«Білімнен ерекшелік іздеймін...»

Қашықтан оқытудың Сыр еліндегі ерекшеліктері

Миуа БАЙНАЗАРОВА

15.09.2020, 03:46

400

Жаңа оқу жылы басталған сәттен бері ата-аналарды балалардың қалай білім алатыны, мектептердің оқуға әзірлігі алаңдатуда. Себебі жаңа оқу жылы ерекше жағдайда басталды. Дегенмен ата-ана, мұғалім, балалардың көкейінде қандай да бір сұрақ туындамауы керек. Шын мәнінде Сыр елінің оқу жылына даярлығы қалай болды? Балалар қалай қашықтан оқуда? Кезекші топтардағы сабақтар қалай жүруде? Осы сауалдарға жауап іздеген біз  облыстық білім департаментінің басшысы Ақзира Қасымовамен тілдескен  едік.

Биыл Қызылорда облысындағы 293 мектепте 169 143 оқушы білім алуда. Оның ішінде 1-сыныпқа 18 423 бала қабылданды. Облыстағы 220 мектеп «BilimLand», «Дарын-онлайн» интернет платформалары арқылы қашықтан білім алса, шалғай орналасқан елді мекендегі 73 мектеп дәстүрлі түрде оқып жатыр.

Ақзира Бақтыбайқызының айтуынша, ата-ана өтінішімен 1-4 сыныптар үшін кезекші топтар ашылған.

– Жаңа оқу жылында оқушыларды оқытудың екі ерекшелігі бар. Біріншісі – кезекші топтар құру. 1-4 сыныптар ата-аналардың дербес өтініштері негізінде ашылды. Бұл топтарда 15 оқушыдан артық бала оқытылмайды. Ең бастысы, бала қауіпсіздігін қамтамасыз етуіміз керек. Санитарлық талаптар қатаң сақталады. Балалар бір кабинетте оқиды. Әрбір кезекші топтың жұмысы белгілі алгоритмге сәйкес жүргізіледі. Біздің өңірде 1-4 сыныптардағы 28 694 оқушы 2104 топта дәстүрлі әдіспен білім алуда. Екіншісі – шалғай елді мекендердегі оқушыларды дәстүрлі әдіспен оқыту. Қазіргі таңда өңірдегі 65 мектепте 6575 оқушы күнделікті сабаққа барып жүр, – дейді Ақзира Қасымова.

Сыр еліндегі жаңа оқу жылының ерекшеліктері де аз емес. Биыл 1 қыркүйектен бастап 58 қалалық мектеп жан басына шаққандағы қаржыландыру әдісіне көшті.

Қаржыландырудың жаңа талабы мектептер арасында өзара бәсекелестік орнатып, материалдық базаны нығайтуға жұмсалатын қаржыны бала санына сәйкес, біркелкі бөлінуіне ықпал жасайтын болады. Яғни бала қайда барса, қаржы да сонда барады. Демек, директорлар арасында бәсеке артып, білім беру ошақтарының материалдық-техникалық базасы жақсарады.

Жыл сайын ата-аналар тарапынан жаңа мектептердің салыну мәселесі де алаңдатады. Өңірде соңғы жылдары демографиялық өсімнің жоғары болуының нәтижесінде жаңа мөлтекаудандар бой көтеріп, орын тапшылығы мәселесі көтерілуде. Бұл әкімдіктерден жаңа мектептерді тез салуды талап етеді. Облыста Қызылорда қаласында және Жалағаш ауданында екі мектеп пайдалануға беріледі. Сонымен қатар төрт мектептің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде, шенділердің айтуынша, Қызылорда қаласында 600 орындық, Арал ауданы Сексеуіл кентіндегі 300 орындық мектеп құрылысы жыл соңында аяқталады деп күтілуде.

Білім басқармасы «мектептердегі орын тапшылығын жою мәселесін жеке мектептер арқылы шешудеміз» дейді. Сондықтан болар, осы жылы ынталы кәсіпкерлер Қызылорда қаласында 500 және 300 орындық екі жеке мектептің құрылысын бастапты.

Балалардың қашықтан оқитыны белгілі. Соңғы кезде жергілікті биліктің дайындығына байланысты ата-аналардың алаңдауы басым. Әсіресе балаларға компьютер, планшет беру мәселесінде түсінбеушіліктер жоқ дей алмаймыз. Дегенмен жауапты басқарма мәселені шешудің тиімді жолын тауыпты.

Аймақ атқамінерлері техникалық құралдармен қамтамасыз етуді үш жолмен шешуді ұйымдастырып отыр. Ең әуелі мектеп балансында тұрған құралдар келісімшарт негізінде уақытша пайдалануға беріледі. Республикалық бюджет есебінен алынатын  22 мың ноутбук, планшет пен компьютерді мектеп балансына тіркеп, аз қамтылған отбасынан шыққан балаларға уақытша пайдалануға тарату басталып кеткен. Бұдан бөлек, оқуға қажетті 1116 дана электронды құрылғы демеушілер арқылы балаларға беріліп жатыр.  

– Электронды құрылғылар мен интернетті қажет ететін аса мұқтаж оқушылар демеушілер және мектептегі компьютерлер есебінен қамтамасыз етілуде. Мектептерге жергілікті бюджет есебінен қосымша 2635 планшет алынды. Қазіргі таңда 357 ноутбук пен планшетті үйден оқитын, мүмкіндігі шектеулі балаларға, 140 планшетті арнайы түзету мектеп-интернаттарда білім алатын оқушыларға тарату жоспарлануда, – дейді сала басшысы.

 Жақында Сыр елінде облыс педагогтарының тамыз кеңесі ұйымдастырылды. Жиын барысында білім саласындағы өткір мәселелер мен алда тұрған міндеттер айқындалды. Жиында жаңалықтар да аз болмады. Соның бірі – дарынды оқушыларды демеу. «Өңірдегі талантты балаларды демеу шаралары жаңа оқу жылында тың әдістермен дамиды», – дейді Ақзира Бақтыбайқызы.

Биылдан бастап Қызылорда өңірінде Назарбаев зияткерлік мектебімен бірге, «Ауыл мектебі» пилоттық жобасы іске асып жатыр. Жаңақорған, Сырдария аудандары мен Қызылорда қаласындағы үш мектепке осы жоба енгізіледі.

Жыл сайын тамыз кеңесінде өңірдің үздік мектебі анықталып, білім беру ұйымына 17 млн теңгенің сертификаты табысталатын. Биыл да бұл дәстүр жалғасын тапты. Бұл жолы арнайы грант ауыл мектебіне бұйырды. Аталмыш жүлдеге Қазалы ауданындағы №249 мектеп-лицейі лайық деп танылды. Мектеп соңғы он жылда  100-ден астам «Алтын белгі» иегерін түлеткен. Жыл сайын мектеп бітірушілердің  80 пайызы мемлекеттік грантты иеленеді. Сандық технология мен ғылымға басымдық береді. Ол үшін арнайы үйірмелер жұмыс істейді. Облыстағы «ең үздік білім ордасы», пәндік олимпиада нәтижесіне сәйкес, «Ең үздік ауыл мектебі» аталымын иеленіп, білім ошағына 17 миллион теңге қаржы табысталды.

Білімдегі басты нәтиженің бірі – балалардың білім грантын иелену межесі.

Биыл 6060 бітірушінің 5064-і, яғни 83,5 пайызы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты. Нәтижесінде жоғары оқу орындарына құжат тапсырған 3948 талапкердің 77 пайызы, яғни 3058 бала грантиегері атанды. 

Айрықша атап өтерлігі, педагогикалық мамандарды жоғары дәрежеде қолдау нәтижесінде педагог мамандығына түсу межесі 70 ұпайға жоғарылаған. Соның жемісі болар, биыл мектеп бітіруші түлектер арасында педагог мамандығын таңдаған талапкерлердің қатары көбейген. 980 түлек педагогикалық бағытқа басымдық беріп, жоғары ұпай жинаған талапкерлердің басым бөлігі ұстаздық жолды таңдап отыр. Әсіресе ер балалардың үлесі артып келеді.

Қазіргі еңбек нарығында оқушылардың кәсіби бағыт алуы, мектеп бітірушілердің мамандық таңдауы мен олардың болашақта білім алу траекториясын анықтау – кезек күттірмейтін мәселе. Осы ретте, жаңа мамандықтар атласы негізінде оқушыларға кәсіби бағыт-бағдар беруде кемшін тұстар бар екені аз айтылып жүрген жоқ. Бұл мәселе бойынша өңір оқушыларына кәсіби бағыт беруді төменгі сыныптардан бастап жүргізу қолға алынбақшы.

Биылғы пандемия жағдайында балалар үйден білім алғаны белгілі. Соның салдарынан балалардың психологиясында да өзгерістер орын алды. Бұл ретте, аймақ педагогтары мен психологтары маусым айынан бастап сегіз арнайы психологиялық қолдау орталығын ашты. Арнайы орталықтар тек балаларға ғана емес, сонымен қатар өздерінің көмегіне жүгінген ата-аналарға да қызмет көрсетеді. 

– Білімнен ерекшелік іздейтінім жасырын емес. Биылғы оқу жылынан бастап барлық білім беру ұйымдарына «Құңдылықтарға негізделген білім беру» жобасы енгізілмекші. Сондай-ақ балаларға патриоттық тәрбие беруде жаңа оқу жылында 53 инновациялық мектепте факультативтік негізде домбыра сағаттары бөлінетін болады.

Дана халқымыз «Ұстаздық ету – талабы ешқашан таусылмайтын, заманы ешқашан ескірмейтін кәсіп» деп, мұғалім мамандығына ерекше ықылас танытады. Сыр елінің педагогтары да жаңа оқу жылын жақсы бастамалармен бастауға ниетті. Ал оқушылар қашықтан оқып, білім алудың жаңа форматына сай оқуды жалғастырады. Түйіндеп айтқанда, білім саласындағы өзгерістер оң бағытқа ойыса бастауы керек. Осы орайда, жауапты сала басшыларынан бастап, мектеп, ата-ана, ұстаздың бірлескен әрекеті аса қажет. Оның нәтижесі уақыт еншісімен бағаланады.

Тегтер: білім қаражат мемлекет мәселе онлайн оқу жоба ғалам

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Нұр-Қасым ЖОМАРТ 27.11.2020, 14:48
Прокурор экс-әкімге 8 жыл сұрады
Айшуақ АРАЙ 27.11.2020, 13:20
Сотталушылар наразылық көрсетіп Жезқазған түрмесіне тергеу тобы барды (видео)
Сайт әкімшілігі 27.11.2020, 10:49
Пневмониядан 5 адам көз жұмды
Сайт әкімшілігі 26.11.2020, 17:56
Оңалту орталығына жасалған сый
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 26.11.2020, 10:18
Өндірісті өлке өміршеңдігін танытты
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ 26.11.2020, 09:20
Бір Өскеменге екі Пушкин әділет пе?

Аңдатпа


  • Қабырғасы қақыраған құрылыстан қашан құтыламыз?
    11:09
  • Қазақстанда қылмыстың 12%-ын әйелдер жасайды
    16:52
  • 30 пайыз: «Шымбұлақ» жаңа маусымды карантиндік шектеулермен бастады
    13:30
  • Солтүстік Қазақстанда бүтін бір ауыл қар суын ерітіп ішіп отыр (видео)
    27.11.2020, 09:35
  • Жастарға жол бермей жатқан ешкім жоқ
    27.11.2020, 09:16