04.03.2021, 12:55
1199
Ақмешіттің тарихында тағы бір құны қымбат өнеркәсіптік нысан іске қосылмақ. Ол – Арал ауданындағы кальцийленген сода шығаратын зауыт. Жобаның болжамды құны – 93,5 миллиард теңге, бірақ пандемияның кесірі құрылыс шығындарын едәуір арттыруы мүмкін. «Бұл кальцийлендірілген сода өндіретін Қазақстандағы алғашқы кәсіпорын болады», – деді «Арал сода» ЖШС директоры Санжар Оспанқұлов инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі өңірлік кеңестің отырысында.
– Жоба толығымен іске асыруға дайын, бірақ, өкінішке қарай, коронавирустық инфекция пандемиясы жобаға түзетулер енгізді. Бүгінде зауытқа 2 миллиард теңгеге жуық қаржы салынды. Биыл Қазақстанның Даму банкінің қаржыландыруын ескере отырып, тағы 18 миллиард теңгенің инвестициясын игеру жоспарланып отыр. Кәсіпорынның құрылысын бастау наурыз айына жоспарланған, кальцийлендірілген соданың алғашқы партиясын шығару 2023 жылға жоспарланып отыр, – деді Санжар Оспанқұлов.
Әзірге қағаз жүзінде ғана бар зауыттың қуаттылығы – жылына 300 мың тонна «А» маркалы кальцийленген сода және 315 мың тонна «В» маркалы сода. Кәсіпорында 1000 жұмыс орны ашылмақ, зауытқа Арал ауданынан 100 гектар жер телімі және өнім қалдықтар (шлам) қоймасына 500 гектардан астам жер бөлінді.
Айтпақшы, әні-міне ашылады деп жүрген Қызылордадағы шыны зауытына қажетті шикізат компоненттерінің бірі ретінде осы кальцийленген сода қажет. Жоспар бойынша шыны өндіретін зауыт 2017 жылы іске қосылуы керек еді. Бірақ «Бишімбаев ісіндегі зауыт» деп жиі аталатын табақ шыны шығаратын тағы бір өте қымбат кәсіпорынның құрылысы әлі күнге аяқталмай тұр.
Қызылордадағы бұл қымбат жоба тәулігіне 600 тонна өнім шығаратын табақ шыны зауыты республикалық Индустрияландыру картасы аясында басталған еді. Оның тапсырыс берушісі және операторы – «Orda Glass Ltd» ЖШС. Бұл серіктестік 2015 жылдың ақпан айында арнайы шыны жобасы үшін құрылған. Кәсіпорынның құны – шамамен 150 миллион доллар. Бастапқыда зауыт «ARP Company» ЖШС, «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ және Stewart Engineers (АҚШ) компаниялары акционерлерінің қатысуымен салынды. Бірақ мол қаржы жүрген жерде «бармақ басты, көз қыстыға» жол берген биліктегі шенділердің кесірінен құрылыс жұмыстары, алдымен мердігерлердің ауысуы, содан кейін жобаға қатысушылардың бірінің «ойыннан» шығуы салдарынан баяулады.
Сөйтіп, сыбайластыққа бейжай қарамайтын америкалық қатысушылар жобадан шықты. Бүгінде құрылысты China National Building Materials Қытай ұлттық құрылыс материалдары корпорациясының еншілес компаниясы – қытайлық China Triumph International аяқтамақ.
Бұл корпорация да шыны зауытын 2020 жылдың соңында іске қосуды жоспарлаған болатын, бірақ төтеннен келген індет кедергі келтірді. Соның салдарынан Қытайдан Қазақстанға инженерлік мамандарды әкелу қиынға соқты. Ал қытайлық мамандарсыз зауыт жабдықтарын орнату, іске қосу сынды негізгі жұмыстар әзірге тұралап тұрмақ.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР