз қолданылды», – деп қынжылысын білдіруде бұрын аймақтың үш бірдей ауданын басқарып, кейін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы болған Ниқан Омарханов.

– Ұрандатқан аты бар атаулы бағдарламалар береке бермеді. Саны бар да, сапасыз болды. Саланы басқарған ешбір министр ауыл шаруашылығын аяқтан тұрғызбай кетті. Даңғазаға айналған жоспардың залалын  ауылдағы қараша тартып келеді.  Десек те, қырдағы  қараша тырбанып, жадағай өмір сүруде. Сайып келгенде, ауылды дамытудың төте жолы қандай?  Еліміздегі ауыл шаруашылығына жоғарыдан төмен саяси-экономикалық, ғылыми-практикалық бетбұрыс керек. Тоқетерін айтқанда, сала министрлігін қайта құрып, оның ныспысын «Ауылдық аймақтарды дамыту және азық-түлік қауіпсіздігі министрлігі»деп өзгерткен жөн. Осылайша қайта жасақталған министрлік ауыл мен ауыл шаруашылығын дамытудың стратегиялық бағыттарына жетекшілік етіп, қадағалау құзыретін мейлінше бекемдеуге тиіс. Бұл орайда,   министрлік биіктен айырылды деп үркудің қажеті жоқ. Сала министрлігі жалғыз-ақ  агроөнеркәсіпке иек артпай, елді мекендегі әлеуметтік салалардың материалдық базасына, сонымен қатар инфрақұрылымына да жауапты, қадағалаушы, беделді орган болмақ, – дейді тәжірибесі мол, аудан әкімі болған қоғам белсендісі.

– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары  шаруашылығы бекем, халқының саны тығыз, дәулеті жарасқан талай аудандар оңтайландыруға оңбай ұшырап, мәртебесінен айырылғаны мәлім. Ауылды бір орталықтан басқаруды жою реформасы жоғарыдан түскен бұйрықпен емес, әр өңір оны дербес жүргізсе, қолжетімді нәтиже күтуге болады, – дейді Омарханов.

      Мәселен, ауылдың әлеуметтік саласындағы, инфрақұрылым жағдайын жақсартуға не кедергі? Әр аудан-ауылдың жағдайы мен қажеттілігін, ондағы тығырықтан  шығудың жолын Нұр-Сұлтандағы емес,  облыс, аудан басшылары неғұрлым терең біледі. Себебі кең-байтақ еліміздегі әр аймақ, тіпті әр елді мекеннің жағдайы әрқалай емес пе?  Бейнелеп айтқанда, шөлейтті аймақтың қиындығынан шығуды шалғынды жерден шыққан шаруа білмеуі әбден кәдік. Түптеп келгенде, байтақ даланың пұшпағында жатқан ауылды астанадағылар басқару санаға сыймайтын әрекет. Бұған отыз жылда елдің көзі жетті.

           Жасыратыны жоқ, үкімет ауыл шаруашылығы министрлігінен қаржы аямады. Триллиондаған теңге ауылға және ауыл шаруашылығына бағышталды. Алайда одан өркені өскен ауылды көрмей отырмыз. Көрінісі солған ауыл, кетеуі кеткен техника, жүдеу-жадау кейіптегі қора-қопсы. Өгіз аяңмен келе жатқан шаруашылықтар. Айналып келгенде, мемлекет қаражатының желге ұшқанын осы мысалдар дәлелдеп отыр. Бұдан шығатын қорытынды: осындай қайыры болмаған бірыңғай орталықтандырылған қаржыландыруды доғаратын уақыт келді.  Енді  не істеу керек? Әлбетте, ауыл шаруашылығын қаржыландыруды трансферт арқылы әр облыстың еркіне беру қажет. Бұл дегеніңіз, біріншіден, облысаралық бәсекелестікті орнықтырады, екіншіден, ауылды өркендетудің дербес әрі нарыққа сай тың  жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік  ашады.

Спикерді толғандырып жүрген келесі мәселе – аймақтардағы әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының (CПК)  қаржылық тиімділігіне қатысты пікірі  ойланысқа салады.  Оның айтуынша, ауыл тұрғындарын арзан әрі ұзақ мерзімге кепілдендіретін несиемен қамтамасыз етуге болды.

– Ол үшін бұрнағы «ҚазАгро» құрылымдары өкілеттігін, яғни (АКК, КАФ, ФППСХ) «Бәйтерек» ұлттық компаниясынан шығарып, облыстағы ӘКК қарамағына берген дұрыс. Өйткені әр өңірдегі ӘКК қарамағындағы  еркін экономикалық аймақ  мүмкіндігін қалауынша пайдаланып, ауылшаруашылық техникасын, оған қажетті қосалқы бөлшектер шығаратын өнеркәсіптер ашып, ел аумағында бірлескен экономикалық байланыс орнатуды бүгінгі нарық  бұйырып отыр. Мысалы,  бір аймақта трактор құрастыратын зауыт ашылса, ендігі бірқатар облыстарда  әлгі техниканың қосалқы бөлшектерін жасайтын өндірістер қоса құрылса, өнімді өзімізше оқшаулау пайда болады. Республика кәсіпорындарының алдыңғысы шөп шабатын, келесісі шөп жинап, артатын, өзгесі жер жыртатын техника жасағанда, дамудың даңғыл соқпағына түсеміз, – дейді ауыл шаруашылығының білікті маманы Ниқан Омарханұлы.

Маман айтқан болжамға сүйенсек, ауылды көтерудің сатылы бағыты біртіндеп республикадан  облыс-ауданға ойысса, ауылдан өндірілетін өнім көлемі көбейіп, сапасы да жақсарар еді. Ал бұл іске асса, әр облыстың жеке бағдарлама қабылдауына мүмкіндік туады. Ал үкімет бақылауға алатын жоғары қадағалаушы орган ретінде қала бермек.    

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Еркежан АРЫН 27.05.2023, 19:33
Алматыда ішімдікке тәуелділердің саны 7,5%-ға азайған
Сайт әкімшілігі 27.05.2023, 10:45
Алматыда "Халық заңгері" кең ауқымды акциясы өтті
Сайт әкімшілігі 26.05.2023, 17:00
Оңтүстіктегі диқандар су тапшылығын тартып отыр
Сайт әкімшілігі 26.05.2023, 16:00
Оралдағы тергеу изоляторы құрылысын аяқтауға тағы 6 миллиард теңге қажет
Б.СӘРСЕНБІ 25.05.2023, 16:30
Шіркеймен күрес тамызға дейін жалғасады
Еркежан АРЫН 25.05.2023, 09:00
Алматы жастары арасында суицидтің алдын алу жұмыстарының маңызы

Аңдатпа


  • Келген қазақ құжатсыз, туған бала тұрақсыз
    26.05.2023, 10:25
  • Қазақтың жерін саудалап жүрген кім?
    26.05.2023, 09:51
  • Құқығың бұзылса, депутатқа айтасың, депутат бұзылса, кімге айтасың?
    26.05.2023, 09:13
  • Ғинияттың 207 мың кемшілігі
    25.05.2023, 10:00
  • Орталық Азияның «отағасы» кім?
    25.05.2023, 09:31