Ескі үй үрей шақыратындай

Нұр-Қасым ЖОМАРТ

29.09.2020, 05:00

1424

Қызылорда қаласы Титов қыстағындағы көпқабатты ескі үйдегі пәтердің едені опырылып жертөлеге түсіп кетті. Оқыс оқиғадан үрейленіп қалған жиырмаға жуық отбасы күздің қара суығында, баспаналарына бас сұғуға қорқып отыр. Өйткені, ескі үйдің өзі үрей шақырып тұрғандай, дейді тұрғандар.

Бетон еденнің тасы қалайша, опырылып кеткеніне таң болған үй иесі Орынкүл Бұлқанова апат кезінде үйде ешкім болмағанына қуанады.

— Дәретхана түгелімен, жатын бөлменің жарты едені жертөлеге түсіп кеткен. Қорыққаннан үйге қонған жоқпын, таң атқанша, далада жүрдім тентіреп, — дейді көз жасына ерік берген тұрғын.

Орынкүлдің көршілерінің де ұйқысы қашқан. Көппәтерлі баспананың кейбір тұрғындары, тіпті, керекті заттарын жинап, паналайтын жер іздеуге көшкен. Енді еденіміз емес, 30 жыл бұрын қаланған қабырға төбемізден құламасына кім кепіл, дейді олар.

— Бізге басқа баспана бермесе, білмейміз не істерімізді. Енді бұл адам тұратын жағдайдағы үй емес, — дейді осы үйдің тағы бір тұрғыны Дүйсенкүл Сейдахметова.

Жауапты мамандар жай күнде едені опырылған баспананы апатты үйлер тізімінде жоқ, деп отыр. Қазір мамандар оқыс оқиғаның себебін анықтап жатыр екен.

— Қала әкімдігі тарапынан оқиға болған пәтерді, ол үйдің тұруға жарамсыз болуына байланысты, үй иелерін уақытша баспанамен қамтамасыз ету мәселелерін қарастырып жатыр, — деді Қызылорда қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары Біржан Далабаев.

Бүгінде көппәтерлі үйдің жарамды не жарамсыз екенін арнайы мамандар зерделеуде. Сонымен қатар, әкімдік осы уақытқа дейін үйге қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізуге тұрғындар келісім бермегенін айтты.

Тозығы жеткен баспана 1988 жылы салынған екен. Содан бері жөндеу көрмеген 18 пәтерлік екі қабатты үйдің бүгінде іргесі сөгіліп, қабырғалары қақырай бастаған. Алдағы уақытта арнайы сарапшылар үйді толық зерттеп, апатты деп, қорытынды шығарса, тұрғындар заң аясында пәтер кезегіне енгізіледі. Бүгінде қала бойынша, осындай 10 көпқабатты тұрғын үй апатты жағдайда тұр екен.

Апатты жағдайға жетпесе де тозығы жеткен үйлердің бірі зағип жандарға арналған мекеме ғимараты. 60 жыл бұрын салынған ғимараттың бүгінде сылағы түсіп, едені сықырлап, қабырғасының құмы сауылдай бастаған. Зағип жандар, нысан күрделі жөндеуден өтпесе жағдайымыз мүшкіл дейді. Бірақ қала әкімдігіне қол жайғанымен әкімдік балансына кірмейтін ғимаратты жөндеп беретін демеушілер табыларынан үмітті.

Аймақта көз жанары кемтар 1200-ге жуық адам бар. Олардың, шамамен, тең жартысы қала аумағында тұрады. Олар түрлі үйірмелерге белсенді қатысып жүр. Байқауларда бақ сынап, топ жарып жүргендері де аз емес. Қоғамнан шетқақпай қалмай, қайта бірігіп, жұмыс істеп жүрген жандар тек өздері отыратын ғимаратта ешқандай жағдай жасалмай келе жатқанына қынжылады.

— Қабырғалардың сырты да іші де үгітіліп тұр. Төбедегі шифрымыз да ескі болғасын жауын жауса, су ағады. 2017 жылы облыс әкімінің сол кездегі орынбасары Н. Годунова ханым біздің филиалға смета жасап, құжатын қабылдап алған еді. Бірақ соңы аяқсыз қалды, — дейді «Қазақ соқырлар қоғамы» ҚБ Қызылорда облыстық филиалы төрағасының міндетін атқарушы Асқар Қолдабеков.

Сол кездегі шенділер уәдені үйіп-төккенімен, «баяғы жартас, сол жартастың» күйінде қалған. Яғни, арада бірнеше ауыс-түйіс болып, мәселе басталмай жатып тоқтаған. Тозығы жеткен ғимаратпен бірге, мұнда зағиптарға қажетті құрылғылардың өзі де көнерген екен.       

— Музыкалық аспаптар алып беруге көмектессе. Мысалы баян, домбыра және басқа да заттардың бәрі ескірген. Үміт өшпейді, үміт бар ғой. Осында келіп жұмыс істегеннің өзінен өмірге деген құштарлық пайда болады. Әйтпесе, мына «түңерген» өмір өте жаман, — дейді зағип жанның бірі Дулат Асылхан.  

Қала әкімдігі зағип жандардың жағдайына қанық. Бірақ ғимаратты жөндеуге, құрылғылармен толықтыруға бюджеттен көмек болмайтынын айтады. Мәселені тек демеуші тарту арқылы шешпек. Және оның орайы да келген.

— Бұл республикалық теңгерімдегі мекеме. Қоғамдық бірлестік. Ал бюджеттің өзінің тәртібі бар. Яғни, өз теңгерімінде болған жағдайда немесе коммуналдық меншікте болған жағдайда ғана бюджет шығындарын қарастыру көзделген. Ал біз мәселені бей-жай қалдыруға болмайды, деген мақсатта демеушілер тарапынан қолдауды іздестіріп жатырмыз. Бүгінде «Сапа Кз» серіктестігінің төрағасы Абзал Сақтағановтың демеушілігімен қазан айында нысанның бір бөлігі жөнделмек, — дейді Қызылорда қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерді тіркеу бөлімінің басшысы Индира Ақжігітова.

Әкімдіктегілер бұдан бөлек, зағип жандарға арналған компьютерлік орталық ашу да жоспарларында екенін айтты.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Гүлжан СЕРІКҚЫЗЫ 30.07.2021, 17:53
Ішкі туризмнің халі қалай?
Сайт әкімшілігі 30.07.2021, 17:51
Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі: мемлекетке сену құқығы
Сайт әкімшілігі 30.07.2021, 17:49
Жаңа кодекс қазақстандықтарды қалай қорғайды?
Нұр САЙЛАУОВА 30.07.2021, 17:42
Қазақстанның жаһандық бастамаларына оң баға берілуде
Б.СӘРСЕНБИ 30.07.2021, 17:38
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл»
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 30.07.2021, 15:21
«Жусан» операциясы: тағдыр тәлкегінен құтқарғандар

Аңдатпа


  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39
  • «Жас алаштағы» жасын жылдар
    15.07.2021, 10:58
  • Ташкенттен «Жас Алаш» газетінің түпнұсқасы табылды (видео)
    07.07.2021, 13:15