Павлодардағы көшелер қашан қазақшаланады?

Сайт әкімшілігі

31.03.2021, 12:38

797

Орыс баласы Павлдың есімін арқалаған облыста елді мекендердің, көшелердің атауларын қазақшаландыруға көпшіліктің үрке қарайтыны рас. Өзгелер түгілі өзіміздің қаракөздер мұндай бастамаларға қарсы шығып, «тарихты жоймау» керектігін жарыса айтып, «жалған ұрандармен» кеуде соғады. Ал тұрғындар тарапынан «қит» еткен қарсылық байқалса, биліктегілер бірден солардың ыңғайына көніп, жығыла салуға бар. Бұлай жалғаса берсе, қазақ тарихына түк қатысы жоқ, елдің өркендеуіне тамшыдай болсын үлесі тимеген бәз біреулердің есімдері көшелер арқылы ұлықтала бермек.

Павлодар облысында елді мекен, әсіресе облыс орталығындағы көшелердің атауларын ауыстыру – жанды жерлердің бірі. Қоғамды жік-жікке бөліп, әлеуметтік желіні майдан даласына айналдыратын кәдімгі соғыс дерсіз. Бұл тақырыптағы ақпарат қылаң берсе болғаны, тұрғындар өзара «қырық пышақ» болып жатады. Өкінішке қарай, қазақша атауларды құптайтындарды саусақпан санап алуға болады.

Бұрынғы әкім Болат Бақауовтың тұсында ономастика бағытында тау қопарылатын жұмыс атқарылмаса да біраз істің басы қайырылды. Талай жылдан бері алынбас қамал болып келе жатқан Кутузов көшесі даңғылға айналып, әуелде Тәуелсіздік деген атауға ие болса, кейін белгілі саяси себептерге байланысты Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен аталды. Сол сияқты Ленин көшесін әупірімдеп жүріп Астана көшесіне ауыстырды. Ұлы Отан соғысының батырлары, аймақтың, қазақ елінің дамуына сүбелі үлес қосқан біртуар тұлғалардың есімдері бірталай көшеге берілді. 2019 жылдың соңында жергілікті биліктің ой салуымен қоғам белсенділері 13 көшенің атауын ауыстыру туралы бастама көтеріп, ол сәтті жүзеге асты. Бұған дейін бір мезетте осынша көше атауы қазақшаланған емес. Сөйтіп, Бестужев, Короленко, Димитров, Карл Маркс, Крупская сынды көшелер келмеске кетіп, олардың орнын Шәкәрім Құдайбердиев, Мәшһүр Жүсіп, Едіге би, Бұқар Жырау басты. Бұл мәселелерге қатысты қоғамдық тыңдаулар кезінде ұлт, тіл жанашырлары мен тарихты аяқтасты таптауға болмайтынын дәлелдемек болған орысқұлдар бір-біріне дес бермеу үшін тырысып-ақ басты. Ақыры «елім» дейтін азаматтар жеңіске жетті.

Көше атауларын қазақшаландыруға қатысты бір жылдық үнсіздіктен соң сең қозғалды. Қазіргі билік бұрынғы басшылықтың рекордын жаңартайын деді ме, әлде қазақы аудитория алдында ұпай жинайын  деді ме, әйтеуір бір уақытта бір-екі емес, бірден 30 көшенің атауын ауыстыруға бекінді. Набережная, Павлов, Роза Люксембург, Теплов, Донецкая, Кубанская, Читинская сынды көшелерді Әл-Фараби, Бауыржан Момышұлы, Ахмет Байтұрсынов, Хиуаз Доспанова, Мағжан Жұмабаев, Мұқағали Мақатаев, Қажымұқан Мұңайтпасовтың есімдерімен атамақ болды.

