Қалада сақтық шаралары күшейтілді

М.СӘУЛЕБЕК

05.11.2020, 03:44

362

Коронавирустық инфекцияның екінші толқыны батыс елдерінде күн сайын рекорд жасап жатыр. Алда не болары бір Аллаға ғана аян. Дегенмен жаһан болуы мүмкін кез келген жағдайға дайындалуда. Науқастардың саны бойынша бірінші орында тұрған АҚШ-та шектеу шаралары күшейтілді. Бельгияда сауда орындары жабылды. Франция мен Германияда локдаун енгізілді. Балқан елдерінде ауруханада орын жоқ. Ал Испанияда коронавирустың жаңа түрі анықталды. Көршіміз Ресейде де жағдай мәз болмай тұр.

 Қазақстанда күздің суығымен індетке қатысты эпидемиологиялық ахуалдың күрделене түскені байқалады. Коронавирус пен өкпе қабынуына шалдыққандардың саны күн сайын  көбейіп келе жатыр. Осыған байланысты Шымкентте соңғы тәуліктерде сақтақ шаралары күшейтілді.

Жасыратыны жоқ, тамыздан бергі аралықта үшінші мегаполисте індетті жұқтырған науқастардың саны айтарлықтай азайды. Қазан айында бірқатар шектеу шаралары жұмсартылды. Осы жағдайлар әсер етті ме, әйтеуір, соңғы уақытта Шымкентте қоғамдық орындарда маска тағу, арақашықтықты сақтау шараларына жұртшылықтың бейжай қарай бастағаны рас. Тіпті той-жиын өткізіп жатқандар да бар. Осыған байланысты Шымкент қаласының барлық аудан аумағында карантин талаптарының сақталуы бойынша мониторинг жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, өткен демалыс күндері Еңбекші ауданы бойынша кезекті рейд ұйымдастырылды. Мобильді топ түскі уақытта «Алтын Мерос» мейрамханасында отбасылық іс-шара өтіп жатқанын анықтады. Мейрамханада 200-ге жуық келуші болған.  Сонымен қатар тексеру барысында 60-70 адамның қатысуымен шара ұйымдастырып жатқан отбасылардың бары да белгілі болды. Мобильді топ бір тәулікте 72 кәсіпкерлік нысанын тексерді. Қалалық әкімдіктегі жауапты мамандар   азаматтар мен мекеме иелеріне карантиндік режим жалғасатынын және бас санитарлық дәрігердің қаулысының талаптарын сақтау керегін, тәртіп бұзушылар қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапқа тартылатынын ескертуде.

Қалалық денсаулық сақтау басқармасы таратқан мәліметке қарағанда, үшінші мегаполисте COVID-19 дерті бойынша бүгінге дейін 5240 жағдай тіркелген. 5152 науқас жазылды. Өкінішке қарай, 72 науқастың өмірін сақтап қалу мүмкін болмаған.  COVID-19 індетінің ықтимал жаңа толқынына дайындық ретінде қажетті медициналық құрылғылар, дәрі-дәрмектер, медициналық оқу-жаттығу жұмыстары күн сайын жауапты мекемелер тарапынан пысықталуда.

Жуырда өткен баспасөз мəжілісінде Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов  коронавирус инфекциясы мен пневмонияны анықтау мақсатында қалалық жұқпалы аурулар ауруханасы, №2 және №3 қалалық ауруханаларға заманауи үлгідегі компьютерлік томография аппараты орнатылғанын мәлім етті.

— Аталған аппараттар ықтималды коронавирустық инфекциясы кезінде көп көмегін тигізеді. Бұл құрылғылар COVID-19 дертінің  вирусын анықтауға ғана арналмаған, сондай-ақ ауруханаға түскен науқастарды жан-жақты тексеруге пайдасы мол, – деді Б.Позилов.

      Биыл қала тұрғындары маусымдық тұмауға қарсы екпені белсенді түрде салдыруда. Бұл көрсеткіш 99,7 пайызды құрап отыр.

Шымкенттің бас дәрігері эпидемиологиялық жағдай кезіндегі үйлестіру топтарының жұмысына да тоқталды.

– Үйлестіру топтары ықтималды екінші толқын кезінде ситуациялық штатта отырып, әрқайсысы өз саласы бойынша жұмыстарын атқарады. Мәселен, олар жедел жәрдем қызметтері, күндізгі стационарлар мен провизорлы орындар және құрылғылар барысын, жалпы, эпидемиологиялық жағдайды бақылайды әрі оған жауап береді. Бұл жұмыс сапасын арттырады, оған қоса, қалыптасқан ахуалды едәуір жеңілдетеді. Осы ретте үйлестіру тобына құрылғылардың жұмыс сапасын арттыру мақсатында бас рентгенолог және компьютерлік томография мен рентген аппараттарына жауап беретін техника мамандарын қостық, – деді Б.Позилов.

Брифингте белгілі болғандай, қалада коронавирус жұқтырған науқастарды қабылдайтын 13 диагностикалық орталық ұйымдастырылған. Онда 17 компьютерлік томография  және 30 рентген аппараты, 6 ПТР зертханасы бар. Зертханалардың екеуі жаңадан ашылған, тәулігіне 2500 тест қабылдайды. Ал жедел жәрдем бойынша жаңа call-center іске қосылған және шақыруды қабылдау желісі 9-дан 28-ге өсіп, операторлар саны үш есеге артты. Сонымен қатар медицина ұйымдарының өзара әрекет алгоритмі пысықталып, науқастарды категорияларға бөлуді үйлестіру үшін үш рет оқу-жаттығу өткізілген. Сондай-ақ эпидемияның екінші толқынына дайындық кезінде реанимациялық төсектерді жабдықтау мақсатында 314 функционалды кереует, 381 дозатор, 266 реанимациялық монитор және 381 медициналық сорғыш қондырғы сатып алынды.

       – Қалада үш оттегі станциясын орнату бойынша жұмыстар аяқталды. Оның екеуі қалалық инфекциялық аурухана базасында, біреуі №3 қалалық ауруханада. Бұдан бөлек, медициналық ұйымдардағы 717 оттегі нүктелерін қосу және сұйық оттегіге арналған тоғыз резервуар орнату жұмыстары жүргізілуде, – деді басқарма басшысы.

Медициналық мекемелерге демеушілердің көмегімен  13 санитарлық көлік берілген. Мұнан өзге, қала бойынша 612 өкпені жасанды желдету аппараты жұмыс істейді. Айта кетері, Шымкенттегі  «Kazmedpribor» ЖШС-інде  күніне 20-25 жасанды желдету аппараты, 300-ге жуық медициналық жабдықтар шығарылуда. Жуырда қала әкімі осы кәсіпорынның жұмысымен танысып қайтты.

— Коронавирус кеселі қатты өршіген кезде қалаға желдеткіш аппараттар қажет болды. Біз  компания басшыларымен осындай құрылғыларды шығару мүмкіндігін талқыладық, нәтижесі – міне. Өнімдер сертификаттаудан өтті, кәсіпорын желдеткіштер шығаруды бастады. Аптаның аяғына дейін алғашқы 88  аппарат жергілікті ауруханаларға жеткізіледі. Жақын арада ауруханалар мен емханалар Шымкентте шығарылған жабдықтармен қамтамасыз етіледі, – деді қала әкімі.

      Қала басшысының айтуынша, Шымкентте эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Инфекция ошақтары және байланыста болған адамдар амбулаторлық бақылауға алынады. Сондай-ақ биыл қаланың медициналық мекемелерін материалдық-техникалық жабдықтауға 6,6 миллиард теңге қарастырылып отыр. Өткен жылмен салыстырғанда бұл қаржы алты есе көп.

«Kazmedpribor» – коронавируспен күресу үшін қажетті медициналық техника шығаратын бірден-бір кәсіпорын. Кәсіпорын 50 мың дана медициналық жабдық, 150 мың дана медициналық жиһаз, 1000 автомобиль өндіруге қауқарлы. Айта кетсек, аталған кәсіпорын Германия, Жапония және  Корея компанияларымен бірлесіп жұмыс істейді.

Екінші толқын кезінде дәрі-дәрмек мәселесі де күн тәртібінде тұр. Стационарлық көмек көрсететін медициналық ұйымдарда дәрі-дәрмек жəне бұйымдармен қамтамасыз ету мəселесі шешілген. Бұл туралы  Мұрат Әйтенов онлайн форматта өткен үкімет отырысында хабардар етті.

Бүгінде жалпы сомасы 7,21 миллиард теңгені құрайтын дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды жеткізуге келісімшарттар жасалған. Бірыңғай дистрибьютормен 6,2 миллиард теңге көлемінде дәрі-дәрмектер және медициналық мақсаттағы бұйымдар жеткізілді.

        Медициналық ұйымдарда COVID-19 індетіне қарсы екі айлық дәрілік заттар және медициналық бұйымдар қоры жасалды. Қаладағы дәріханалар, дәрі-дәрмектер қоры мен бөлшек сауда бағаларына сәйкестігіне қарай мониторинг жұмыстары жүргізілуде. Биыл маусым, шілде айларында елде коронавирус пен өкпе қабынуы өршіген кезде көпшіліктің дәріханалардан қарапайым препараттардың өзін таппай қалғаны рас. Жауапты мамандар мұндай жағдайға жол бермеу үшін қажетті шаралар жасалды деп отыр.

Тегтер: медицина біліктілік. коронавирус індет қауіп қатер

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Нұр-Қасым ЖОМАРТ 27.11.2020, 14:48
Прокурор экс-әкімге 8 жыл сұрады
Айшуақ АРАЙ 27.11.2020, 13:20
Сотталушылар наразылық көрсетіп Жезқазған түрмесіне тергеу тобы барды (видео)
Сайт әкімшілігі 27.11.2020, 10:49
Пневмониядан 5 адам көз жұмды
Сайт әкімшілігі 26.11.2020, 17:56
Оңалту орталығына жасалған сый
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 26.11.2020, 10:18
Өндірісті өлке өміршеңдігін танытты
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ 26.11.2020, 09:20
Бір Өскеменге екі Пушкин әділет пе?

Аңдатпа


  • Қабырғасы қақыраған құрылыстан қашан құтыламыз?
    28.11.2020, 11:09
  • Қазақстанда қылмыстың 12%-ын әйелдер жасайды
    28.11.2020, 16:52
  • 30 пайыз: «Шымбұлақ» жаңа маусымды карантиндік шектеулермен бастады
    28.11.2020, 13:30
  • Жастарға жол бермей жатқан ешкім жоқ
    27.11.2020, 09:16
  • Автовокзалға баласын тастап кеткен әйелдің кім екені анықталды (видео)
    27.11.2020, 11:36