03.12.2020, 12:45
1029
Батыс Қазақстан облысы Бөрлі ауданы өндірісті өңір. Аумағында алып Қарашығанақ кеніші орналасқан өңірде соңғы жылдары ұлттық спортқа жанашырлар қатары көбеюде.
Мәселен, жақында жергілікті «АИР GROUP» ЖШС директорының орынбасары Қайыржан Нұрманов көкпардан аудан құрмасына белі мықты бір ат сыйлады. Пандемия бизнесті тұралатып кеткен қазіргідей қиын уақытта бұл да ерлікпен пара-пар дүние. Айта кету керек, Бумакөл ауылының көкпаршылары бірнеше жарыста жеңіс туын желбіреткен. Аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Армат Исановтың айтуынша, Ақсай қаласы іргесіндегі Қызылтал ауылы маңынан ат орталығын салу жоспарда бар. «Орталыққа қажетті жер телімін сұрап қала әкімдігіне хат жаздық, бұйырса бас жоспарға енеді. Жоспарға енгесін мемлекеттік-жекелік әріптестік аясында инвестор тауып, құрылысты бастаймыз. Ат орталығын құру туралы идеяны аудан әкімі Миржан Мұнайдарұлы толық қолдап отыр», — дейді А.Исанов.
Бөрліде асық ату спорты жақсы дамыған. Жазда аудандағы оншақты итбегінің басын қосқан құмай тазылар сайысы ұйымдастырылды.
«Алдағы уақытта індетті жеңгесін түрлі деңгейдегі жарыстар өткізу жоспарда бар. Біздің мақсатымыз – ауданда қазақ тазысын спорт деңгейіне дейін көтеру», — деп отыр А.Исанов.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР