Орман оталса, Орал «өкпесінен» айырылады

Тоқтар ҒАБДІРЕШҰЛЫ

24.11.2020, 10:30

1408

«Адам аяғы сирек басатын, аң мен құстың мекені, дәрілік шөптерге, сирек кездесетін өсімдіктерге бай Перевалочный тоғайын қала аумағына қосады екен, жолдар мен көпірлер, үйлер салады екен» деген әңгіме күні бүгін оралдықтардың ойын онға, санасын санға бөліп тұр. Өйтпегенде ше, бұл тоғайдың жасыл желегі сөздің тура мағынасында Оралдың «өкпесі»  дейді эколог мамандар.

Тоғайдың «Перевалочный» аталуының бір сыры – Жібек жолы дәуірлеп тұрған кезеңде мұнда көпестер Жайық арқылы жүк таситын үлкен база салған, сол арқылы жан-жаққа тауар таратқан деген аңыз бар.  

Ал осы қаланың бір бүйірінде бұлтиып тұрған табиғаттың тұмса бұрышына көз алартатындай қала әкімдігіне не күн туды екен? Бақсақ, гәп мынада көрінеді. Тұрғындардың көбеюіне байланысты 2010 жылдарға қарай Оралдың жаңа бас жоспарын жасау қажеттігі туған. Ол әкімдікте 4-5 жыл қаралып, ақыры бекітілген. Бірақ сол уақытта алдын ала ақылдасайықшы, талқылайықшы деп, тыңдау өткізіліп, оған қоғам белсенділері шақырылды деген мәліметті таба алмадық. Соған қарағанда маңызды құжат үйреншікті әдетпен оңаша кабинеттерде қаралып, қабылданып кеткенге ұқсайды. Хош, енді қазіргі қала билігі «бұл жерді игеру бас жоспарда бар» деп, бет бақтырмай отыр. Яғни 7000 гектар тоғайды орман қорынан шығарып, қайткенде де қалаға беруді көздеуде.

— Қала аумағы жылдан-жылға ұлғаюда. Жайық, Шаған және Деркөл өзендері аумақты кеңейтуге мүмкіндік бермей тұр. Сол себепті көлік ағынын азайту үшін Перевалочный тоғайы ішінен жол салмақпыз. Тоғайдың өзі саябақ ретінде қала береді, спорттық алаңдар, жүгіру жолағы салынады. Жобаға қатысты халық арасында наразылық туындады. Біз кез келген сұраққа жауап беруге әзірміз. Алдағы уақытта қоғамдық тыңдау өткіземіз, – деді баспасөз мәслихатында шаһар әкімінің орынбасары Асхат Құлбаев.

Асхат мырзаның айтуынша, күні бүгін Перевалочный тоғайы қалаға кірмегендіктен, оны күтіп-ұстауға қала бюджетінен қаржы қаралмайды екен. «Қоғамдық тыңдау қорытындысы біз үшін оң болмаса, тоғайды күтуге, тазартуға бюджеттен бір тиын да бөлінбейді», – деп «қорқытып» отыр жұртты Құлбаев мырза.  

         Жергілікті тұрғындарды алаңдататыны – тоғайда қандай құрылыс салынса да, бірнеше мың түп ағаштың кесілетіні. Ағаш кесіліп, аң-құс тұрақты мекенінен айырылып, флора мен фаунаға орны толмас зиян келетін болса, «Жер астынан жік шығарып, екі құлағын тік шығарудың не қажеті бар еді?» дейді халық. Бұған да Құлбаев мырзаның жауабы дайын. «Кесілген ағаштың орнына жаңасы егіледі. Аң-құстардың тіршілігін ескереміз, жан-жануарларға арнайы транзиттік тоннельдер қазылады», – дейді орынбасар. «Жер бетіндегі жүргізушілерді тәртіпке сала алмай жатқанда қоян мен қарсақ, түлкі мен кірпіге жерасты жолымен жүруді қалай үйретеміз?» деген сауал жатыр ішімізде. Кесілген ағаштың орнына егілген тал-теректің қалай «өсіп-өніп» жатқанын күнде көзіміз көріп жүрген соң, қалай алаңдамассың бұған да?!

         Қоғам белсендісі Әлішер Ғұмаров Перевалочный тоғайынан жол салып, орманды отауға түбегейлі қарсы жандардың бірі. «Бас жоспарды ешкіммен ақылдаспай, өздері бекіткен. Бізді ешкім ешқайда шақырған жоқ. Бекітілгесін, 5-6 жылдан кейін халыққа көрсетіп отыр. Менің ойымша, тоғайды табиғи күйінде қалдыру керек. Халық мәдениетті демалуы үшін жүгіру жолақтарын, веложолақтарды жасасын, спорт алаңдарын салсын, күл-қоқыстан тазартсын, урналар қойсын. Оған ешкім қарсы емес. Бірақ автокөлік жолы экологиялық тепе-теңдікті бұзады, көліктен бөлінген газ жасыл желекті құртады», – дейді белсенді.

Шынында да, орманды отап жол салғанша, демалыс орындары мен ойын-сауық кешендерін тұрғызғанша, Нью-Йорктегі табиғи экосаябақ секілді қалдырса қандай ғажап! Жас жанұялар фотосессия жасап, бос уақытта тұрғындар шалғында шатыр құрып, демалатын тамаша нысан болар еді-ау.

Өз кезегінде БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясы мамандары орманнан жол салуға рұқсатты тек айрықша жағдайларда ғана республикалық жер ресурстары комитеті беретінін алға тартып отыр.  

Жалпы, жол саласы мамандарының пікірінше, күре жол салуға тоғайдың іргесінен 100 метр жолақ қалдырса да жеткілікті. Ол үшін тұтас тоғайды орман қорынан шығарып, қалаға қосудың ешқандай қажеттілігі жоқ көрінеді. «Қалаға қосылғаннан кейін заң жүзінде бұл аймақты жеке жер телімдеріне бөліп тастауға жол ашылады. Сөйтіп, ақыр аяғында тоғайдың ішінен байшыкештердің зәулім коттедждері» бой көтермесіне кім кепіл?» – дейді алаңдаған жұртшылық. Оған мысалды алыстан іздеудің қажеті жоқ. Қазақстандағы жасыл желекті қалалардың бірі саналатын Оралдың әр жерінен әр жылдары ормандарды ойып, тоғайларды түріп салынған қалталылардың таун-хаустары «мені көрдің бе» дегендей айқайлап тұр. 

Қазір тоғайда Қызыл кітапқа енгізілген көкқұтан, өзен қарқылдағы, орман күзені мекен етеді. Егер орман оталып, жол түсер болса, бұл жердегі бұлан мен елік, қасқыр мен қабан да Қызыл кітапқа енері айдан анық. Ендеше Оралды «өкпесінен», аң-құсты құтты мекенінен айырмайық десек, тоғайға көз алартуды тоқтату керек. Халықтың талабы – осы.  

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 09:16
Құба даланы бұғаттағандарға бұғалық неге салынбайды?
Мамыр ТӘУКЕЕВ 08:54
Балқаш: Ем қайда, су қайда?
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 12.04.2021, 17:01
Қарағанды облысында карантин талабы күшейтілді
Сайт әкімшілігі 12.04.2021, 14:14
Алматыэпидемиологиялық жағдайы айтылды
Сайт әкімшілігі 10.04.2021, 14:56
1 гектардан 8 миллион теңге табыс табуға болады
Сайт әкімшілігі 10.04.2021, 14:54
Түркістанда халықаралық ұйымның декларациясы қабылданды

Аңдатпа


  • Дағдарысты ауылдан жауап
    09.04.2021, 08:46
  • Жылқы бағып, мотоцикл мінген әзиз әжелер
    08.04.2021, 14:24
  • Ашынғаннан шыққан ащы дауыс
    09.04.2021, 09:03
  • Семейде 170 жаңа автобустың 70-і жүруге жарамай тұр
    08.04.2021, 09:08
  • Қонаевқа неге соқтыға береміз? Досановтың романы: қайран тіл, қайран сөз
    06.04.2021, 09:16