Маңғаз кәсіпкерлер мемлекеттік тілді менсінбейді

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

22.10.2020, 04:14

476

Қарағанды – ежелден  ел экономикасының эшолоны, оның үстіне, ірілі-ұсақ бизнеске қолайлы мекен болып табылады. Өндірісі қауқарлы аймақта көптеген этнос мекен етеді. Қазіргі шақта кеншілер шахарында жүзден астам ұлттың өкілдері тұрады.  Мұндағы тұрғындардың негізігі қарым-қатынас тілі – орыс тілі. Ал мемлекеттік тілдің еңсесі езіліп тұр. Қазақ тілін төрге оздырмай тұрған өзгелер емес, өз қандастарымыз. Облыстық тілдерді дамыту комитеті бизнес нысандарын аралап, бірнеше мәрте басшыларынан  қазақшасын түзетуді сұрағанда, басым көпшілігі: «Бюджетке қаржы құйып отырмыз. Қаражаттан қағылсаңдар, тілдің қажеті қанша?» деп дүрсе қойса, кейбірі: «Заңсыз тексергендерің үшін  құқық қорғаушыларға шағым түсіреміз» дегендей сес білдірген. Осындай оспадар қылық көрсететін  өз ұлтымыздың өкілдері екен.  Сайып келгенде, ұлт мүддесі жолында қызмет етіп  жүрген тіл мамандары соғысқа қарусыз шыққан сарбаздардың күйін құшуда. Ата заңда «мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп жазылғанмен,  қарым-қатынас құралын қорғау тетігі заң жүзінде нығыздап бекітілмеген. Туған  отанымызда  отырып, басты құндылығымызды  қорғауға кежегеміз кері тартуда. Бұл қолдан жасалған кедергі, енжар елдің егесі  екені  даусыз. Қарағандыға келсеңіз, көшедегі көрнекті ақпараттар мен жарнамалардың  орыс тіліндегі мәтіннен қате таппайсыз. Тіпті көпқабатты үйде тұратын тұрғындар  тілдей қағазға «аға тілде»  хабарландыру қалдырса, сол тілдің сауаттылығына баса мән береді. Бұл орыс тілді қоғамға деген құрметтің нышаны.  Жақында лифтіге мінген намысшыл жерлесіміз назары  мына хабарландыруға  түскен екен: «Ережелерді пайдалану жолаушылар лифтен». Сондағы қойыртпаның орысшасы мынадай: «правила использовать пассажиры лифтов». Бұл ақпаратты алғашқыда ауызша естіген едік, артынша azattyq-ruhy.kz сайтынан көріп қалдық. Орысшасында мін жоқ. Қазақшасындағы грамматикалық қателікті ауызға алмағанда, логикалық сауатсыздығы жаныңызды ауыртады.  Бейресми тілден енген  аударманың мағынасы мазмұнымен мүлдем қабыспайды. Сілтемені бірден облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайыновқа жіберіп: «қашан түзеледі?» деп сауал тастадық. Обалы не керек, билік өкілі біздің сұраққа бірден: «Оқып таныстым, жаңа қалалық әкімдіктің жауапты мамандарына  жеделдетіп түзету жөнінде тапсырма бердім» деп жауап қатты. Әкім орынбасары ресми жауапты газеттеріңізге  жолдайтын боламыз деген уәдесін берді.

Лифтідегі сауатсыздықты бетке басқан   қарағандылық  тіл жанашырлары мәселенің төркінін түсінбесі анық. Жұртшылық мұндай  жарымжан аударма көрсе, кінәні  тіл комитетіне сілтеп  атой салады. Бақсақ, былай екен:

–Тіл комитеті қарап қалып отырған жоқ. Алайда шағын және орта бизнес өкілдері  мемлекеттік тіл саясатына салғырт қарайды. Қит етсе, жүйесіз тексеріс жасайды деп біздің үстімізден  «Атамекенге» шағымданады. Біздің елдің «тіл туралы» заңында  талапты орындамай отырған тұлғаларға айыппұл салу жөнінде механизам жоқ. Мұның алдында, мәдениет министрлігі мен республикалық тіл комитеті мемлекеттік тіл нормаларын іске асыруға салғырт қарайтын бизнес өкілдерін қаржылай жазалау жөнінде бап әзірлеген болатын. Бірақ «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Ұлттық экономика министрлігі бірауыздан қарсылық білдіріп, туған тіліміздің місін қайтарды. Былтырдан бері біз,  облыс әкімінің тапсырмасымен жүйелі шараларды қолға алдық. Осы бағытта қоғам белсенділері мен БАҚ өкілдерін жұмылдыра отырып, бизнес нысандарына рейд жүргізіп келеміз.  Журналистерді жұмылдырған  «Көрнекті ақпарат пен жарнамаға сауаттылық» акциясы аясында,  сауатсыз жарнамаға жол берген 524 бизнес нысанның  424-не  түзету енгіздік. Нақты айтқанда, кәсіпкерлердің қазақ тіліндегі жарнамаларының мәтінін  ақысыз түзетіп бердік.  Осы қызметіміз үшін олардан көк тиын алмаймыз. Қалағандары қасарысып, түзетуден бас тартып отыр. Біздің тараптан олқылыққа жол берушілерді  тезге салатын пәрмен шамалы. Тіл комитетінің бар қауқары – әдістемелік көмек көрсету және ауызша ескертумен шектелген» дейді облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың бөлім басшысы Әсет Аманжол.

Облыстық тіл комитеті мамандарының айтуынша, өзге ұлт өкілдері мемлекеттік тілге құрметпен қарайды. Өзге тілді төрге оздырып жүрген  қандастырмыз өнімін қазақшалауға келгенде, қаржы қаттығы бөгесін  деген сылтауды алға тартады. Ал бостандық алған елдің сөзін сөйлеп, жоғын жоқтайтын тіл басқармасы мен тіл комитетінің бұйрығы өтімсіз, қолы байлаулы. Әкімдіктегілер де кәсіпкерлерге  қазақшаға  көшіңдер деп бұйрық бере алмайды. Егер қазақтың тілі төл мемлекетте жігері жасық болса, бүтін бір ел таяу арада тілінен айрылары анық.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Мариям МАҚСАТ 17:49
Ұлттық Ұлан сарбаздары Павлодарға жете алмай әлек болды
Тоқтар ҒАБДІРЕШҰЛЫ 16:57
Қар жауғанда тал егу қаржы жымқырудың тәсілі емес пе?
Тоқтар ҒАБДІРЕШҰЛЫ 10:30
Орман оталса, Орал «өкпесінен» айырылады
Нұр-Қасым ЖОМАРТ 23.11.2020, 18:46
Қызылордада жаңа әуежай салынбайды
Сайт әкімшілігі 23.11.2020, 16:59
"Ешбір тыйым болмай тұрған тойларды тоқтату керек" - Шөкеев
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 23.11.2020, 12:59
13 жастағы жасөспірім жоғарғы қабаттан құлады

Аңдатпа


  • «Жас Алаштың» себепкер болуымен көп балалы ана жер алды
    23.11.2020, 11:20
  • Құны 68 мың теңгелік бетперденің қандай мақсатта алынғаны белгілі болды
    12:41
  • Үгіт-насихат материалдарын "Жас Алашқа" ұсыну тәртібі туралы мағлұмат
    23.11.2020, 18:42
  • Семинарға сенбеңіз, қаржылық сауаттылық туралы оқытқан алаяқ ұсталды
    23.11.2020, 10:49
  • Ауыз шаюға арналған сұйықтық коронавирусты емдей ме?
    23.11.2020, 09:56