24.09.2021, 15:04
802
Шымкент бүгінде инвесторлар үшін тартымды өңірге айналып отыр. Бұл жуырда премьер-министр А.Маминнің төрағалығымен өткен үкімет отырысында атап өтілді.
Шымкент қаласында биыл негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 2021 жылдың сегіз айында 201,1 миллиард теңгені құрап, 2020 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 135,9 пайызға артты.
«Барлық көрсеткіш бойынша оң өсім бес өңірде – Шымкент қаласында, сондай-ақ Алматы, Жамбыл, Қостанай, Маңғыстау облыстарында байқалады. Ал алты көрсеткіш бойынша сегіз өңірде өсім бар. Үш өңірде бес көрсеткіш бойынша өсім тіркелді. Батыс Қазақстан облысында тек үш көрсеткіш бойынша өсу байқалды», – деді отырыста баяндама жасаған ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев.
Үшінші мегаполисте негізгі капиталға бағытталған инвестицияның құрылымында жекеменшік инвестицияның үлесі 72 пайыз болса, мемлекеттік инвестицияның үлесі 28 пайызды құрайды. Жекеменшік инвестиция үлесінің артуы инвестициялық штаб жұмысының тиімділігін көрсетеді. Апта сайын өтіп жатқан штаб отырыстарында инвестиция салуға қызығушылық танытқан кәсіпкерлердің өзекті мәселелерін шешу үрдісі қалыптасты. Онлайн режимде өтіп жатқан жұмыс кездесулерінде бизнес өкілдері тап болатын бюрократиялық кедергілерді жою жөнінде шұғыл шешімдер қабылданып, инвестициялық жобаларды іске асыруға қажетті инфрақұрылым жүйелерін тарту, жерге орналастыру мәселелері оңтайлы шешімін тауып жатыр. Мұндай қолдаулардың нәтижесінде қаңтар-тамыз айлары аралығындағы кезеңде жылжымайтын мүлік операциялары – 76,3, көлік саласындағы жобалар – 61,9, өнеркәсіп жобалары – 56,1, коммерциялық тұрғын үйлер құрылысы 51,7 пайызға орындалған.
Шымкент қалалық әкімдігінің таратқан мәліметіне қарағанда, мегаполисте биыл барлық қаржыландыру көздері есебінен 14 541 пәтерлі 275 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Ағымдағы жылы 1 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Жыл соңына дейін тұрғын үй кезегінде тұрған 1916 отбасына коммуналдық пәтерлер берілсе, жеңілдетілген кредиттік тәртіппен 2096 пәтер пайдалануға тапсырылады. Халықтың аз қамтылған санаттары үшін 500 тұрғын үй сертификаттары табысталмақ. Қаланың базалық секторларында оң өсім динамикасын сақтап, тұрғындардың әл-ауқат жағдайын арттыру бағытындағы бұл жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі жалғасын табады.
Сонымен бірге Шымкентте алдағы жылдары қайта өңдеу саласының үлесі үш есеге артады. Үшінші мегаполисте қазір, жалпы, өндірісте тамақ өндірісінің үлесі 20 пайызды құрап отыр. Республикалық маңызы бар қала мәртебесінің берілуіне байланысты ауылшаруашылық жерлері жыл сайын азаюда, сол себепті Шымкентте басымдық агроөндіріске берілетін болады.
Бүгінде ауылшаруашылық өнімдерін терең өңдеуге бағытталған «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриалды аймағын құру жұмыстары жүргізілуде. Индустриалды аймақты құру үшін 132 гектардан астам жер телімі қарастырылып, бүгінгі таңда жер иелерімен келіссөздер жүргізілді. Нәтижесінде жерді мемлекет мұқтажына қайтару келісілді. Аймаққа инфрақұрылым тарту жұмыстары бойынша техникалық-экономикалық негіздеме дайындалып, бюджеттен қаржы қаралды.
Индустриалды аймақ екі кезеңде іске асатын болады. Бірінші кезең 2022-23 жылдары жүргізілсе, екінші кезең 2023-25 жылдарды қамтиды. Мәселен, келер жылы биологиялық қоспалары бар құнарлы құрама жем өндірісін және сүт өндіру зауытын салу, жеміс пен көкөністі қайта өңдейтін және консервілеу сынды кәсіпорындар құру бойынша алты инвестордан өтінім түскен. Олардың жалпы құны 6,7 миллиард теңгені құрайды. 600-ден астам жаңа жұмыс орны ашылатын болады. Жоғарыда аталған қайта өңдеу кәсіпорындары іске қосылғанда сүттің қайта өңдеу үлесі 42 пайыздан 48 пайызға, жеміс-көкөністің қайта өңдеу үлесі 6 пайыздан 21 пайызға жетеді. «Қайнарбұлақ» тұрғын алабында орналасатын индустриалды аймақта 23 миллиард теңгеге 21 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР