«Колледждердің бәрін кәсіпкерлерге беру керек»

Шөкеевтің бастамасы баянды бола ма?

Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ

24.02.2021, 09:23

1089

Өткен жұмада Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев елге есеп берді. Биылғы кездесуге карантин талаптарына сәйкес, халық көп жиналған жоқ. Өз басымыз жиынды онлайн арқылы көрдік.

Жиын барысында Ө.Шөкеев былтырғы атқарған жұмыстары, биылға құрған жоспарлары туралы бір сағатқа жуық баяндама жасады.  Соның ішінде өңір басшысы облыстағы кәсіптік білім беретін колледждердің мәселесіне қатысты мәліметтерді берді. Мұны мәлімет дегеннен гөрі мәлімдеме десе де болады.

– Облыс бойынша осындай 30 шақты колледж бар. Менің ұстанымым бойынша солардың бәрін кәсіпкерлерге беру қажет. Мәселен, Кентаудағы колледж трансформатор зауытына, Шардарадағы колледж балық шаруашылығымен айналысатын «Хамит» кәсіпорнына берілді. Колледждерді осындай кәспкерлік салада өзін-өзі көрсеткен компанияларға сенімгерлік басқаруға өткізу былтыр басталды. Бұл жұмыстар биыл жалғасады. Олар осы оқу орындарында өздеріне қажетті мамандарды даярлайды, – деді облыс әкімі.   

Түркістан индустриалды-құрылыс колледжі былтыр жаңа жылда жергілікті кәсіпкер Болатбек Әлиевке тиесілі «Dala construction.kz» компаниясына 20 жылға сенімгерлік басқаруға аукцион арқылы берілген болатын. Бұған колледж ұстаздары қарсылық білдіріп,  арнайы баспасөз мәслихатын өткізгенін былтыр біз «Жас Алашта» жазғанбыз. Түркістан индустриалды колледжінде бүгінде 1000-нан астам студент оқиды.  Жылына 450-ге жуық бала диплом алады. Оқу орны 2018 жылы «Жыл колледжі» номинациясының иегері атанған. 2019 жылы «Жас маман» мемлекеттік бағдарламасына қатысып, 318 миллион теңгенің грантын ұтып алған. Аталған бағдарлама оқу орындарын қайта жаңғыртуды, материалдық базасын жақсартуды,  халықаралық тәжірибелерді енгізуді мақсат тұтады.

– 2019 жылдың қарашасында білім және ғылым вице-министрі  Ш.Каринованың облыс әкімдеріне жолдаған хатында президент әкімшілігі басшысының тапсырмасына сәйкес, «Жас маман» жобасына қатысатын  колледждердің сенімгерлік басқаруға берілмейтіні атап көрсетілген еді. Алайда облыс басшылары осы хатқа қарамастан, Түркістан индустриалды-құрылыс колледжін   «Dala construction.kz» серіктестігіне беріп жіберді, –  деген еді сол кезде колледж ұстаздары. Алайда облыстық білім басқармасының басшылары колледжді компанияға сенімгерлік басқаруға берудегі мақсат серіктестіктің өндірістік базасында студенттердің тәжірибесін жетілдіру, бітірген мамандарды жұмыспен қамту екенін алға тартып, ұстаздардың талап-тілегіне құлақ асқан жоқ.  Содан бері, міне, бір жыл өтті. Сенімгерлік басқаруға берілген колледжде қазір не болып жатыр?

Аты-жөнін газет бетінде көрсетпеуімізді өтінген аталған колледж қызметкерінің айтуынша, Болатбек Әлиевтің ұстаздарға берген уәдесі іске аспай қалған. Бір жыл ішінде компания оқу орнына бір тиын да қаржы құймаған. Студенттер серіктестіктің өндірістік базасында тәжірибеден өтпеген. Былтыр бітірген мамандар да аталған компанияға жұмысқа орналаспаған. Оқу орнынан береке кеткен. Тіпті сот процестері де өткен.

– Ең өкініштісі, мемлекеттік тапсырыстың көлемі қысқартылды. Колледж сенімгерлік басқаруға беріліп кеткен соң, министрлік оқу орнын «Жас маман» бағдарламасынан шеттетіп тастады. 318 миллион теңге грант ұтып алғанымыз айдалада қалды. Осы гранттың бір бөлігін ұстаздардың шетелдерде біліктілігін көтеруге жұмсау қарастырылған еді. Бұл мүмкіндіктен де құр қалдық, – деді бізбен тілдескен ұстаз.

 Жалпы, ұстаздардың айтуынша, былтыр әкімдік облыс көлемінде үш колледжді сенімгерлік басқаруға берген. Үшеуі де «Жас маман» бағдарламасының қатысушысы болып саналған.  Сенімгерлік басқаруға берілген соң, министрлік олардың бәрін бағдарламаға қатысушылардың тізімінен алып тастаған. «Жас маман» бағдарламасы, жоғарыда айтқанымыздай,  оқу орындарын қайта жаңғыртуды, материалдық-техникалық базасын жақсартуды,  халықаралық тәжірибелерді енгізуді мақсат тұтады. Аталған бағдарламаға қатысушылардың тізімінен шығып қалған үш колледж 1 миллиард 200 миллион теңге инвестициядан қағылған. Ал енді оның орнын сенімгерлік басқаруға алған кәсіпкерлер, компаниялар толтыра ала ма? Жалпы, колледждерді кәсіпорындарға бергеннен не ұтамыз?  Бұл бағытпен қаншама жылдық тәжірибесі, білікті оқытушылар құрамы, материалдық-техникалық базасы бар мықты оқу орындарын тоздырып жібермейміз бе?

– Басқаны қайдам, мемлекет еш нәрсе ұтпайды. Себебі сол баяғыша, колледждің барлық шығындарын, ұстаздардың жалақысын мемлекет төлеп жатыр, – дейді ұстаздар.

Ал кәсіпкерлер, студенттер, түлектер не ұтты? Түркістан облыстық білім басқармасы (адами әлеуетті дамыту басқармасы) сенімгерлік басқаруға өткен колледждердің бір жыл ішінде қандай табыстарға жеткенін,  қандай жаңалықтар, өзгерістер болып жатқанын  сараптап, елге есеп беріп қойса артықтық етпес еді.

Тегтер: білім қаражат мемлекет мәселе онлайн оқу жоба ғалам

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

М.СӘУЛЕБЕК 08.05.2021, 09:23
Жолдың сапасы жақсарады
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 07.05.2021, 09:09
Сүйегі табылған қазақ сарбазының жақындары іздестірілуде
Сайт әкімшілігі 06.05.2021, 12:06
«Серпін» жобасы бойынша гранттардың 52% сұраныссыз қалды – Мәди Ахметов
Тоқтар ҒАБДРЕШҰЛЫ 06.05.2021, 11:56
Киік жайылымды құртып, шабындықты шаң қылды
Миуа БАЙНАЗАРОВА 06.05.2021, 09:27
Жедел жәрдем халыққа жәрдемін аямайды
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 05.05.2021, 11:37
Момышұлының соқпағымен

Аңдатпа


  • Сүйегі табылған қазақ сарбазының жақындары іздестірілуде
    07.05.2021, 09:09
  • Марат ТОҚАШБАЕВ: Саясаттағы тоқырау экономикалық тоқырауға соқтырды
    06.05.2021, 09:21
  • Жалақорға жауап
    06.05.2021, 09:09
  • «Олар ұлт сатқындары!»
    29.04.2021, 09:06
  • Орыс қазақтың ішер асына дейін жармасқалы отыр
    29.04.2021, 08:56