«Пара алмаймын» деген әкім парақор екен

Түркістанда президенттің жолдауы жалаң ұран болудан әріге аспай тұр

Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ

03.11.2020, 04:25

2520

Түркістан облысында осыдан бір жыл бұрын «Пара алмаймын» деген челлендж  арқылы елге танымал болған Кентау қаласына қарасты Ескі Иқан ауылының әкімі Хасан Муслимов «пара алды»деген айып бойынша кінәлі деп танылды.

Бас-аяғы 6-7 секундтық роликте ауыл әкімі ұжымындағы он шақты қызметкерімен бірге төбе көрсетеді. «Мен, Ескі Иқан ауылының әкімі Хасан Муслимов, пара алмаймын»  деген әкімді қасындағы қызметтестері «біз пара алмаймыз» деген сөздермен қостайды. Арада бір жыл өткенде осы челлендждің басты кейіпкері ірі көлемде парамен ұсталады деп кім ойлаған десеңізші.

Кентау қалалық сотында қаралған істің мән-жайы былай: былтыр Ескі Иқан ауылының тұрғыны З.Бабаев деген азамат жер телімін тоғыз бөлікке бөліп, оның әрқайсысына мемлекеттік акті рәсімдеген. Осыны білген Муслимов мазасыздана бастағанға ұқсайды. Ол ауылдық әкімдікте істейтін бір азамат арқылы Бабаевқа келіп жолығу қажеттігін ескертеді. 20 қаңтарда кешкісін Бабаев әкімнің үйіне барады. Муслимов одан 4 миллион 150 мың теңге пара сұраған. Егер бермеген жағдайда  Кентау қаласындағы құзыретті органдарға тиісті ұсыныс хат жолдап, жерге қатысты шешімді бұзатынын ескерткен.  Бабаев осыдан кейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментіне арызданған.

 24 қаңтарда Бабаев Муслимовтың жұмыс орнына 2 миллион теңге алып келген. Әкім оны Ескі Иқандағы ұлының құрылыс заттарын сататын дүкеніне алып барады. Ол параны сол жерде өзінің ұлы арқылы алған.

Сот барысында Муслимов өзіне тағылған айыптарды мойындаған жоқ. Ол Бабаевтың өзінің ұлына қарыз екенін алға тартады. Алайда Муслимовтың қарыз емес, пара талап еткенін екі арадағы әңгімеден жазылып алынған таспалар дәлелдеп берген. Сот экс-әкімді төрт жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті.

Ескі Иқан ауылы тұрғындарының айтуынша, ауыл әкімінің пара алатыны туралы әңгіме көптен бері айтылып жүрген. Тіпті ол пара берушіні баласының құрылыс материалдарын сататын дүкеніне алып баруды да әдетке айналдырған көрінеді. Хасан Муслимов ауыл әкімі қызметіне осыдан төрт жыл бұрын сайланған екен. Оған дейін мемлекеттік қызметте істемеген, кәсіпкерлікпен айналысқан.  Былтыр желтоқсан айында ол ауыл әкімі қызметіне екінші қайтара сайланған. Яғни Муслимовтың мемлекеттік қызметке кездейсоқ келген  кадр екенін аңғару қиын емес.  Енді сот үкімі күшіне енген соң, Кентау қаласының әкімі Дәурен Махажанов отставкаға арыз жазуға міндетті.

