Жетісайдың әкімі елді қашанғы өтірікпен жарылқайды?
15.10.2020, 04:12
2927
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «еститін мемлекет» бастамасын өкінішке орай, жер-жердегі әкімдер елең қылмай келеді. Әсіресе, «бүгін-ертең зейнетке кетемін» деп отырған Жетісай ауданының әкімі Жамантай Бейсенбаевқа дәл қазір «екі қойың бір сом» болып тұр.
Жетісай өңірі халқының негізгі күнкөрісі – мақта. 12 жыл бұрын мақта зиянкестеріне қолданылатын, адам ағзасына аса қауіпті улы химикаттардан бас тарту туралы мәселе көтердім. Осы бастамаларға қолдау болып, биофабрика салынды. Қазір олардың саны – 23-ке жетті. Осы биофабрикалардан шығарылатын биоагенттер мақта егістіктерінде дамитын зиянкестердің табиғи реттегіштері болып табылады. Алайда әлі шешілмеген бірқатар проблема бар. Биозертханаларды стандарттау, биоагент өндірушілердің техникалық құрал-жабдықтары мен басқа да сапаларды куәландыратын, техникалық паспорты мен сәйкестік сертификатын беретін мекеме болуы тиіс. Бұл ұсыныс үш жылдан бері айтылып жүргенімен қолдау таппай келеді. Ал кейбір биофабрика мен биозертханалар талапқа мүлдем жауап бере алмайды. Сапалы энтомофаг өндіруді қадағалайтын «Биосапа» зертханасын іске қосу заман талабы. Зертхана өңірдегі кәсіпкерлердің күшімен ашылып, биоагент өндірушілерге ақылы қызмет көрсету арқылы өзін өзі қаржыландырар еді. Сонымен бірге, энтомофаг сапасын арттыратын және сапалы биоматериалдармен қамтамасыз ететін аналық биозертханалар ашу қажет. Қазіргі уақытта аналықты жергілікті кәсіпкерлер Өзбекстаннан контрабандалық жолмен әкеледі.
Осы мәселе бойынша премьер А.Маминге, ауыл шаруашылығы министрі С.Омаровқа, облыс әкімі Ө.Шөкеевке хат жаздым. Себебі, жергілікті әкімдерден қайыр жоқ. Әсіресе, Жетісай ауданының әкімі Жамантай Бейсенбаев елді өтірік уәдемен «жарылқаудан» әріге аспай тұр. Мақта зиянкестерімен күресте улы химикаттан бас тартып, биоәдісті дамыту жөнінде әкімге хат жаздым. Жауап жоқ. Әкім қайта елдің денсаулығына қауіпті улы химикат сатушылардың жағдайын жасап отырған сияқты. Көп шаруалар биоәдістің түпкі мәнін түсінбейді. Осыған байланысты Ж.Бейсенбаевқа шаруаларға арнап, семинар өткізу жөнінде ұсыныс білдірдім. Әкім «Мақта егіліп біткен соң ұйымдастырамыз» деді. Бірақ айтылған уақытта өтпеді. Осыдан кейін, «Мақта терімі бітсін» деді. Бірақ Бейсенбаев бұл уәдесін де орындамады.
Мақталы өңірінде жер игеру, ағын суды пайдалануда әділетсіздік көп. Қайбір кездері «соттың әйелімін, аудан әкіміне дейін өзімнің адамым» деп көкірек керіп, жұрттың бәрін қырып жіберердей, шіренген бір азаматша 20 гектар күріш еккен азаматқа су бергізбей қойды. Апыр-ай, көрер көзге мұндай да әділетсіздік болады екен. Соттың әйеліне келгенде, су беретін мекеменің басшылары да, тіпті құзырлы органдар да дәрменсіздік танытты. Егістігін қуратып алу қаупі туған азамат шырылдаған соң, қол қусырып отыра алмадым. Осы мәселені Жамантай Бейсенбаевқа айттым. Алайда әкім «өз адамдарына» қарсы шыққысы келмеді ме, әйтеуір, саусағының ұшын да қимылдатқан жоқ. Ақыр аяғында талап-тілегіміз бен мұң-зарымызға сот саласындағы басшылар құлақ асып, күріш еккен азаматтың егістігіне су берілді.
Жуырда ауданда биотәсілмен айналысып жүрген азаматшаға субсидия берілмей қалды. Осы кәсіппен бала-шағасын асырап жүрген жесір әйел көмек сұраған соң, біраз мекемелердің табалдырығын аттауға тура келді. Жамантай Бейсенбаевқа да кіріп айттым. Әкім «ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысына айтамын, проблеманы шешеміз» деген еді. Алайда кейіннен белгілі болғандай, Бейсенбаев тағы да бізді өтірік уәдемен шығарып салыпты. Шырылдап жүрген азаматшаның арызы бойынша ешқандай әрекет жасамаған. Кейін облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің араласуымен мәселе облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы арқылы шешілді.
Елдің талап-тілегіне, арыз-шағымына құлақ аспайтын әкім кімге керек? Естуімізше, Жамантай әкім енді 4-5 айдан кейін зейнеткерлікке кетеді екен. Оның ешқандай іске араласпауының сыры сонда көрінеді. Кейбіреулер «зейнетке кетіп жатқан азаматта нелерің бар?» дегенді айтады. Сонда әкім зейнетке кетеді деп, тіршілік тоқтап қалуы керек пе?! Осының жауабын кімнен сұрарымызы білмейміз. Мүмкін, бұған президент Тоқаевтың өзі немесе облыс басшысы Шөкеев жауап берер? Зейнетке кететін әкім жұмыстың бәрін жиыстырып қоюы керек пе?
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР