Өкімі өзінен бұрын жеткен Сақтағанов Семейді басқаруға тағайындалды

Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ

26.01.2021, 10:23

1649

       Өткен аптаның ортасынан бастап Семей ішінде қала басшысының ауысатыны туралы сыбыр-күбір көбейіп, облыс әкімінің орынбасарлары Шәкәрім Бұқтығытов пен Бақытжан Байахметовтің қаланы «қолына алуға» келе жатқаны туралы болжам күшіне мінген болатын. Бақытжан Байахметовтің таяуда Семей қаласында жылуға қатысты «жылаңқы жырдың» нүктесі қойылмай бара жатқанына байланысты сапарына қарап оның бекер келмегені туралы қауесет тараған еді. «Шығыс – адалдық алаңы» деп жар салғанда, жарғақ құлағы жастыққа тимейтін жергілікті шенеуніктердің әділ шешім қабылдаудан аулақтап бара жатқаны да небір қауесеттің қызу шоғын үрлей түскен. Оған облысты басқарғанына биыл жеті жылдың жүзі болатын Даниал Ахметовтің оны Аягөзден өзіне орынбасарлыққа алып кеткені де «қосу» (+) кейпінде тұрғаны бар.

      Сонымен, қала тұрғындары жуырда сайланған (анығы – тағайындалған) Семей қалалық мәслихаты депутаттарының демін ішіне тартып, естелікке түскен суреті сияқты «кім келер екен» деп отырғанда, Ұлан ауданының әкімі қызметін атқарып келген Нұрымбет Сақтағанов Семей қаласының әкімі болып шыға келді. Қызығы сол – Семейдің жаңа әкімінің басшылыққа келуінің өзі қала тұрғындары үшін екі күндік азық болды. 23 қаңтардан бастап фейсбук, инстаграмм әлеуметтік желілерінде Семей қаласының әкімі болып Н.Сақтағановтың тағайындалғаны туралы ақпарат тарап кетті.

       Тіпті баз біреулер дәлел ретінде облыс әкімі Д.Ахметовтің аты-жөні, мөрі басылып тұрғанымен, ресми түрде мақұлданбаған өкімін де жариялап жіберді. Ахметовтің қолынан бұрын, мөріне сенген семейліктер бұл құжаттың облыстық әкімдік кеңсесінен қалай жылдам тарап кеткеніне мән берген жоқ. Ол өкімде «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңына сәйкес, Президент әкімшілігінің келісімі бойынша Семей қаласы мәслихаты депутаттарының мақұлдауы негізінде деген сияқты талаптар көрсетілуі тиіс еді. Дегенмен ештен кеш жақсыны ескерген Даниал Кенжетайұлы тағайындалуы туралы құжаты өзінен бұрын келген әкімді дүйсенбі күні Семейге өзі алып келіп, таныстырып қайтты. Ал облыстық әкімдік кеңсесінде ресми құжаттар жұрт аузына «піспей жатып» қалай түсіп кеткенін өзі де білмей қалған сияқты. 

                          Сапарбаевтың «сарқыты» қалай келді?

       Жалпы, Нұрымбет Аманұлының ердің жасы 50-ден асқанда Семей қаласының әкімі қызметіне тағайындалуын дер  кезінде жүктелген үлкен жауапкершілік деуге әбден болады. Күтпеген жерден, тосыннан келген емес, оңтүстік өңірдің тумасы болса да, шығыста 2012 жылдан бері еңбек етіп келе жатыр. Еңбек жолын мұғалім болып бастаған Нұрымбет Сақтағановтың тек осы саламен ғана шектелмей, өзін үнемі шыңдау үстінде болғанын да атап өткен жөн.

     ШҚО әкімінің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, Семейдің жаңа басшысы Қызылорда аграрлық-техникалық колледжін, МЭСА дистанциялық білім беру институтын, МЭСА Қызылорда экономика, статистика және ақпарат институтын бітірген. Алайда оның шығыс өңірге келуі Жамбыл облысының қазіргі әкімі Бердібек Сапарбаевпен тығыз байланысты екенін ешкім де жоққа шығара қоймайды. 1995-2001 жылдары Қызылорда облысы бойынша кеден басқармасының инспекторы, аға инспекторы, бас инспекторы, бөлім бастығы, бөлім бастығының орынбасары болып жұмыс істегенін,  2001-06 жылдары мемлекеттік кіріс министрлігі кеден комитетінде бас инспектор, төрағаның көмекшісі, бөлім бастығы болғанын ескерсек, Бердібек Мәшбекұлының да осы жылдар аралығында қайда болғанын ерінбей зерттеген адам болса, бірден түсінеді. Яғни Б.Сапарбаев Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, кеден саласын басқарудан да «жылжып», Шығыс Қазақстан облысын басқаруға келген кезіне сай, Сақтағанов та 2012-15 жылдары ШҚО әкімінің орынбасары қызметін атқарған-ды.