Мұндай бастама кейбір тұрғындарды қуантса, кейбіреулері алдымен әлеуметтік, коммуналдық мәселелерді шешіп алу қажеттігін алға тартып, қарсылық білдірді. Бір топ «бюджеттің қаржысын бұл мақсатқа жұмсағанша жолдарды, жылу желілерін жөндеу керек» деген талап қойса, «өскелең ұрпақ осындай қадамдар арқылы тарихты білетін болады, сондықтан уақыт оздырмай көше атауларын қазақшаландыру қажет» деген қағиданы ұстанды. Ендір бір қандастарымыз «Мынау – ұят нәрсе. 30 көшенің жаңа атауының ішінде елімізге белгілі тұлғалармен қатар, жұрт танымайтын адамдардың есімдері жүр. Көшелерді әркімнің атасының атына беруді доғаратын уақыт болды ғой» деген көңіл толмаушылығын білдірсе, енді бірі «Көше атауларын қазақшаландыру неге адам атына тіреліп қалуы керек? Тәуелсіздік, Бейбітшілік, Мәңгілік ел, Ертіс, Бірлік, Алаш сынды тарихы бай, құлаққа жағымды естілетін атаулар да бар. Соларды неге қарастырмасқа?» дегенге саятын ұсыныс-тілектер жазып жатты.

Десе де, қоғамның әлеуметтік желілерде бұл талқылауы бекер сияқты. Өйткені 29 наурызда өтуі тиіс болған қоғамдық тыңдау кейінге шегерілді. Енді оның қашан ұйымдастырылатыны белгісіз.

Шенеуніктер мұны тізімнің қайта қаралатынымен байланыстырды. Алайда қоғам белсенділерінің 30 көшенің жаңа атауына қатысты әкімдіке жолдаған ресми хаттары әлдеқайда тіркеліп, ұсыныстары белгіленіп, бекітіліп қойған. Сондықтан атқамінерлер алға тартқан бұл себеп өз-өздерін ақтауға әрі қоғамдағы дауды одан әрі ушықтырмауға көбірек ұқсайды.

Мәселе мынада: қоғамдық тыңдау өтерден 30 күн бұрын жергілікті билік оның өтер мерзімі мен орнын анықтап, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары мен ресми сайттарда қоғамдық тыңдау тақырыбын ашып көрсететін хабарландыру жариялауы тиіс. Бұл – заң талабы. Бірақ ресми ақпарат сайттарда тек екі күн бұрын жарияланды. Демек, шенеуніктер заңнамалық ережелерді ескерген жоқ. Сондықтан бұл кемшіліктерін жуып-шаю үшін өзге сылтау тауып, қоғамдық тыңдауды әзірше өткізбейтін болды.

Ал мамыр айында күзде өтетін халық санағына байланысты елімізде көше, елді мекен атауларын ауыстыруға қатысты мораторий жарияланады. Яғни, халық санағы өтпейінше атауларды ауыстыруға болмайды. Павлодар облысының билігі мамырға дейін қоғамдық тыңдау өткізуге үлгермесі анық. Сондықтан 30 көшенің атауын ауыстыруға қатысты мәселе жоспар күйінде ғана қалатын түрі бар. Мораторий өз күшін жойғанға дейін тұрғындар орысша аталатын көшелермен қош айтыспайды.

Тегтер: көше атауы қазақ тілі мемлекеттік тіл онамастика

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Еркежан АРЫН 15:52
«Қазақстан – бұрынғы Кеңес Одағы аумағында құрылған ірі бітімгершілік күштердің бірі»
М.СӘУЛЕБЕК 14:15
Министр штаб отырысын Шымкентте өткізді
Б.СӘРСЕНБИ 12:59
Түркістанда 25 тойхана жабылды
Миуа БАЙНАЗАРОВА 09:18
Қашпаған сиырдың уызынан дәметіп отырмыз
Сайт әкімшілігі 04.08.2021, 16:32
Алматы облысында демалыс күндері локдаун жарияланады
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 04.08.2021, 12:03
Қараусыз қалған аулалар, қоқыс басқан Қарағанды

Аңдатпа


  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39
  • «Жас алаштағы» жасын жылдар
    15.07.2021, 10:58