28.05.2021, 10:08
1558
Еліміздің бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлының Қарағанды өңіріне жасаған сапарынан осындай ой түюге болады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) төрағасы аймақ басшысымен кездесу барысында облыстағы діни ахуалдың жай-жапсарын қаузады. Ұлтымыздың рухани мұраларын түлету жолындағы бетбұрыстан мұндағы мешіттер ұмыт қалмаған. Бұл діни саясаттың ел өмірінде елеулі үлесі барын ескертеді. Республикамыздың дінбасы аймақ жетекшісі Жеңіс Қасымбекке аймақтағы дін саласын ілгерлетудегі қамқорлығы үшін ризашылығын жеткізді.
– Жаңа мешіттерді ашу жолында кездескен қиындықтарды шешуге үнемі қолғабыс тигізіп келесіз. Бұл бізге үлкен көмек әрі демеу екені айтпаса да түсінікті. Жағымды жаңалықтың тағы бір жарқын көрінісі – «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Әлихан Бөкейханов, Қазыбек би, Жақып Ақбай, Қажыбай қажы секілді ардақты тұлғалардың есімдері облыстағы бірқатар мешіттерге берілді. Қарағандыда салынып жатқан имандылық үйі, бұйыртса, Бұқар жыраудың атын иемденбек. Жақсы үрдіс келешекте жалғасын тапса, қоғамға да пайдасы зор болмақ, – деді мемлекетіміздің дінбасы.
ҚМДБ төрағасы облыс әкімімен дидарласу барысында бірқатар ұсыныстарын айтты. Соның бір парасы – «Ас беру», «Зират» және «Зиярат» мәдениетін қалыптастыру бағытында бірігіп жұмыс жүргізуге шақырды. Жеңіс Қасымбек діни басқарманың игі бастамасына ілтипат білдіре келе: «Имамдар зираттардың сәулет стандартын сақтау қажеттігі жөнінде жамағатқа насихат жүргізсе», – деген өтінішін білдірді.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР