Байқоңырлық балалар ресейлік білім жүйесін таңдауда

Нұр-Қасым ЖОМАРТ

09.12.2020, 09:08

1415

Екі мемлекеттің заңымен өмір сүретін Байқоңырда білім беру жүйесі де қазақстандық және ресейлік болып екіге бөлінеді. Ал қазақстандық оқушылардың төрттен бір бөлігі ресейлік білім беру жүйесін таңдап отыр. Бұл неліктен?

2050 жылға дейін Ресейдің қарамағында болатын Байқоңырдың ерекшелігі сол – қала екі елдің заңымен өмір сүреді. Бүгінгі Байқоңырда 77 мыңнан астам адам тұрады, олардың 70 пайызы қазақстандықтар. Қалада 9300-ге жуық мектеп оқушысы бар. Олардың ішінде отандық оқу бағдарламасымен 5236 бала оқыса, қалған 4049 бала ресейлік оқу бағдарламасымен білім алады. Мұнда қазақстандық – бес, ресейлік жеті мектеп орналасқан.

Қызылордадан сайланған сенатор Мұрат Бақтиярұлы оқушылардың ҰБТ тапсыруында және еліміздің жоғары оқу орындарына түсуінде қиындықтар барын айтады.

– Ресейлік оқу бағдарламасымен оқитын жергілікті оқушылар ҰБТ-дан өте алмайды. Өйткені тестілеудің міндетті пәндері – Қазақстан тарихы, қазақ тілі және әдебиеті орысша оқу бағдарламасында жоқ, – дейді сенатор.

Осы жайтқа орай, сенатор премьер-министр Асқар Маминге сауал жолдап, мәселені шешуде көмек сұрайды.

Сонымен, Байқоңырдағы қазақстандықтардың басым бөлігі балаларын неге ресейлік мектептерге береді? Мүмкін, оларға қазақстандық мектептерде орын жетіспейтін болар немесе балалар қазақстандық жоғары оқу орындарына түсуге ниетті емес пе? Ата-аналар таңдауына қандай себептер болуы мүмкін? Осы мәселеге орай, бірталай пікір естідік.

2015 жылға дейін тек Ресей бағдарламасымен оқыған жергілікті балалар  бес жылдан бері қазақ және орыс тілдерінде қазақстандық бағдарлама бойынша оқып келеді.

Отандық бес мектеп оқулықтармен және басқа да қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мектептерде педагог мамандар тапшылығы жоқ, биылдың өзінде түрлі мамандықтағы 18 жас маман жұмысқа қабылданыпты. Олардың қатарында қазақ тілі мен әдебиеті, ағылшын тілі, математика, бастауыш сынып және тағы басқа мамандық иелері бар.

Ата-аналар мұғалімдер мен оқулықтарға қатысты пікірлерін айтқанымен, аты-жөндерін айтудан бас тартты. Балаларын Ресей мектептеріне беретін ата-аналардың бір бөлігі өз болашағын Қазақстанмен байланыстырмайтындар, олар, әрине, Ресей азаматтары. Ал Қазақстан азаматтары ше?! «Ресей мектептерін бітірген оқушылардың көпшілігі Қазақстан азаматтығына қарамастан, жергілікті жоғары оқу орындарында білім алуға ынталы емес. Мәселен, менің балам қазақстандық, бірақ Ресей мектебінде оқиды, оларға Қазақстан тарихын, қазақ тілін оқу ұсынылды, бірақ ұлым Ресей университеттерінің біріне түсетінін айтты», – дейді байқоңырлық тұрғын.

Ал кейбір ата-аналар елде қалатындарын айтса да, балаларын Ресей мектептеріне беріп жатыр. Олардың айтуынша, Қазақстан тарихын мектептен тыс, интернеттегі кітаптардан, ал қазақ тілін үйде-ақ оқытамыз дейді. Уәждеріне сенсек, орыс мектептерінен нақты пәндер бойынша білім алуды жөн көреді екен. «Ондағы мұғалімдер кеңес заманынан қалыптасқан білім жүйесімен оқытады. Сондықтан өзіміз кезінде білім алған жүйемен оқығанын қалаймыз», – дейді тағы бір ата-ана.

