Мал азығымен қамтудың қамына кірісті

Мариям МАҚСАТ

15.07.2021, 13:12

1095

Еліміздің кей өңірлерінде қуаңшылық салдарынан төрт түлікке талғажау болатын шөп шықпай, ауылдағы ағайын қиналып отыр. Бүкіл ел асарлап, оңтүстік, батыс облыстарға мал азығы жеткізіліп жатыр. Мұндай қиындық Павлодар облысында да туындауы әбден мүмкін.

Биліктегілер «жағдай тұрақты» дегенімен, Баянауыл, Май аудандарының шаруалары қуаңшылық қыспаққа ала ма деп қауіптеніп отыр. Кейбір елді мекендерде көктемнен бері бір тамшы жаңбыр жаумай, төрт түлікті қысқа дейін аман-есен жеткізудің өзі мұң болып тұр. Елді мекендегі жұртшылық Маңғыстау облысының тұрғындары сияқты қой мен сиырға қағаз беріп, амалдайтын күн туа ма деп қорқады.

Май ауданындағы «Ақжар-Өндіріс» ЖШС директоры Гүлзира Қазылованың айтуынша, биылғы жағдай жылдар бойы жинақталып, қордаланып қалған мәселелердің нәтижесі. Сондықтан үкімет тығырықтан шығудың амалдарын қарастыруы тиіс. Әйтпегенде елде төрт түліктің саны азайып, ауыл шаруашылығының болашағы бұлыңғыр болуы әбден мүмкін.

– Май ауданы еліміздегі 157 ауданның арасында қуаңшылық көрсеткіші бойынша алтыншы орында тұр. Мұнда 500 мың гектар жайылым жер құрғақшылықтың қасіретін тартуда. Бұл ұзақ жылдар бойы ылғалдың жоқтығынан туындаған проблема. Баянауыл ауданындағы жағдай тіпті қиын. Бұл ауданда 900 мың гектардан аса жайылымның нәрі жоқ. Соның салдарынан күзде шөп тапшылығы туындап, шаруалар әуре-сарсаңға түсуі ықтимал. Мемлекет шөп бағасын реттеу, арзан жанар-жағармай беру мәселелерін оң шешсе ғана жағдай тұрақталуы мүмкін, – дейді Гүлзира Қазылова.

Аталмыш ауданның басшысы Марат Ақтаевтың айтуынша, алаңдауға негіз жоқ. Себебі қысқы мал азығының басым бөлігі Ертіс өзенінің жайылмасынан жиналады.

– Май ауданындағы төрт түлік қыстан тарықпай шығу үшін 75 мың тонна шөп керек. Оның 92,4 пайызы Ертіс өзенінің жайылымдық жерлерінен жиналады. Қазір жиектегі шөптің шығымы жақсы. Ал қыр жақтағы ауылдарда мәселе бар. Оны шешу үшін шаруаларға қосымша 92 мың гектар жер берілді. Сондай-ақ резервте 2000 гектар жер бар. Оны да тиімді пайдалануды қарастырып жатырмыз, – дейді Марат Ақтаев.

Жалпы, биыл Павлодар облысы бойынша 1,7 млн гектар шабындық жерді игеріп, 1,1 млн тонна жемшөп дайындау қажет. Бұл қажеттілікті толығымен өтеуі тиіс. Осыған дейін шаруалар 131 мың гектар жерді шауып, 56 мың тонна шөп дайындап үлгерді.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрболат Мақашевтің айтуынша, ауа райының қыңырлығының салдарынан жоспар орындалмай қалса, жергілікті билік бірнеше сценарий бойынша әрекет етеді.

– Біз әртүрлі жағдайларға сәйкес, әрекет ету алгоритмдерін дайындадық. Бірінші сценарий бойынша мал азығын дайындау көрсеткіші 25 пайызға төмендесе, жемшөп тапшылығы 285 мың тоннаны құрайды. Мұндай жағдайда бізге 45 мың тонна жемдік астық қажет болады. Екінші жағдай – қажетті жемшөп көлемінің тек 50 пайызы жиналса, шөп жетіспеушілігі 570 мың тоннаға жетпек. Бұл жағдайда 60 мың тонна жемдік астық қажет болады. Жемшөптің қажетті мөлшерін резервке алу үшін астық егетін аймақтар форвардтық келісімшарт бойынша жиналған арпаның белгілі бір бөлігін «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ-ына тапсырады. Осыдан кейін ұлттық астық сатып алу операторы жемдік астықты Павлодар облысындағы элеваторлардың біріне орналастырады. Қажеттілік туындайтын болса, мал азығы фермалар мен жеке қосалқы шаруашылықтарға белгіленген бағамен жеткізіледі, – дейді басқарма басшысы.

Сондай-ақ шілдеден бастап шөп шабатын шаруаларға барлығы 4000 тонна арзандатылған дизель отыны жеткізілмек. Оның бағасы нарықтағы бағадан 25 пайызға төмен болуы тиіс. Яғни шаруаларға бір литрі 165 теңгеден беріледі.

Оған қоса, аймақта төрт түлікті жемшөппен қамтуға бағытталған арнайы жол картасы дайындалып, оған пайдаланбай жатқан жерлерді шабындыққа бөлу, жиналған астықтан қалған сабанды дайындау, тұрғындар үшін орман шаруашылықтары мен резерваттар аумақтарында жемшөп дайындау мүмкіндігін қамтамасыз ету сияқты шаралар кірген.

Енді атқамінерлер осы жоспардағы жұмыстарды жүйелі орындап, мал азығымен қамтамасыз етудің қамына білек сыбана кіріссе, игі. Әйтпегенде өңірде шөптің, ауылшаруашылық өнімдерінің бағасы шарықтап, агроөнеркәсіптік кешен тоқырап, қарапайым халықтың қалтасы мен жүйкесі жұқаруы мүмкін.

Тегтер: мал шаруашылығы мәселе әкімдік жергілікті әкімшілік

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 12:03
Қараусыз қалған аулалар, қоқыс басқан Қарағанды
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 08:58
Ермекбаев айтқан «диверсия» дәлелденді ме?
Заңғар КЕРІМ,арнайы «Жас Алаш» үшін Токиодан 03.08.2021, 14:32
Грек-рим шеберлері сенімді ақтамады
Ерзия ЕРСҰҢҚАР 03.08.2021, 12:12
Басты мақсат – сот жүйесіне халықтың сенімін арттыру
Сайт әкімшілігі 02.08.2021, 13:15
Дәрігерлер тұрғындарға үндеу жасады
Сайт әкімшілігі 02.08.2021, 10:48
Қырғызстанда жоғалған қазақстандық қыз өлі табылды

Аңдатпа


  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39
  • «Жас алаштағы» жасын жылдар
    15.07.2021, 10:58