        Ал 2015-18 жылдары ШҚО әкімінің бірінші орынбасары болып жоғарылаған Нұрымбет Аманұлы үшін Семей таңсық емес. Ең елеулісі, 2017 жылдың қыркүйек айында Алаштың рухани астанасы атанған Семейде ұлт көсемі Әлихан Бөкейхановқа ескерткіш ашылғанда облыстық әкімдік атынан келіп, қағазға қарамастан, төгіле сөйлеген қазақы қалпымен қала халқының ойынан шыққанын ешкім әлі ұмыта қойған жоқ. Сонымен қатар Нұрымбет Аманұлының өмірбаянына қатысты деректе жеті баланың әкесі екені де оның қазақы болмысын айқындай түскендей. «Көпбалалы әке» болып көзге түскені де бір қызық.  

                          Сақтағановты сан сынақтар күтіп тұр

      Қыстың көзі қырауда келген Семейдің су жаңа басшысын сынаққа толы сан түрлі мәселе күтіп тұр. Ең бірінші кезекте қала тұрғындары қаңтар айынан бері қалтырап, дірілдеп, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына деген өкпесін әлеуметтік желіде үсті-үстіне жариялап жатыр. Біраз жылдан бері ұмытыла бастаған жылумен қамту мәселесі тағы да көпқабатты үйде тұратындардың алдынан көлденең шығып, ТҮКШ саласы мамандарының жұмысы түкке тұрмайтынын көзге шыққан сүйелдей көрсетіп берді.  Ең қызығы, қала әкімінің бұған дейін осы сала жөніндегі орынбасары қызметін атқарған Николай Ушаковтың тап қазіргі күні қайда жүргені белгісіз. Белгілісі – оның өткен жылдың қараша айынан бері жұмысымен қош айтысып, «беймәлім бағытқа» кетіп қалғаны.

       Ал қаланы бұған дейін, 2015 жылдан бері басқарған Ермак Сәлімов өткен аптада мүлдем көзге шалынған жоқ. Тіпті облыс әкімі Даниал Ахметовтің өзі жаңа әкімді таныстырып тұрғанда, Ермак Бидахметұлының болмағаны көпшіліктің көңіліндегі күмәнді тіптен қоюлатып жіберді. Бірақ та Ахметов Сәлімовтің атына разылығын білдіре келіп, оны облыс әкімінің, дәл осы біз тілге тиек еткен ТҮКШ саласы бойынша кеңесшісі болып «жоғарылап бара жатқанын» айтқанда семейліктер не күлерін, не жыларын білмей дал болды. 

       Бұрынғы әкім Ермак Сәлімовтің кезінде қолға алынған қоғамдық көлік қозғалысы да қордаланған проблемалардың біріне айналып тұр. Бұған дейінгі қолданыста болған 42 бағыттың 32-ге түскені семейліктерді барар жерінен кеш қалуына әсер еткені өз алдына, «Газельдердің» көзден бұл-бұл ұшып, жартылай мемлекеттік негізде құрылған «Semey Bus» ЖШС автопаркінің жүргізушілері жалақыларын ала аламай, ереуілдеткені де Нұрымбет әкім үшін Ермактан қалған «эстафетаға» айналды. «Бәрін айт та – бірін айт», мұндай тығырыққа тірелген жол қатынасы, жарықпен, жылумен қамту жайы сияқты әлеуметтік толқынысты тудыратын жайларды шешуге жауапты болған Е.Сәлімов түк болмағандай Ахметовтің жанына кеңесші болып кете барғанда, Н.Сақтағанов үшін «Семейді тығырықтан қалай алып шыға аламын?» деген сұрақтың өзектілігі күн сайын күшейіп тұрғаны шындық.

Тегтер: әкім жергілікті басқару тұрғындар халық жүйе жауапкершілік

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Арайлым ЕРКЕБАЕВА 08:30
Сарандағы РТБ зауыты ауданында тіршілік жаңарды
Тоқтар ҒАБДРЕШҰЛЫ 22.09.2021, 17:15
Оралдық Қайрат бағбан Қазақстанды таңғалдырмақ
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 22.09.2021, 09:47
Жол сапасы неге шытынайды?
Тоқтар ҒАБДРЕШҰЛЫ 21.09.2021, 15:00
Оралда көкөніс өсіру тиімді бизнес
Миуа БАЙНАЗАРОВА 21.09.2021, 08:40
Әділхан ЖӨЛЕКЕШОВ: Оқушыларымыз карантиндік талапқа сай білім алуда
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 21.09.2021, 08:30
Қарағандыда үлескерлер пәтерлерін ала алмай жүр

Аңдатпа


  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39