Баянауыл әкімі туризм жайлы не біледі, өзі?

Мариям МАҚСАТ

29.10.2021, 09:04

680

Осыдан бірнеше жыл бұрын еліміздің ТОП-10 демалыс орындарының қатарына кіретін Баянауылда туристерді қысы-жазы қабылдауға қатысты жоспарлар әзірленген еді. Алайда аудандық әкімдік істің бәрін кәсіпкерлер, басқармалар мен министрліктердің «мойнына» артып, шеттен «көрермен» болып қарауды құп көретін сыңайлы әсер қалдырады.

Жыл сайын жаз кезінде Жасыбай көлінің аумағында ине шаншыр орын болмайды. Соңғы жылдары Сабындыкөл мен Торайғыр жағасында да демалушылардың қатары көбейіп келеді. Тіпті жаздың аптап ыстығында сергіп қалуды қалайтын жұртқа эпидемиологиялық жағдай мен санитарлық талаптар да  кедергі емес. Ресми деректерге сүйенсек, жыл басынан бері «Баянауыл» ұлттық табиғи паркінің аумағына 56 200 демалушы келді. Бұл тек статистикалық дерек. Одан бөлек, кіру ақысын төлемей, сырттан айналып келгендер қаншама?! Ал түптеп келгенде, Жасыбай көлінің жағасында бір жылда әрі кеткенде 50 мың адам демалуы тиіс. Демалушы саны одан көп болса, көлдің өзі де, аумағы да лайланары анық.

Бірақ туристердің есебінен табыс табуды көздейтін кәсіпкерлер бұл жайтты назарға ілер емес. Биыл көл жағасында үш бірдей демалыс аймағы ашылса, келер жылдары тағы бірнеше жоба жүзеге аспақ. Мысалы, 2022 жылы Жасыбайдан 400 метр қашықтықта 60 адамға арналған Diamond Jasybai коттедждер қалашығы бой көтереді. Ал 2023 жылы Сабындыкөлдің жағасында мейманхана салынып, киіз үйлер тігіледі. 

«Жасыбай бір жылда 50 мың адамды ғана қабылдауға қауқарлы болса, неге жаңа демалыс үйлерінің құрылысына рұқсат беріледі?», «Бұл экологияға одан әрі қауіп төндірмей ме?» деген ойлардың туындайтыны заңдылық. Баянауыл ауданының әкімі Қанат Кәрімов мұндай сауалдарды экология министрлігіне жолдауға кеңес берді. «Бұл сұрақты экология министріне қойыңыз! Ұлттық табиғи парктің аумағы осы министрлікке қарайды. 2000 жылдары жерді қалай болса солай берген соң, көлдің жағдайы қалай өзгергені жұртқа белгілі. Ал енді демалыс аймақтары үшін жердің неге және қалай беріліп жатқанын министрліктегілер бізге қарағанда жақсы біледі», – деді Қанат Кәрімов.

Аудан басшысы қысқы туризмді дамытуға қатысты мәселелерге де жауапты емес болып шықты. Осыдан бірнеше жыл бұрын Мырзашоқы тауында арнайы база ашылған болатын. Кейін бұл кешен сенімді басқару арқылы «Мырзашоқы-Қаражар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қолына өтті. Әупірімдеп жүріп тауға апарар жол салынды. Бірақ әлі күнге дейін су жоқ. Қанат Сәрсенұлының пайымынша, сумен қамту мәселесін кәсіпкердің өзі реттеуі керек. «Біз компания басшылығына «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасы арқылы инженерлік желілерді тартуға кеңес бердік. Мемлекеттік қолдауды пайдалану-пайдаланбау  бизнестің өз еркі», – дейді Қанат Кәрімов.

Сол сияқты бірнеше жыл бойы «жыр» болып келе жатқан шаңғы-роллерлік трассаның қалай және қашан салынатынын дөп басып айта алмады. Себебі жобаны Павлодар облыстық туризм және спортты дамыту басқармасы әзірлеп жатқан көрінеді. Осыдан соң «Өзіңіз басқаратын аудандағы туризм жайлы не білесіз, Қанат мырза?» демеске лаж жоқ.

Тегтер: туризм экономика үкімет қаражат

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 17:45
Шиелі ауданында 3297 жаңа жұмыс орны ашылды
Сайт әкімшілігі 16:19
Шиелі ауданында 3297 жаңа жұмыс орны ашылды
Бифат ЕЛТАЕВА 12:21
Ғибраты мол байқау
Сайт әкімшілігі 08:37
Павлодарда лак-бояу өнімдері қоймасында алапат өрт болды
Сайт әкімшілігі 26.11.2021, 13:30
Қарағандыда тағы бір ферроқорытпа зауыты ашылды
Сайт әкімшілігі 26.11.2021, 12:16
Жезқазған ақыны Қарағандыда өткен республикалық айтыста Бас жүлде иегері атанды

Аңдатпа


  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    26.10.2021, 11:14
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    19.10.2021, 10:30