Бақылаушының өзіне бақылау керек

Тоқтар ҒАБДРЕШҰЛЫ

27.04.2021, 10:55

3218

Коронавирус індеті елдегі санитарлық-эпидемиологиялық саланың үйреншікті жұмысын ұмыттырып, барлық назарды пандемиямен күреске аударып жіберді. Бірақ одан қызмет сапасы жақсарып жатқан жоқ.

Жақында қолымызға бір қызық құжат түсті. Жергілікті Антикор БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің жұмысындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелін талдапты (шығыс №9-1/1142, 12.03.2021 жыл). 2019-21 жылдар аралығын қамтыған тексеріс нәтижесінде біраз олқылық анықталған. Мәселен, қызметкерлерді материалдық ынталандыруда бірізділік сақталмаған. Лауазымдық жалақыға үстемені тексеріс шараларына тікелей баратын аудандық және қалалық басқармалардың мамандары және департаменттегі дәл осындай құзырет жүктелген қызметкерлер алып отыр. Сөйте тұра, 2020 жылдан күні бүгінге дейін департаменттегілер бірде-бір рет тексеруге шықпаған. Соған қарамастан, 2021 жылдың қаңтар және ақпан айларында бөлім басшылары лауазымдық жалақысының 50 пайызы, бас мамандар – 60, ал жетекші мамандар 45 пайызы көлемінде үстемеақы алыпты. «Сарбаз ұйқыда, қызмет жүріп жатыр» деген осы болар.

Ең сорақысы, тәртіптік жазаға тартылған жекелеген мамандар жаза мерзімі бітпей жатып бұйрықпен жауапкершіліктен босатылып отырған, кейбіріне сыйақы төленген. 2020 жылы департаменттің баспасөз қызметінің бас маманы, Ақжайық аудандық басқармасының екі қызметкері дәл осындай жолмен жауапкершіліктен ерте босатылған. Сыйақы берілетін кезде жауапкершіліктен босату, өкінішке қарай, көп жерде үрдіске айналып отыр. 

Қолданыстағы заңдылыққа сәйкес, сыйақы көлемін қазір департамент басшысының өзі белгілейді. Бұдан сыйақыны ала-құла тағайындау мәселесі туындауда. 2020 жылы Наурыз мерекесіне орай, 149 қызметкерге орта есеппен лауазымдық жалақысының 93,3 пайызы мөлшерінде, сегіз қызметкерге 145-146 пайызы мөлшерінде сыйақы берілген. Ал бес қызметкер 20-50 пайыз көлемінде ғана сыйақы алған. Нақты тоқталсақ, Орал қалалық басқармасының үш маманына 30 пайыз сыйақы тағайындалса, тап осы басқарманың қалған мамандарына 93,3 пайыз, ал екі бас маманға ала-бөле 146 пайыз көлемінде сыйақы тағайындалған. Осыған ұқсас жағдай Бөкей ордасы аудандық басқармасында да орын алған.

Департамент аппаратындағы сыйақы тағайындау өз алдына бөлек жыр. «Өзім дегенде, өгіздің қара күші бар» деген халық нақылы осыларға қарата айтылған ба дерсің. Сөзіміз дәлелді болу үшін тағы да Антикордың анықтамасына жүгінейік.

2020 жылдың 15 мамырындағы №170 ж/қ бұйрықпен департамент қызметкерлеріне жалақыларының 65 пайызы көлемінде сыйақы төленген. Департаменттің барлық бөлім басшылары, соның ішінде бюджеттік жоспарлау және бухгалтерлік есеп бөлімінің басшысы мен барлық бас мамандары 100 пайыз сыйақыны қалтаға салған.

Арада бір ай өткенде, яғни сол жылдың 11 маусымындағы №227 бұйрықпен бюджеттік жоспарлау және бухгалтерлік есеп бөлімінің басшысы мен барлық бас мамандарына, персоналды басқару қызметінің жетекшісіне тағы 100 пайыз көлемінде сыйақы берілген.

«Тәбет тамақ ішкенде келеді» демекші, 23.09.2020 жылғы №511 бұйрық негізінде жоғарыдағы мемлекеттік қызметшілер лауазымдық жалақыларының 66 пайызы мөлшерінде, 23.09.2020 жылғы №512 бұйрық бойынша департаменттің өзге қызметкерлерімен бірге тағы да жалақыларының 34 пайызы мөлшерінде сыйақы алған.

