«Қабырғасы құлай ма» деп қорқамыз»

Павлодар билігі апаттық жағдайдағы үйлерге мән берер емес

Мариям МАҚСАТ

16.04.2021, 10:32

2207

Павлодар облысының орталығында 50-ге жуық тұрғын үй апаттық жағдайда. Алайда атқамінерлер оларды сүріп, орнына жаңа көпқабатты баспаналар салуға асықпайды. Ал көпбалалы отбасылар, зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі жандар суы мен жылуы жоқ, төбесі мен қабырғасы құлауға шақ қалған ескі үйлерде күн кешуге мәжбүр. Тұрғындар әр күнін үйіндінің астында қаламыз ба деген қауіппен өткізеді. Олардың бұл қорқынышына бас қатыратын билік жоқ.

Павлодар қаласындағы Теплов көшесі жақын күндері Бөгенбай батырдың есімімен аталатын болды. Бірақ бұл көшенің бойындағы тұрғын үйлер қаһарман бабамыздың есіміне мүлде лайық емес. Мысалы, №38 екіқабатты тұрғын үйдің жартысы осыдан 20 жыл бұрын жанып кеткен. Содан бері бұл үйдегі тұрғындар баспананың апаттық жағдайда екенін дәлелдей алмай әлек болып келеді.

– Осыдан бірнеше жыл бұрын өрт болған кезде асүйіміз толығымен жанып кетті. Содан пеш қоятын орын болмай қалды. Қабатты үйде от жағар болсақ, ескі материалдардан жасалған басқа қабырғалар да жанып кете ме деп қорқамыз. Сол себепті қыс бойы жылытқыш құралдардың көмегімен жылынып шықтық. Ай сайын электр энергиясы үшін кемінде 20-30 мың теңге төледік. Суды қала көшелеріндегі құдықтардан тасып ішеміз, – дейді тұрғын Роман Левушкин.

Осы үйдің тағы бір тұрғыны – Зарина Саянова жартысы жанып кеткен үйдің машақаты бұл ғана емес дейді.

– Үйді апаттық жағдайда деп тану үшін әкімдік тәуелсіз сараптамадан өту керек екенін айтты. Әр пәтерден 45 мың теңгеден шығардық. Көрші зейнеткер әже ақшасы болмаған соң, несие алып төледі. Сараптаманы жасадық, кейін әкімдікке өткіздік. Енді ондағылар «күтіңдер» дейді. Үйді қашан апаттық жағдайда деп таниды, қашан сүреді – ештеңе айтпады. Оған дейін күн сайын қорқынышпен өмір сүретін болдық, – дейді ол.

Үй апаттық жағдайда деп танылғанның өзінде, бір-екі жылдың ішінде сүріліп, орнына жаңасы салына қоюы екіталай. Железнодорожная көшесі, 3 мекенжайында орналасқан тұрғын үй 2013 жылы апаттық жағдайда болып танылғанымен, мұндағы сегіз отбасы әлі күнге дейін басқа баспаналарға көшірілген жоқ.

Бұл екіқабатты үй осыдан 65 жыл бұрын уақытша салынған еді. Осыдан сегіз  жыл бұрын жүргізілген сараптама жұмыстарының нәтижесінде баспананың 100 пайыз ескіргені туралы қорытынды жасалды. Тіпті сараптама жүргізу барысында мамандардың бірі төбеден құлап, пәтер ішіне бір-ақ түскен болатын. Соған қарамастан, ақжағалылар баспананы назарға алуға асықпайды.  Олар тәуелсіз сарапшылардың қорытындысына «пысқырған» да жоқ. Сондықтан мұндағы зейнеткерлер, көпбалалы және жас отбасылар әлі күнге дейін апаттық жағдайдағы баспананы паналауға мәжбүр.  

– 1954 жылы салынған екіқабатты үйдің сырты да, іші де жөндеуге келмейді. Ағаштан салынған баспана солтүстіктің суығына шыдамайды. Аяз түссе үйдің ішінде жел гулеп, қабырғалары бірден мұздайды. Көктем мен жазда қатқан мұз еріп, қабырғалар көгеріп кетеді. Қазір де жертөле, подъезге кірер есікті су басты. Мұндай үйде өмір сүру мүмкін емес. Соңғы 10 жыл бойы әкімдікке мұңымызды шағып барып, талай табалдырықты тоздырдық. Бірақ бәрі нәтижесіз. Сараптама жасалып, «апаттық үй» деген қорытынды шыққан уақыттан бері мына үйдің  орнына жаңасын салатын уақыт болды, – дейді тұрғын Людмила Снегина.

Павлодар қаласы әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, жоғарыда аталған үйлер биыл түгіл, келесі жылдың да жоспарына кірмейді. Осы жылы бұрынғы «Алюминстрой» шағынауданындағы 18 екіқабатты ескі үйдің орнына жаңасын салу ғана жоспарда бар. Ал қалған 26 апаттық үйдің тұрғындары жаңа пәтер кілттерін қанша жыл күтері белгісіз. Оған дейін жүздеген отбасы үйіндінің астында қалмаса болды.

Тегтер: баспана мәселе тұрғын үй кешен тұрғындар

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 10:49
Сенаторлар ауылдарды аралап жүр
Сайт әкімшілігі 10:44
Несібесін «Еңбектен» тапқан кәсіпкер
Миуа БАЙНАЗАРОВА 13.05.2021, 18:17
Қамбаштан бақ тайды
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 13.05.2021, 15:49
Сұлулық қуғандар жер сипап қалды
Нұр-Қасым ЖОМАРТ 13.05.2021, 14:40
Бордақы малдан жем қымбат
Сайт әкімшілігі 13.05.2021, 10:46
"Hayat-vax" вакцинасы Түркістанға жеткізілді

Аңдатпа


  • Қор болған Қазақстан
    11.05.2021, 11:12
  • Сүйегі табылған қазақ сарбазының жақындары іздестірілуде
    07.05.2021, 09:09
  • Марат ТОҚАШБАЕВ: Саясаттағы тоқырау экономикалық тоқырауға соқтырды
    06.05.2021, 09:21
  • Жалақорға жауап
    06.05.2021, 09:09
  • «Олар ұлт сатқындары!»
    29.04.2021, 09:06