Қайта түлеген Сыр өңірі

Нұр-Қасым ЖОМАРТ

15.09.2020, 09:57

577

Отандық кәсіп­керлерді демеу еліміз үшін өзекті мәселе. Мемлекет тарапынан тұрақты қолдау әрқашан жалғасып келеді.

Жуырда бір топ бизнес өкілдері өңірге аса қажетті өндіріс орындарының таныстырылымын өткізді. Ондағы жобалардың аймақ дамуына тың серпін беретіні, экономикалық өркендеуге һәм жаңа жұмыс орындарын құруға септігін тигізері сөзсіз.

Сонымен, алдағы уақытта Арал ауданында түйе сүтінен құрғақ ұнтақ дайындау өндірісі құрылмақ. Жоба бастамашысы «Qazaq Camel» серіктестігінің директоры Нугурбек Абулгазинов бұл бастама түйе сүті өндірісін өзгеше қырынан дамытып, халық саулығына ерекше әсер боларын айтады. Сондай-ақ жобаның өндіріс орны Аралдағы индустриалды аймақта орналасатынын, негізгі нысан салынып біткенін жеткізді.

Кездесуде жылыжай өн­дірісін құруды жоспарлаған Ғани Алматов, гендік-ин­же­нерлік ақуызды өндіру бойынша «Bildix» ЖШС директоры Ерден Эрик, жұмыртқа бағытындағы тауық өсіру бойынша «Мөлдір и К» ЖШС директоры Насыр Мырзабеков жобаларын таныс­тырды.

–    2016 жылдан бас­тап өнді­ріске қажетті екі цех сал­дық. Бүгінде олар жұмыс істеп тұр, онда 20 мың бас тауық пен балапан бар. Тағы да 10 мың бас тауыққа цех салу керек. Ал бір күндік балапандарды Талдықорғаннан жеткізудеміз. Тауыққа берілетін құрама жемді де сырттан әкелеміз, – дейді Насыр Мырзабеков.

Сондай-ақ серіктестік директоры «Байқоңыр» ӘКК» АҚ басшылығына жұмыртқаны сұрыптайтын арнайы құрылғылар жоқ екенін, кәсіпті әрі қарай дамыту үшін қаржылай қолдау қажет екенін айтты.

Айта кетер жайт, «Мөлдір и К» серіктестігі бүгінде Шиелі нарығына жұмыртқа шығаруда.

Жаңақорған ауданында ірі қара өсірумен және борда­қы­лаумен айналысатын «Бекарыс Агрофуд» ЖШС қой өсіруді де қолға алмақ. 2017 жылы құрылған серіктестік 15 адамды жұмыспен қамтып отыр. Шаруашылықта 886 бас мүйізді ірі қара, оның ішінде 307 асылтұқымды қалмақ сиыры, 515 бас жылқы, 87 бас түйе, 1048 бас қой бар. Алдағы уақытта 1000 бас уақ мал алуды жоспарлап отыр. Директоры Серік Мырзабаев кәсібін жаңа бағытта дамытқысы келетінін, оған  қажетті қаржы көлемін айтты. «Байқоңыр» ӘКК» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы әрі облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Тілешев қажетті қаржы берілетінін жеткізді.

Жиында сусын, шырын және минералды су өндірісін құру, кондитерлік цех ашу, сауда-логистикалық орталық және автобус бекетін салу бойынша, сондай-ақ тігін цехы, жылыжай ашу, балық шаруашылығы бо­йынша кәсіп бастағысы келетін кәсіпкерлер де жобаларын таныстырды. Бірқатар мәселелер бірден шешімін тапты. Ең бас­тысы, жобалардың көпшілігі іске асса, өңір үшін аса қажетті өндіріс орындары болмақ.

Нұрлан Тілешев кәсіпкерлерге кәсіп бастарда барлық шығындар нақты есептеліп, бизнес жоспар тия­нақты жасалу керегін баса айтты. Сондай-ақ мемлекеттік органдарға тапсырмалар бе­ріп, қаржы институттарына жан-жақты қолдау көрсету қажет­тігін атап өтті.

Өңірде инвестициялық жобалар да қолға алынуда. Мәселен, Сырдария ауданының орталығында «Ұн өндіру комбинаты» іске қосылмақ. Жоба инвесторы – «Аққұм Жер» ЖШС 80 млн теңгеге тәулігіне 60 тонна ұн өндіретін комбинаттың құрылысын аяқтады.

Комбинаттың бас технологы Айбек Бейсенбайға хабарласқанымызда, ол ұн зауытына қажетті құрал-жабдықтар Түркиядан алынып, толықтай орнатылып болғанын жеткізді. Серіктестік директоры Алмасбек Алдоңғаров күзгі егін ору науқаны аяқталысымен бидайды Қостанай облысынан алдыруды көздеп отыр екен. Зауыт осы күзде жұмысын бастамақшы. Тың жоба аясында 15 адам жұмыспен қамтылады.

Бұдан бөлек, Сырдария ауданында «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша қаржыландырылған тағы бірнеше жоба қолға алынған. Мәселен, «Ақжарма-2» шаруа қожалығы күріш ақтап, тазалайтын және кіші пастерленген сүт зауытын, сондай-ақ жылыжай және көкөніс қоймасын салу жобаларын кезең-кезеңімен іске асыруды қолға алды. Бүгінде күріш тазалау цехының құрылысы жүргізілуде. Цехқа Чехиядан жеткізілген VibroMAX агрегатының құны – 52 млн теңге. Бұл аппарат тәулігіне 50 тонна астық тазартады. Шаруашылық төрағасы Марат Бисенов пастерленген сүт шығаратын шағын зауыт және жылыжай мен көкөніс қоймасын салу жұмыстары 2023 жылға дейін жүргізілетінін айтады.

Жерасты байлығын шикізат күйінше өткізіп жүрген Қызылорда облысы енді Жаңақорған ауданында жаңа ірі өндіріс орнын салатын болып уағдаласты. «Тау-Кен Самұрық» ҰТК» мен «Шалқия Цинк ЛТД» облыс әкімдігімен Шалқия кенішінде тау-кен байыту комбинатын салу жөнінде үшжақты меморандумға отырды.

Жылына 2-4 млн тоннаға дейін кен өндіруді мақсат еткен гидрометаллургиялық зауыт Қаратау қойнауындағы сирек кездесетін металдарды игереді. Аталмыш зауыт облысқа тартылатын инвестиция мен жаңа жұмыс орындарын құру мәселесін шешетін болады. «Облыста мұнай өндірісі төмендеген кезеңде өңдеу саласы мен металлургияны қолға алу өңір экономикасын дамытудың басты жолы болып табылады. Осы меморандумға сәйкес, «Тау-Кен Самұрық» акционерлік қоғамы Шалқия кенішінде бірнеше әлеуметтік нысан құрылысын жүргізуді жоспарлап отыр. Мәселен, Шалқия кентіне дейін ұзындығы алты шақырым жол, Кеншілер саябағы мен аллея және контейнерлік қонақүй салу арқылы Құттықожа бұлағының аумағын абаттандыру жұмыстарын жүргізу көзделуде», – деді Г.Әбдіқалықова.

Жыл сайын Ресейдің жоғары оқу орындарына облыс әкімдігінің гранты арқылы түсіп, оқып жатқан қызылордалық студенттердің алды елге келе бастады. Техникалық мамандықтарды игерген олар енді осы зауытқа жұмысқа тартылады. Биыл көрші мемлекеттің жетекші университеттерін бітірген 111 түлектің ішінде 23 металлург пен 21 машинист бар. Бұлардан бөлек, қазақстандық тау-кен ісі және металлургия саласында техникалық және кәсіптік білім ошақтарын бітірген 144 түлек бар. «Осы уақытқа дейін озық технологиялық білімді игеріп келген түлектеріміз аймағымыздағы цемент, күкірт қышқылы зауыттары мен «Фирма Балауса», «РУ-6» және «Энергосервис» секілді ірі кәсіпорындарға жұмысқа орналасты. Тәжірибемізді әрі қарай жалғастыру мақсатында сіздерге 46 түлектің тізімі жолданды. Меморандумға сәйкес, облыстағы кәсіби білікті алғашқы металлургтерді тәрбиелеп, қалыптастырамыз деп сенемін», – деді облыс әкімі.

Негізгі инвестор – «Тау-Кен Самұрық» акционерлік қоғамы кеніш айналасында бірнеше әлеуметтік нысан салатын болды.

Өңірдің 2023 жылға дейінгі экономикалық даму жоспарына шағын және орта кәсіпкерлік саласында іске қосылатын 265 жоба енгізілген. Нақты кезеңде облыста құны 24 млрд теңгені құрайтын 95 жоба жүзеге асуда.

Тегтер: өндіріс экономика отандық өнім жоспар шағын және орта бизнес жоба

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Нұр-Қасым ЖОМАРТ 22.09.2020, 10:50
Суы мен жолы, мектебі мен емханасы жоқ Сабалақ
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 22.09.2020, 10:44
«Ең үздік жоба» жемқорлықты ауыздықтай алмады
Нұр-Қасым ЖОМАРТ 22.09.2020, 10:41
Тоқаевтың тапсырмасы неге орындалмады?
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 22.09.2020, 10:25
Арызын билікке жеткізе алмаған
Мариям МАҚСАТ 22.09.2020, 09:53
Келмеске кеткен «Кутузовты» көксегені несі?
Сайт әкімшілігі 21.09.2020, 17:48
Күшті дауыл мектептің шатырын жұлып әкетті

Аңдатпа


  • Бір тәулікте қанша адам коронавирус жұқтырғаны анықталды
    23.09.2020, 09:43
  • Nur Otan еліміздің солтүстік облыстарына қатысты қандай уәде береді?
    22.09.2020, 09:50
  • Конгресс-Холл экс-директоры миллиардтаған ақша жымқырған ба?
    21.09.2020, 15:07
  • 100 жастағы әжей пневмониядан жазылып шықты
    20.09.2020, 14:39
  • Көлік кептелісінен құтылар күн бар ма?
    18.09.2020, 14:27