Мүгедек жандардың мұңы

Нұр-Қасым ЖОМАРТ

16.02.2021, 09:59

1193

Қызылордалық зағиптардың айтар мұңы аз емес. Өйткені олар көп мәселемен бетпе-бет келіп отыр. Оның әуелгісі – «Қазақ соқырлар қоғамы» ҚБ облыстық филиалы ғимаратының әбден тозғанынан бастасақ та болады. Жергілікті билік қамкөңіл жандарға қол ұшын созуға қауқарсыз.

Ұйым басшылығы қайырымды жандардың қаржысы есебінен, қала берді, өз күшімен үш бөлмені ғана жеңіл-желпі жөндеп, әктеп-сырлап алыпты. Алайда алпыс жыл бұрын салынған, жиырма жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген ғимарат үшін бұл аз.

Қоғам клубының да, оқу-өндірістік кәсіпорнының да күйі тайғалы біраз болды. Кеңес Одағы кезінде шаруасы шалқыған кәсіпорын өніміне бұл күні сұраныс жоқтың қасы. Оған индустриалды сертификаттың болмауы кедергі.

– Біздің кәсіпорында 15 шақты ғана адам бар. Өзі шағын, оның үстіне мүмкіндігі шектеулі жандар жұмыс істейтін болғандықтан, бұл талап бізге қиындық туғызып отыр. Техникамыз да ескірген. Соның кесірінен мемлекеттік сатып алу порталындағы талай тапсырыстан қағылып отырмыз, – дейді филиал басшысы.

Өндіріс орнындағылардың көбі егде жастағы адамдар. Алды үш-төрт жылда зейнеткерлікке шықпақ. Қазіргідей жағдайда оларды жастар алмастырады дегенге сену қиын. Олар «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасынан индустриалды сертификат алудың машақаты бір төбе» дейді.

– Сұралатын құжаттың санынан көз сүрінеді. Оны тағы компьютермен толтыру керек. Көз мүгедектеріне бұл екі есе бейнет. Сондықтан өңірлік кәсіпкерлер палатасында тағдырдың қатал сынағына тап болғандар үшін бөлек call орталығы орнатылып, кеңес­шілер бекітілсе жақсы болар еді, – дейді А.Қолдабеков.

Қызылорда облысында зағип және нашар көретін жандардың саны – 1117. Оның 714-і – бірінші санаттағы мүгедек. Еңбекке жарамды 60-тан астам азамат қоғамдық негізде жұмыс істеп жатыр.

Ал сонау бір кездері үлкен тапсырыстар қабылдап, қызу жұмыс істеген «Ұшқын» мүгедектер оқу-өндірістік кәсіпорнындағы цехтар қазір қаңтарылып бос тұр. Қала тұрғындарының төсек жапқыштары, түрлі киім үлгілері мен формаларын үздіксіз тіккен цех жұмысын тоқтатқан. Өйткені сұраныс жоқ. «Бүгіндері біз жіп те ұстамаймыз» дейді тігіншілер.

– Мұнда 95 пайызға жуығы мүмкіндігі шектеулі азаматтар жұмыс атқарды. Үйде төрт қабырғада қамалып отырғаннан гөрі осы жерде, әйтеуір, көңіл аулап, жұмыс жасайтынмын, – дейді 1-топ мүгедегі Айгүл Көздібаева.

– Облыс бойынша тек бізде ғана лазерлі станок бар. Онымен гравировка және тақтайшаларға түрлі жазба, ою жасауға болады. Сыйға тартатын естелік заттарды да жасайтынбыз, – дейді дизайнер Әйгерім Әшірова.

Тоғыз жыл бойы мүгедектер кәсіпорны қызмет көрсету нарығында өзінің лайықты орнын алған-ды. Пластикалық жиһаз, тігін жасау цехтары жұмыс істеді. Одан бөлек, клиникалық қызметтерді де көрсетті. Осындай еңбектерінің арқасында «Үздік сапа» сертификатын алды. Тек былтырдан бері олардың өнімдеріне сұраныс жоқ. «Несиелік қарыздар да тығырыққа тіреді» дейді кәсіпорын басшысы.

– Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға 7 миллион қарызымыз бар. Мекемелерден қарызға зат алдық. Одан 6 миллион қарызымыз бар. Бұлардан бөлек, тігін аппараттарын несиеге алғанбыз, оның да ақшасын төлей алмай жатырмыз, – деді «Ұшқын» мүгедектер оқу-өндірістік кәсіпорны» ЖШС басшысы Абзал Меңдияров.

Мекеме қызметкерлері төрт айдан бері жалақы алмаған. Бұл ретте мүгедектер кәсіпорны жеңілдіктер алуға құқылы. «Мемлекеттік сатып алулар туралы» заңға сәйкес, мүгедектерге берілген жұмыс көлемі бар, ал құзырлы органдар «ұшқындықтардың» жұмыссыз қалғаны туралы әзірге түсініктеме бермеді. Мәселе ашық күйінде қалды.

Айта берсе, мүмкіндігі шек­теулі топтағылардың мұңы жетер­лік. Олар басқа жұмысқа орналасу үшін медициналық-әлеуметтік сараптама анықтамасын ұсынуға міндетті. Бүгінде өңірде зағип және нашар көретін 1100-ден астам адамның 60 шақтысы ғана қоғамдық жұмысқа тартылған. Олардың зейнетақысы да мардымсыз. І топ мүге­дек­терінің қолына тиетіні – 62 мыңның о жақ-бұ жағы. Ал Байқоңырда тұрып жатқан ресейліктер 85 мың теңге алады. «Ең болмаса соған теңестірсе екен» дейді қамкөңіл жандар.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Еркежан АРЫН 27.05.2023, 19:33
Алматыда ішімдікке тәуелділердің саны 7,5%-ға азайған
Сайт әкімшілігі 27.05.2023, 10:45
Алматыда "Халық заңгері" кең ауқымды акциясы өтті
Сайт әкімшілігі 26.05.2023, 17:00
Оңтүстіктегі диқандар су тапшылығын тартып отыр
Сайт әкімшілігі 26.05.2023, 16:00
Оралдағы тергеу изоляторы құрылысын аяқтауға тағы 6 миллиард теңге қажет
Б.СӘРСЕНБІ 25.05.2023, 16:30
Шіркеймен күрес тамызға дейін жалғасады
Еркежан АРЫН 25.05.2023, 09:00
Алматы жастары арасында суицидтің алдын алу жұмыстарының маңызы

Аңдатпа


  • Келген қазақ құжатсыз, туған бала тұрақсыз
    26.05.2023, 10:25
  • Қазақтың жерін саудалап жүрген кім?
    26.05.2023, 09:51
  • Құқығың бұзылса, депутатқа айтасың, депутат бұзылса, кімге айтасың?
    26.05.2023, 09:13
  • Ғинияттың 207 мың кемшілігі
    25.05.2023, 10:00
  • Орталық Азияның «отағасы» кім?
    25.05.2023, 09:31