03.08.2021, 14:32
711
Грек-рим күресінен Қазақстан құрамасы үшін Токио Олимпиадасы сәтсіз аяқталды. Бүгін ел намысын соңғы болып қорғаған Нұрсұлтан Тұрсынов 87 келі салмақ дәрежесінде белдесті. Германиялық Денис Кудламен өткен белдесу 4:1 есебімен неміс спортшысының пайдасына шешілді.Белдесу аяқталғаннан кейін бас бапкер Бақтияр Байсейітов төрешілер шешімімен келіспейтінін жеткізді.«Төрешілер тарапынан бағалау дұрыс болған жоқ. Өздеріңіз көргендей, әдіс жасалды. Тіктұрып жартылай әдіс жасап лақтырды. Ереже бойынша толық жасалмаған әдіске екі ұпай берілуі керек. Олар, төрешілер мұны есептеген жоқ. Мен төрешілер шешіміне шағым түсіргенде (челлендж) белдесуді қайта қарап, шешімді өзгертпеді. Әдетте шағым қанағаттандырылмаса қарсыласқа бір ұпай беріледі. Бас төреші, төрешілер координаторының ұлты — неміс. Осы жерден өздеріңіз қорытынды жасай беріңіздер болады. Бұл жерде бізден жеңісті тартып алды деп есептеймін», дейді бас бапкер Бақтияр Байсейітов.Айта кетейік, грек-рим күресінен Олимпиада ойындарына Қазақстан үш жолдама жеңіп алған. Токио Олимпиадасына Мейрамбек Айнағұлов (60 кг), Демеу Жадыраев (77 кг) қатысып, алғашқы айналымда жеңіліс тапты.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР