Көміртегі бейтараптығы экономикалық шығындарды азайтады

Нұрай РАХЫМ

29.10.2021, 11:45

447

         Әлем Жер-Ананы, тіршілік көздерін, экологияны сақтап қалу қамына кірісіп отыр. Өйткені адамзаттың әрекетінен болатын атмофераны ластау, табиғатқа зиян келтіру, көмірқышқыл газының шамадан тыс ауаға таралуы сияқты жағдайлар климаттық өзгерістерге, жаһандық жылынуға алып келетінін айтып дабыл қағуда. Сондықтан сөздік қорымызға «жасыл энергия», «баламалы энергия көздері», «жасыл экономика» деген жаңа сөздердің енуі де бекер емес. Енді оған қоса «көміртектің бейтараптығы» тіркесі қолданысқа кіріп отыр. Мәселен, екі күн бұрын ғана 2060 жылға дейін ҚР көміртегі бейтараптығына қол жеткізу доктринасының жобасы таныстырылды.  

2020 жылғы желтоқсанда Климаттық амбициялар саммиті өтіп, сонда Президент Қ.Тоқаев 2060 жылға қарай Қазақстан көміртегінің бейтараптылығына қол жеткізетінін мәлімдеген болатын. Сонымен қатар, еліміздің Париж келісімі аясында өз алдына қойған міндеттері бар. Екі аптадай бұрын ғана Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Париж келісімінің мақсаттарына және Қазақстанның көміртегіне бейтараптығына қол жеткізу жолдары» атты халықаралық конференцияда көмірқышқыл газының шамадан тыс ауаға таралуы салдарынан  жаһандық жылынудың осы жүз жылдықта 1,5 — 2 градусқа жоғарылайтыны айтылған еді.

Іс-шара барысында Мемлекет басшысы экономика мен өнеркәсіпте көміртегін аз пайдаланудың  базалық тәсілдерін қарастыратын Қазақстанның 2060 жылға дейін көміртегінен таза ел болу доктринасы әзірленіп жатқанын айтқан. ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында аталған доктринаны таныстырған экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев: «2060 жылға қарай Қазақстан бүкіл экономика көлемінде шығарындарылардың нөлдік балансына қол жеткізеді» деді.                   

         Төмен көміртекті даму басқармасының жетекшісі Асқар Нұғманов көміртегі бейтараптылығы дегенді дұрыс түсінбей қалып жатқан адамдардың да бар екенін айтады.  

‒ Жалпы, көміртегі бейтараптылығы дегенді кейбір адамдар экологияны ластайтын шығарындылар түбегейлі жойылады, нөлдік шамаға жетеді деп түсінеді. Шын мәнінде, олай емес. Ол ‒ технологиялық ілгерілеуге байланысты парникті газдардың шығарындыларын айтарлықтай азайту үшін жасалатын үлкен жұмыс, ал қалған шығарындылар табиғи жолмен яғни, топырақ, орман, өсімдіктерге сіңіп кетпек. Мысалы, осы тұрғыда 2025 жылға дейін 2 млрд ағаш отырғызу бастамасы көп пайдасын тизізеді. Бұл бағытта қазір ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, көміртегіні жинап алу және көму технологиясының көмегімен өндіріс орындарындағы парникті газдардың шығарындылары жиналып алынады. Егер осы жоспарларды дұрыс орындай алсақ, әлбетте Қазақстан көміртегісі бейтарап елге айналады әрі парникті газдардың шығарындыларын азайту жөніндегі халықаралық міндеттерін де орындайды. Сол арқылы климатың өзгеруімен күресуге ықпалын тигізбек, ‒ дейді Асқар Нұғманов .

Министр Серікқали Брекешевтің айтуынша, Доктринаны әзірлеу кезінде нақты экономиканы модельдеу үшін ең озық TIMES, CGE және System Dynamics үлгілері қолданылды. Бұл барынша аз инвестициялық шығындар жұмсау және барынша көп экономикалық пайда алу тұрғысынан алғанда Қазақстан экономикасын көмірсіздендірудің ең оңтайлы жолын анықтауға мүмкіндік берді. Сондай-ақ, көміртегі бейтараптығына қол жеткізудің мақсаттары тұтастай алғанда ұлттық шығарындыларға әсер ететін салалық саясатты реформалауды талап етеді. Ол үшін 40 жыл ішінде төмен көміртекті технологияларға шамамен 650 млрд. АҚШ доллары кетеді екен. Ведомство басшысы қажетті шаралар қабылданбайтын болса, болжам бойынша жалпы шығарындылар ұлғая беріп, 2060 жылы 473 миллион тоннадан асатын түрі бар.   

 «Global Carbon Atlas» платформасының 2019 жылғы мәліметінше, Қазақстан көмірқышқыл газының шығарындылары бойынша 221 елдің ішінде 21-ші, адам басына шаққандағы шығарындылар бойынша 11-ші және ЖІӨ көміртек сыйымдылығы бойынша 5-ші орында тұр екен. 2019 жылы ұлттық парниктік газдардың шығарындылары 364 млн тоннадан астам болған.

Ал Еуропалық Одақ 2023 жылдан бастап көміртекті қажетсінетін өнімдер импортына салынатын шекаралық көміртек салығын енгізуді жоспарлап отыр. Бұл халықаралық сауда ережелерін түбегейлі өзгертпек. Париж келісімі аясында Қазақстан 2030 жылға қарай шығарындыларды 1990 жылғы деңгейден 15%, ал халықаралық қолдау көрсетілетін жағдайда 25%‐ға қысқартуға міндеттеліп отыр. Алайда, бүгінгі таңда шығарындылар 1990 жылғы деңгейден әлдеқашан асып кетіпті.

Климаттық саясат және жасыл технологиялар департаменті Айнұр Көпбаева:

— Климаттың өзгеруі және көміртегі бейтараптылығы мәселері қазір бүкіл әлемде кең талқыланып жатқан сұрақ. Көп елдер көміртегі бейтараптылығына 2050 жылға дейін қол жеткізгісі келеді. Қазақстан да 2060 жылға дейін осы мақсатқа жетуі үшін әзірлеген доктрина негізінде көміртегі бейтараптылығына экономикалық тиімді жолдар арқылы қол жеткізуге тиіспіз. Бұл экономикалық трансформацияны және табиғат сыйымдылығының көрсеткіштерін жақсартуды талап етеді,- дейді.

Тегтер: экономика инвестиция кедейлік шегі халық нарық

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 17:45
Шиелі ауданында 3297 жаңа жұмыс орны ашылды
Сайт әкімшілігі 16:19
Шиелі ауданында 3297 жаңа жұмыс орны ашылды
Бифат ЕЛТАЕВА 12:21
Ғибраты мол байқау
Сайт әкімшілігі 08:37
Павлодарда лак-бояу өнімдері қоймасында алапат өрт болды
Сайт әкімшілігі 26.11.2021, 13:30
Қарағандыда тағы бір ферроқорытпа зауыты ашылды
Сайт әкімшілігі 26.11.2021, 12:16
Жезқазған ақыны Қарағандыда өткен республикалық айтыста Бас жүлде иегері атанды

Аңдатпа


  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    26.10.2021, 11:14
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    19.10.2021, 10:30