Байқоңырлық қазақ мұғалімінің өзі баласын ресейлік мектепке беріпті. Ол орыс бағдарламасының оқулықтары ұнайтынын әрі түсінікті екенін алға тартады. «Қазақстандық бағдарлама тым күрделі. Мен өзім ағылшын тілі пәнінің мұғалімімін, сондықтан бастауыш сыныптарға арналған қазақстандық ағылшын тілі оқулықтарын қарап отырып, олар азов тілінен, ең бастапқы деңгейден бастап тілді оқыта алмайды», – дейді мұғалім. Оның пікірінше, орыс мектептеріндегі оқулықтар балалардың ағылшын тілін біртіндеп үйренуіне бейімделген.

      Он бес жылдық өтілі бар тәрбиеші де осындай пікірде. «Мен қазақстандық жалпы білім беру бағдарламасы бойынша білім алып жатқан балалармен  жұмыс істеймін. Олар қазақстандық мектепте орыс тілінде оқытатын сыныптарда оқиды. Ата-аналар оқулықтардың күрделі екенін, ал ресейлік оқулықтардың қарапайым, бала санасына бейімділігін айтады. Мәселен, зер салып қарасақ, орыс оқу бағдарламасы түсінікті материалмен толтырылған, бағдарламалары, тақырыптары дәйекті түрде беріледі», – дейді ол. Оның тағы бір айтқаны – ресейлік оқулықтарда толық түсініктемелер беріледі, ал қазақстандық оқулықтарда түсініктемелер жеткіліксіз, егер оқушы сабақта мұғалімнің айтқанын бірден түсінбесе, онда оқулықтағы тақырыптың өзін табу қиынға соғады-мыс.

«Қазақстан өз мектептерінде Оксфорд бағдарламасына көшкен, – дейді жергілікті репетитор. – Ата-аналар баласының білімі үшін репетиторларға артық ақша жұмсауға мәжбүр, олар оқушыларға түсініксіз нәрсені қосымша түсіндіреді. Оқулықтардың өзінде де қателер жеткілікті. Ал білім деңгейі оқулықтардың сапасына байланысты», – деді ол.

Тағы бір себеп – Ресей мектептерінде сабақ офлайн өткізіледі, яғни балалар мектепке келіп, әдеттегідей партада отырады, ал Қазақстан мектептерінде сабақ онлайн немесе қашықтан өтуде.

Бұдан не түйеміз? Оқулықтарымыздың сапасы сын көтермейтіні рас. Әрі бала жасының қалыбынан жоғары деңгейде оқылатын, түсінетін сөз-сөйлемдер де бала санасына ауыр тиетінін байқап жүрміз. Ендеше болашағымызды өзгелердің білімімен сусындатпау үшін әліппеміз бен ана тілімізді ұғынықты етіп алайық.

Тегтер: білім қаражат мемлекет мәселе онлайн оқу жоба ғалам

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 15.01.2021, 10:02
Бөлекбаев қарағандылықтардың қалтырап отырғаны үшін кешірім сұрады
Миуа БАЙНАЗАРОВА 15.01.2021, 09:54
Жол сапасы неге нашар?
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 15.01.2021, 08:53
Жедел жәрдем мамандары қысым көргендерін айтып шу шығарды
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 14.01.2021, 16:52
Шахтадағы апат: кеншілердің бірі қаза болды, қалғандары ауруханада ем алуда
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 14.01.2021, 13:07
Ленин шахтасында апатты жағдайдан машинист шыға алмады
Нұрболат ӘЛДИБЕК 14.01.2021, 12:19
Таразда Қонаевқа ескерткіш қойылады

Аңдатпа


  • «Жас Алашым» – жастық шағым
    15.01.2021, 10:07
  • Қуат Хамитов: Қазағы көп жерге кетіп барамын
    14.01.2021, 13:01
  • «Әр таңымызды үреймен қарсы аламыз» (видео)
    14.01.2021, 11:41
  • "Жас Алаш" жазды, Егіндібұлақ елінің еңсесі көтерілді
    13.01.2021, 07:11
  • Жұрт жадындағы Жолдасбек
    10.01.2021, 00:33