Жалпы, Махажанов Кентау қаласына әкім болып келгелі парақорлықтың өршіп кеткені рас. Жуырда «Жас Алашқа» Кентауға қарасты Шаға ауылдық округі Вахидов атындағы мектептің мұғалімі Сайдакбар Рахметов хабарласты. Біз бұл азаматтың басындағы жағдай туралы бұған дейін де жазған болатынбыз. Былтыр желтоқсан айында аталған білім ұясының директоры М.Изатуллаева «комиссияға береміз» деген сылтаумен қарамағындағы мұғалімдерден ақша жинаған. Директор Рахметовтен 5000 теңге алу барысында ұсталады. Қылмыстық іс алғашқыда пара алу дерегімен қозғалып, кейін «қызмет бабын теріс пайдалану» бабына ауыстырылған. Ақыр аяғында Изатуллаева түсініксіз жағдайда қылмыстық жауапкершіліктен босатылған.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілдері осыдан кейін директордың тәртіптік ісін қарап, қызметтен босату жөнінде Кентау қалалық білім бөліміне ұсыныс береді. Алайда  бөлім басшысының заңды дұрыс қолданбауы салдарынан Изатуллаева орнында қалған. Осы мәселе «Жас Алашта» көтерілген соң, бізді қыркүйекте облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Хаким Көшқалиев арнайы қабылдаған еді. Сол кезде департаменттің жауапты қызметкерлері облыс әкімінің орынбасары С.Қалқамановтың атына хат жазылғанын, Изатуллаеваның қызметінен босатылатынын айтқан еді. Өткен аптада біз Кентау қалалық білім бөлімінің басшысы Баянғали Жұмабаевпен хабарластық. Оның айтуынша, тәртіптік жазаға тарту мерзімінің өтіп кетуіне байланысты Изатуллаева қызметінде қалған. Осылайша агенттік өкілдері, Кентау қалалық білім бөлімі, еңбек инспекциясы, Түркістан облыстық әкімдігінің жауапты қызметкерлері жабылып жүріп қарамағындағы мұғалімдерден ақша жинауды әдетке айналдырған, 5000 теңге парамен ұсталған директорды жауапкершіліктен құтқарып жіберді. Оларды мұндай қадамға нендей мүдде, қандай жағдайдың итермелегені түсініксіз. Ал парақорды әшкерелеген, жемқорлықпен күресуші С.Рахметовтің мүддесін ойлаған ешкім жоқ. 2016 жылы осы Шаға ауылдық округіндегі Молда Мұса атындағы мектептің директоры Г.Нахипбекова қарамағындағы мұғалімдерден ақша жинағаны үшін алаяқтық бабымен кінәлі деп танылып, айыппұл салу жазасына кесілген-ді.  Ал дәл осындай жағдайда ұсталған Изатуллаеваны қылмыстық жазаға тарту түгіл, орнынан босату да мүмкін болмады. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған биылғы жолдауында:

«Біз сыбайлас жемқорлық деректері туралы хабарлаған адамдарды заң жүзінде қорғайтын жүйе қалыптастыруымыз қажет», – деген еді. Кентаудағы мына жағдайдан кейін парақорлық туралы құзырлы органдарға арызданудың мүлдем қажеті жоқ деген түсінік туып тұр емес пе?

   Сайдакбар Рахметов бастаған бір топ ұстаз енді президентке ашық хат жазып жатқандарын, бұдан басқа ешқандай амал қалмағанын айтып отыр. 

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Нұр-Қасым ЖОМАРТ 27.11.2020, 14:48
Прокурор экс-әкімге 8 жыл сұрады
Айшуақ АРАЙ 27.11.2020, 13:20
Сотталушылар наразылық көрсетіп Жезқазған түрмесіне тергеу тобы барды (видео)
Сайт әкімшілігі 27.11.2020, 10:49
Пневмониядан 5 адам көз жұмды
Сайт әкімшілігі 26.11.2020, 17:56
Оңалту орталығына жасалған сый
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 26.11.2020, 10:18
Өндірісті өлке өміршеңдігін танытты
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ 26.11.2020, 09:20
Бір Өскеменге екі Пушкин әділет пе?

Аңдатпа


  • Қабырғасы қақыраған құрылыстан қашан құтыламыз?
    28.11.2020, 11:09
  • Қазақстанда қылмыстың 12%-ын әйелдер жасайды
    28.11.2020, 16:52
  • 30 пайыз: «Шымбұлақ» жаңа маусымды карантиндік шектеулермен бастады
    28.11.2020, 13:30
  • Жастарға жол бермей жатқан ешкім жоқ
    27.11.2020, 09:16
  • Автовокзалға баласын тастап кеткен әйелдің кім екені анықталды (видео)
    27.11.2020, 11:36