«Дәніккеннен құныққан жаман» дегендей, 2020 жылдың 11 қарашасындағы №632 бұйрықпен баяғы сол бюджеттік жоспарлау және бухгалтерлік есеп бөлімі тегістей лауазымдық жалақыларының 100 пайызы көлемінде сыйақыға қарық болыпты. Елде пандемия өршіп тұрған уақытта ақ халаттылар күндіз-түні аурумен алысып жатқан кезде қаржыны бұлайша оңды-солды шығындау, жұмсартып айтқанда, адамгершілікке жатпайды, қатты айтсақ, барып тұрған бассыздық дер едік.     

Департамент мамандары мемлекеттік қызметкерлерді қайта даярлау, біліктілігін арттыру курстарынан да дұрыс өтпей отыр. 2020 жылы жоспарланған 20 адамның 11-і оқымаған, биыл 17 адам оқуы керек болса, оған тіпті қаржы да қарастырылмаған.  

Оған қоса, мұндағы бірқатар қызметкерлердің, ішінде басшылық құрам да бар, кәсіби санитарлық-эпидемиологиялық салаға қатысты кәсіби білімдері жоқ көрінеді. Мысалы, департаменттің персоналды басқару қызметі жетекшісінің мамандығы – «көлік, көлік техникасы және технологиялары»; техникалық регламенттер талаптарының сақталуын қадағалау бөлімі жетекші маманының мамандығы – «әлеуметтік ғылымдар», «маркетинг»; санитарлық-гигиеналық бақылау және қадағалау бөлімі жетекші маманының мамандығы – «техник-құрылысшы». Жәнібек, Шыңғырлау аудандық басқармаларында «заңгерлер» бөлім басқарса, Казталов, Тасқала аудандық басқармаларында да бас маман позициясында «заңгерлер» отыр. Кәсіби білімнің болмауы саладағы жұмыс сапасына кері әсерін тигізетіні айтпаса да түсінікті жағдай.  

Антикордың талдауы барысында белгілі болған кемшіліктердің бірі –  басшылардың бір орында ұзақ отыруы. Атап айтқанда, Шыңғырлау, Казталов аудандық басқармаларының басшылары 17 жылдан аса уақыт, Бөкей ордасы аудандық басқармасының басшысы 12 жыл, Жаңақала аудандық басқармасының басшысы тоғыз жыл, Ақжайық, Бөрлі аудандық басқармаларының басшылары бес жыл бір орында отырған көрінеді. Бір сөзбен айтқанда, департаментте  кадр ротациясы ақсап жатқаны анық байқалады. Ротацияның болмауы сыбайлас жемқорлық тәуекелін арттыратыны бесенеден белгілі жайт.

Қорыта айтқанда, Батыс Қазақстан санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіндегі ахуал жоғарыдағы құзырлы органдардың құлағына жетіп, тиісті шаралар алынса дейміз.

Тегтер: медицина коронавирус ПТР тест анықтама

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 10:49
Сенаторлар ауылдарды аралап жүр
Сайт әкімшілігі 10:44
Несібесін «Еңбектен» тапқан кәсіпкер
Миуа БАЙНАЗАРОВА 13.05.2021, 18:17
Қамбаштан бақ тайды
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 13.05.2021, 15:49
Сұлулық қуғандар жер сипап қалды
Нұр-Қасым ЖОМАРТ 13.05.2021, 14:40
Бордақы малдан жем қымбат
Сайт әкімшілігі 13.05.2021, 10:46
"Hayat-vax" вакцинасы Түркістанға жеткізілді

Аңдатпа


  • Қор болған Қазақстан
    11.05.2021, 11:12
  • Сүйегі табылған қазақ сарбазының жақындары іздестірілуде
    07.05.2021, 09:09
  • Марат ТОҚАШБАЕВ: Саясаттағы тоқырау экономикалық тоқырауға соқтырды
    06.05.2021, 09:21
  • Жалақорға жауап
    06.05.2021, 09:09
  • «Олар ұлт сатқындары!»
    29.04.2021, 09:06