Қамбаштан бақ тайды

Миуа БАЙНАЗАРОВА

13.05.2021, 18:17

2110

       Кешегі  күні  балығы  тайдай  тулаған,  бақасы  қойдай  шулаған балықшылардың    тіршілік  көзі  болған   Қамбаш  көлі  тартылып  барады.   Есепке  жүгінсек, су  жағалаудан  600  метрге  дейін  шегінген.  Бұл,  біріншіден,   осы  өңірдің  экологиясына  үлкен  соққы. Екіншіден,   балық аулап  кәсіп етіп,  несібесін  осы көлден айырып  отырған  балықшылардың  жұмыссыз  қалуына себепші.  Қайтпек  керек? Тіпті кеше  ғана   түркістандық мақташылармен  кездескен  экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев  биыл да  судың  тапшы және  құрғақшылық болатынын  ескерткен еді.  Демек, Қамбаш  көлінің де,  оның айналасында  отырған  елдің  де жағдайы мүшкіл  деген сөз. Сырдарияның су кемігелі  бері Қамбаш  көлінен де  сән кетті. Әсіресе соңғы  үш  жылда көлдің  аңқасы кеуіп, тартылып  барады. Суы шипалы, табиғаты ерекше алып көл бұрынғы жағалауынан қазір 600 метрге дейін тартылып қалған. Тіпті бірнеше  бөлшекке  бөлініп,  ұсақталып  бара  жатыр  десек те  болады.

       Көлмен бірге, маңындағы ауылдардың тыныс-тіршілігі де тарылып, тұрғындардың жағдайы қиындай түскен.  Бұл  жөнінде Қамыстыбас ауылының  тұрғыны,  көпбалалы ана Күлмараш Каюпова былай  дейді: «Экологиялық жағдай өте нашарлап бара жатыр. Су ашып кетті. Адам  тұрмақ,  мал  су  ішпейтін  кезге  жеттік.   Жел  соқса құм суырады. Ауылды шаң басады. Онсыз да Аралдың табанынан көтерілген   шаң  аз емес еді. Қамбаш туризмнің төріне айналып еді. Жыл сайын көлге алыс-жақыннан 100 мыңға жуық адам келіп, суға шомылып, жағалауында демалатын. Ал Қамыстыбас ауылының тұрғындары демалушыларға сервистік қызмет көрсетіп, осы жерден нәпақасын тауып келді. Бірақ су кеткелі кәсіпкерлердің жұмысы тоқтады. Жағалауда салынған 30-ға жуық нысан үш жыл болды, қаңырап бос тұр».

        Қамбаш  көлінің жағдайы  тым ауыр екенін   кәсіпкер Құралай Жақыпова да айтты. «Қаншама қаражатымызды құйып, демалыс үйлерін  салып, адамдарға жағдай жасап, демалыс орындарын аштық. Енді суы  тартылып,  құмы  шығып  жатқан  көлге ешқандай демалушы келмейді. Көлден сасыған ауаның бөлінуі ауыл халқына  үлкен зиянын тигізіп отыр. Бұрын көлдің айналасы қалың қамыс болатын. Мұндағы жұрт содан малына азық жинап келетін. «Соңғы жылдары айналада төрт түлікке беретін шөп те қалмады» дейді қиналған қараша. Қамбаш көлі тартылғалы балықшылардың тіршілігі тұралап қалды. Таңның атысы, күннің батысы көлдің ортасында жүретін мына қайықтар қазір тізіліп жағалауда тұр. Себебі көлде аулайтын балық жоқтың қасы», – дейді  кәсіпкер.

       Жылына 15 миллионға жуық шабақ өсіретін шаруашылықтың тағдыры қазір қыл үстінде тұр. Өйткені тоғанға су жеткізу қиынға соғып отыр. Бүгінде 300 метр жерден құбыр арқылы су тартуда. Жазды күні көл әлі де 500 метрге дейін алыстап кетуі мүмкін. Ал ауылдағы жұмыссыз қалған балықшылардың бәрі қазір Кіші Арал теңізіне кеткен.  

         Жалпы, Сырдария Аралға сарқылып әрең жетеді. Соның салдарынан Тоқбай, Тасарық, Қаязды секілді шағын көлдер бүгінде кеуіп қалған. Енді «Қамбаш пен Ақшатау көлдер жүйесін сақтап қалу үшін дарияны бөгейтін тоспа салудың маңызы зор», – дейді эколог Сайлаубай Жұбатыров.                    Жарты ғасыр бұрын Сыр өңірінде 3000-нан астам ірілі-ұсақты көл болған. Содан бері сақталып қалғаны 200-дей ғана. Соның ішінде небәрі 55 айдында балық шаруашылығы қолға алынып отыр. Қалғанының жай-күйі белгісіз. Жалпы, соңғы жылдардың бедерінде мамандар 17 көлдің аңқасы кеуіп қалғанын айтады. Егер дария деңгейі көтерілмесе, аймақтағы көлдер жүйесі үлкен апатқа ұшырауы мүмкін. Демек,  су  мәселесін жедел  шешу керек.   Егер осылай  бола  берсе  айналдырған  4-5  жылдың  ішінде көлдердің  біразы    құрып  кетуі  мүмкін. Сырдария  трансшекаралық  өзен  болғандықтан, оның  суы  мемлекеттік  деңгейде  шешілуі тиіс. Әйтпесе Сыр  бойындағы  ұсақ  көлдердің  тағдыры қиындағанның  үстіне  қиындай  берері  хақ. Тек  көлдер ғана емес,  осы өңірде қаншама  халық  отырғанын да ұмытпаған  ләзім.  Өйткені   аймақ  тұрғындары  өзен-көлдердің арқасында бау-бақша,  егін салып, балық аулап күн  көріп  отыр. Су кетсе,  халықтан да күй  кетері  анық.

Тегтер: экология заң айыппұл мәселе тұрғындар

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

М.СӘУЛЕБЕК 24.09.2021, 15:04
Инвесторлар үшін тартымды өңір
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 24.09.2021, 11:13
Жезқазғанда экспедиция қатысушылары бұрын зерттелмеген петроглифтерді анықтады
Сайт әкімшілігі 24.09.2021, 09:25
Нұр-Сұлтаннан Ыстамбұлға шыққан ұшақ шұғыл қонды
Еркежан АРЫН 23.09.2021, 15:30
Жастардың мемлекеттік саясаты өзгеруі мүмкін
Еркежан АРЫН 23.09.2021, 13:00
Еріктілер вакцинаның маңыздылығын насихаттауда
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 23.09.2021, 08:30
Сарандағы РТБ зауыты ауданында тіршілік жаңарды

Аңдатпа


  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39