10.12.2020, 09:23
1811
Мұнайлы өңірлердің бірі Қызылордада мұнайдың заңсыз айналымына қатысты қылмыстық құқықбұзушылықтар тоқтамай тұр. Мұнай және мұнай өнімдерінің заңсыз айналымына қарсы биыл 5 қылмыстық іс тіркелген, 2 қылмыстық іс сотқа жолданды. Қызылорда қалалық №2 сотының қашықтан өткен ашық сот отырысы осындай бір қылмыстың жазасын тағайындады. 2016 жылдан бастап, кәсіпкерлікпен, яғни облыстағы мұнай компанияларымен арада жасалған келісімшарттар негізінде мұнай бассейндерін тазалау, нефтешламдарды шығару және жою қызметтерімен шұғылданған азамат араға жылдар салып, заңсыз әрекеттерге бет бұрған. Мұнай бассейндерін тазалау және қалдықтарды жою үшін жасалған келісімдерді пайдаланып, өңделмеген мұнай өнімдерін қыздырып, тұндырылған өнімді иемдену және сату жоспарын іске асырған. Өтімді мұнай қалдықтарын тасымалдауға арналған көлік құралдарының көмегімен кен орнынан алып шығып, заңсыз өнімнің тоннасын 110 мың теңгеден бірнеше заңды тұлғаларға сатқан. Осындай әрекеттері үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 197-бабы 3-бөлігімен, 218-бабы 1-бөлігімен 1 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді.
Сарапшылардың бағалауы бойынша, осы саладағы жылдық көлеңкелі табыс 60 млрд теңгеден асады.
Қызылордалық экономикалық тергеу дапартаменті осы бағытта 5 қылмыстық істің өндірісін жүргізді. Жедел іздестіру шаралары нәтижесінде тіркелген бұл істердің 3-еуі аяқталып, сотқа жолданған. Айналымнан 82 монитор, 77 процессор, 40 телевизор, 8 кассалық аппарат, 31 терминал, 9 бейнежазғыш және 10 млн теңгеден аса ақша алынды.
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Қаржы мониторингі комитетімен бірлесіп, республикалық «ОЙЫН ТОҚТА» жедел-сауықтыру шаралары аясында Қызылорда, Алматы, Қарағанды, Тараз, Шымкент қалаларында заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған қылмыстық топ құрықталып, бірнеше қалаларда жүргізілген тінту нәтижесінде, 5 покер столы, 11 ойын автоматы және 7 млн теңге, 60 мың АҚШ доллары айналымнан алынған. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 262-бабының 1, 2-бөлігімен, 307-бабы 3-бөлігінің 1, 2-тармағымен қылмыстық іс аяқталып, сотқа жолданды.
Ойын бизнесін ұйымдастыруға үй-жайлар бергені үшін де заңмен жауапкершілік көзделген. Сонымен қатар, құмар ойын ойнағандарға әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
Қоғамның және өскелең ұрпақтың болашағы үшін келтірілетін залалдың алдын алу мақсатында «Жастар заңсыз ойын бизнесіне қарсы» атты акция ұйымдастырылып тұрады. Акция кезінде студент жастармен кездесулер өткізіліп, арнайы жасалған бейнематериалдар арқылы түрлі оқиғалар мен жағдайлар түсіндіріледі.
Осы жылы өндірісте 9 қылмыстық іс болған, оның ішінде 4 қылмыстық іс жедел жолмен тіркелген, аяқталған 4 іс сотқа жолданды. Жалпы сомасы 286 500 теңге (51), 800 доллар (8) және 500 рубль (1) болатын барлығы 60 жалған купюра айналымнан алынды.
Ұлттың денсаулығын қамтамасыз ету мақсатында экономикалық тергеу органдары жалған және контрафакт өнім айналымына қатысты деректермен күресуде. Акцизделетін тауарлардың заңсыз айналымына қатысты 3 қылмыстық істің өндірісі жүргізіліп, 2-еуі сотқа жолданды. Жедел іс-шаралар жүргізу барысында күмән туғызған 22 735 дана алкоголь өнімдері және есепке алу-бақылау маркалары заңсыз айналымнан алынып, тәркіленді.
Ағымдағы жылдың сәуір-шілде айлары аралығында елімізде пандемия белең алып, карантин жарияланған тұста жекелеген тұлғалар тарапынан антисептикалық құралдарды заңсыз және көтеріңкі бағамен сату, дәріханаларда көтеріңкі бағамен дәрілік препараттар сату фактілері анықталып, құрықталды. 4 литрлік бөтелдегі әрқайсысы 24000 теңгеден сатылған 113 бөтел антисептик, сыйымдылығы 5 литрлік 77 бөтелде әрқайсысы 1800 теңгеден сатылған 385 литр спирт айналымнан алынды.
Қазақстан Республикасында дәрі-дәрмектер реестрінде тіркелмеген және сол кезде аса қажет болған дәрілік препараттарды көтеріңкі бағамен сатудың бірнеше фактілері анықталды.
Айналымнан алынған барлық өнімдер, сонымен қатар 2019 жылғы өндірісте болған қылмыстық істер бойынша айғақтық заттар ретінде алынып, сақтау қоймаларында тұрған 23772 дана арақ өнімдері мен 1567,5 литр спирт өнімдері облыстық денсаулық сақтау басқармасына берілді. Материалдар, тиісінше, облыстық тауарлардың және қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің және Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің құзырына берілді.
Экономикалық тергеу органдары дербес құрылым болып жұмыс істегелі бірқатар заңнамалық өзгерістерге қол жеткізілді. Тергеу қызметін саннан сапаға бағдарлау бизнеске қысымды 2 есеге дейін азайтуға мүмкіндік берді.
«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында стратегиялық даму жоспарымен 2025 жылға дейінгі құқық қорғау және сот органдарына, қылмыстық істерді кезеңді түрде электронды форматқа ауыстыру тапсырылды. Электронды қылмыстық істерді жүргізу қылмыстық процесті қылмысты тіркеуден бастап сотқа дейінгі тергеу, соттың істі қарауы және жазаның орындалуына дейін толық қамтиды. Тергеу барысы онлайн режимде, қадағалаушы прокурорға, сондай-ақ ҚПК белгіленген көлемде, қорғаушы жаққа да қолжетімді болды. Жыл басынан бері Департаментте 6 қылмыстық іс «Е-қылмыстық іс» жүйесінде тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу электронды форматта жүргізілді.
Қылмыстық процеске қатысушыларды қорғауды және тергеу шараларының ашықтығын көтеру мақсатында жауап алуға арналған тергеу кабинеттері арнайы жабдықталды. Бұл кабинеттердің ерекшелігі олардың ашықтығы (шыны қабырғалы), яғни кезекшілік бөлімге көрініп тұратын бейнекамералармен жабдықталған.
Экономикалық қылмыстарды анықтау, тергеу және алдын алу мақсатындағы халықаралық шарттар талабына сай Бас прокуратурамен, Жоғарғы сотпен, Ұлттық банк жүйесімен алгоритмдер мен ұсынымдар, әдістемелер жасалуда.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР