Биотехнопаркті мақсат еткен Аэлита

Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ

20.10.2020, 04:51

776

Жұрт арасында «Айка» атанып кеткен Аэлита Ахметсәлімқызымен Зайсан ауданына барған сапарымда кездейсоқ таныстым. Сауыр тауының түкпіріне түрен салып, отандық туризм саласын дамытуға бет бұрған қазақ қызының қайсарлығы туралы бұған дейін де құлағым шалған емес-ті.

– «Айкаға» барсаңыз, Зайсан өңірінің табиғи ерекшелігін жақсы танып қайтар едіңіз,– деді аудан әкімі Серік Зайнулдин. – Оның туған өлке табиғатымен тамырласып кеткен болмысының өзі ғажап. Марал өсіріп, қырғауыл ұстап, жалпы табиғат байлығына қамқорлықпен қарау жайын білгіңіз келсе, Аэлитаның тындырып жатқан ісін көргеніңіз жөн деп ойлаймын. Бір «әттеңі» ол жаққа жол қатынасын жақсарту оңайға түспей тұр.  

    Аудан басшысының әңгімесі еріксіз назарымды аударды. Бұған дейін туған жерінің табиғатын жетік білетін қорықшылар туралы сан мәрте естіп-біліп жүргеніммен, әйел затының тау қойнауына өз қалауымен барып, демалыс үйін салып, жарық тартып келушілердің қызығушылығын арттыруға барын салып жатқанын естіген соң, «жақсыны көрмекке» деген тәмсілге сүйендім...

   Жаңатұрмыс ауылының сыртындағы сүрлеуге түскен көлігіміз тауға қарай тартқанда, әкім айтқан жол қиындығы байқала бастады. Бірнеше жерден жылай ағып, көлденеңдеп өтетін Жеменей өзені өлкенің сары-жасыл жапырақ жамылған ағаштарына әлсіз ғана қуат беріп тұр. Күздің ызғары өрлеген сайын өңменіңнен өте түсетіні де көзге ұрып тұрғандай. Өрлеп келе жатып, арнайы қоршау ішімен жүріп өттік.  

— Бұл жерде де қырғауыл мен тауысты қолға үйреткен Аэлитаның ісіне таңғаласың. Жұрттың бәрі қалаға ағылып, сол жақтан жылы орын іздеп жүргенде, өз ісін туған өлкемен байланыстырған «Айканың» жұмысына жігіттердің өзі бел байлап кірісе алмайтыны анық,–  деді сапарласым, ішкі саясат бөлімінің басшысы Зумрат Дүйсембайқызы.

   Іштей намысқа тисе де мойындауға тура келді. Бірақ жолдың қиындығының осылай болуы заңды да сияқты. Өйткені кереметке ешбір адам қиын жолсыз қол жеткізе алмайтыны анық. Аудан әкімінің орынбасары Қанағат Қалиолланың сөзіне сүйенсек, Сауыр, Сайқан тауларындағы тастың өзінің сайрап тұратын тарихы мол. Тау түкпірі тұрмақ, Зайсанға жетудің өзі сынға түсіп тұрғанда, туған жер табиғатының ерекшеліктерін жеткізу тынымсыз еңбекті талап етеді. Ол жағынан әзір Фемистокл атты қарияның алдына түсер адам кемде-кем.

  Сонымен Сауыр тауының биігіне көтерілгенімізде табиғатқа көрік берген ағаш үйлерді көзіміз шалды. Қазақы сөзбен айтқандай, екі иығына екі кісі мінгендей делінетін еңгезердей келіншек шыға келгенде, «Айка» екенін айтқызбай таныдым. Ақжарқын екен, жатсынбастан жақынын көргендей алға жетелей жөнелді. «Кімсің, қайдан келдің?»…  Дәстүрлі сұрақтан соң, атқарып жүрген шаруасымен таныстыра келіп, қазақы қонақжайлылықпен дәмге шақырды.

   Аэлита Ахметсәлімқызы шынымен де қоршаған ортаға қамқорлықпен қарайтын қайсар жан болып шықты. Өлке аңғарын мекен еткен аң-құсының тарихына да жетік екен.

— Өткен ғасырдың отызыншы жылдарына дейін осы өлкеде адам көзіне түсуден сескенетін қырғауыл көп болған деседі. Негізінде Алматы облысы, Жетісу өңірі, Шымкент жақтың бәрінде бар. Ал біздің Шығыстан кездестіруіңіз неғайбыл болған. Тек Аягөз жақта болғанға ұқсайды сирек те болса… Содан 1984 жылы 32 бас қырғауылды әлдебір адам әкеліп қоя береді. Оның кім болғанын нақты білмеймін, бірақ қырғауылдар қанша жыл өтсе де өз өлкесін сезінген болса керек, бірден көбейген. Обалы не, 2010 жылы қар қалың түскенде, көбейген қырғауылдар түгелдей қырылып қалды. Оны көрген соң, мамандығым эколог әрі биолог болған соң ба, әлде осы жер үшін жанымды беруге даяр тұратындықтан ба, Алматы облысынан жұмыртқалай да әкеліп өсіруге барымды салдым. Алғашқы жылы 160 бас, одан кейін 142 бас кәдімгідей өсіріп қоя беріп отырдым. Кейін өз-өздерінен көбейе түсті. Биыл өз басым 78 қырғауылды дала төсіне «ұзаттым». Жыл сайын бес бас аналық, бес бас аталық қалдырып отырамыз да, сосын нәтижесі осылай болады, – дейді Аэлита.

 Кейіпкеріміздің айтуынша, биолог, эколог мамандығын меңгергені өз алдына денешынықтыру пәнінің мұғалімі мамандығына да қол жеткізген. Заңгерлігі тағы бар. Дегенмен, атасынан дарыған қанына біткен қайсарлық қандай іске де болсын, тәуекелділікке жетелейді де тұрады.

«Мақсатым – биотехнопарк салу»

 Өлкенің ерекшелігіне тереңдей енген Аэлита Ахметсәлімқызының бір мақсаты – иелігіне алған жерін келешекте биотехнопаркке айналдыру екен. Семейдегі биологиялық орталықтың жайынан хабары бары байқалды. Ал биотехнопарктің өз айырмашылығы бар.

— Биотехнопарк салуға жай қиялшылдықтан беріліп отырғаным жоқ. Менде табиғатқа, аң-құс ерекшеліктеріне, биология, зоологияға қатысты қатысты бес мыңнан астам кітап қоры бар. Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы осы саланың ғалымдарымен байланыс орнатып, биотехнопарк ашуға кіріссем деп отырмын. Оған әрине, қыруар қаражат керек. Осы аумақты қоршау жағы тағы бар. Бір шақырым жерді қоршау құнының өзі – 7 млн теңгеге барады. Ал менің қоршауды мақсат еткен жер аумағы – 30 шақырым аумақты алып жатыр. Егер көздеген мақсатыма көз жеткізсем, келешекте «хангу» тұқымдас марал өсіруді мақсат етіп отырмын. «Қызыл кітапқа» енген болса да, іздестіре білсең, табуға болады. Ол үшін әрине, тиісті орындарға ресмихат жолдап, «хангу» өсіруді қолға алатыныңды түсіндіруің қажет. Әрине, жоспар құрмай, жан-жақты ақпараттарды білмей, ұмтыла беруге болмайды. Оны зерттеп те жүрмін. Бұйырса, болып қалар деген ойдамын, –дейді А.Ахметсәлімқызы.

 Әңгіме тиегін ағытқан сайын әсерлі де қызықты табиғат ерекшеліктерін тізбелей жөнелетін «Айканың» айтуынша, аң атаулыны тар қапаста ұстап, қызықтап отыру адамгершілікке жатпайды. Тек туған жерін сүйе біліп, тынысына құлақ түрген қай перзенті болсын, оларды еркіндікте аялап өсіруге ден қоюы қажет. Он шақырым аумақта жүрсе де, отыз шақырым аумақта ойнақтаса да өзінің табиғи еркіндігін жоғалтпағаны абзал. Ал тар қапаста, амалсыз бұрыш айналып тұрған аңның шерін екінің бірі ұғына бермейді.

    Марал өсірудің маңызы

Жоғарыда баяндағанымыздай, кейіпкеріміздің марал өсіретіні рас екен. Айтуынша, жүз бастан жоғары марал бағып отыр.

– Олардың қанша төлі барын өзім де білмеймін. Өйткені марал төлі аяққа тұрғанша, жан баласына көрсетпейді. Үш жүз гектар аумақтың қай түкпірінен іздерсің?! Аралап келе жатып тосыннан басып қалып, білмесең, еш таба алмайсың. Биіктігі 2,85 метр сеткамен қоршап шыққанымның өзі бір әңгіме, –дейді Аэлита. 

   Сауырдың сай-саласын тамыршыдай тап басқан оның айтуынша, марал өсірудің мән-маңызы зор. Марал мүйізін кесіп, қан құрамынан дайындалатын пантының ұлт саулығы үшін қаншалықты пайдасы бары айтпаса да түсінікті. Ресейде оған жете мән беріліп отыр. Мәскеу, Санкт-Петербордың қалаберді, елдің «мен» деген мықтылары демалыстарын Таулы Алтайда өткізеді. Өйткені онда жалпы саны 400-500 мың басқа дейін марал ұстайтын шаруашылықтар бар. Оларға мемлекеттік деңгейде қолдау көрсетіліп отырады. «Сондықтан онсыз да аз қазақтың ұрпақ саулығын ойласақ, алдымен марал шаруашылықтарын көбейтуге назар аударғанымыз абзал» дейді А.Ахметсәлімқызы..

   Жалпы, құпияға толы Сауыр тауының қойнауынан өз орынын айқындаған Аэлита Ахметсәлімқызының үлкен іске бел буғаны байқалады.  Сөз арасында іргелес Жаңа тұрмыс ауылындағы тепсе темір үзетін жігіттердің спортқа ден қоятын шағы жеткендігін де айтып қалды. Дзюдоны шебер білетін ол кейінгі толқындағы сол ауылдың бір жас жігітімен әңгімелесіп тұрып, тізесінен қағып қалып, шалт қимылмен шалқасынан түсіргенін де айта кетті. Сөз астарынан жеңгеніне масаттану емес, сол бір алақандай ауылдағы мектептен шағын спортзал ашып, күрес матын апару керектігін көлденең тартты.  

  Бұл, әрине, әйел заты емес, ауданның «мен» деген азаматтары назар аударатын мәселе екендігі түсінікті. Аудан әкімінің орынбасары Қанағат Қалиоллаұлы жаңатұрмыстық жастарға қажетті күрес матын алып беруді қарастыруға уәде берді.

  

   «Жақсыменен өткізген жарты сағат, жаманның өтіп кеткен ғұмырындай» деп бабаларымыз айтпақшы, шамалы уақыт тілдесіп отырып, Зайсан табиғатының ерекшеліктеріне ерте бастан ден қойып, тау қойнауынан рухтанған қазақтың қайсар қызының әр қадамына сәттілік тілеп, аттандық.

Іштей бір ғана сөз көкейге кептеле береді:

«Жарайсың, Айка!» деген...

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Мариям МАҚСАТ 17:49
Ұлттық Ұлан сарбаздары Павлодарға жете алмай әлек болды
Тоқтар ҒАБДІРЕШҰЛЫ 16:57
Қар жауғанда тал егу қаржы жымқырудың тәсілі емес пе?
Тоқтар ҒАБДІРЕШҰЛЫ 10:30
Орман оталса, Орал «өкпесінен» айырылады
Нұр-Қасым ЖОМАРТ 23.11.2020, 18:46
Қызылордада жаңа әуежай салынбайды
Сайт әкімшілігі 23.11.2020, 16:59
"Ешбір тыйым болмай тұрған тойларды тоқтату керек" - Шөкеев
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 23.11.2020, 12:59
13 жастағы жасөспірім жоғарғы қабаттан құлады

Аңдатпа


  • «Жас Алаштың» себепкер болуымен көп балалы ана жер алды
    23.11.2020, 11:20
  • Құны 68 мың теңгелік бетперденің қандай мақсатта алынғаны белгілі болды
    12:41
  • Үгіт-насихат материалдарын "Жас Алашқа" ұсыну тәртібі туралы мағлұмат
    23.11.2020, 18:42
  • Семинарға сенбеңіз, қаржылық сауаттылық туралы оқытқан алаяқ ұсталды
    23.11.2020, 10:49
  • Ауыз шаюға арналған сұйықтық коронавирусты емдей ме?
    23.11.2020, 09:56