Қарағанды кинотеатрлары қалжау қалде

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

13.10.2020, 10:30

1186

Жер жаханды жайлаған  қытай індеті талай кәсіпкердің зығырданын қайнатып  тұр.  Апжыландай  ысқырған азулы кеселдің  төңіректі  тұқыртып, кесірін тигізбеген саласы қалмады. Тәулік таңдамай, ауласын әп-сәтте  көрерменге толтыратын Қарағандыдағы кинотеатрлардың  іші-сыртында әзір өлі тыныштық орнаған.  Пандемия басталғаннан бері бұл ара  көпшілік аяғы баспайтын меңіреу мекенге айналып сала  берді. Мәселе мұнымен  шектелсе қанағат.  Батпандап кірген  тығырықтың  төркіні – қаржыға келіп тірелген. Алғашқы пандемияда  бүтін бір сала  15 млрд теңге шығынға батқан.  Кинопрокат өндірісін  сүліктей сорған карантин мұндағы 60 пайыз қызметкерді нәпақадан айырды.  Қасқалдақтың қанындай ғана қалған   жұмыскерлер жан бағудың амалын іздеп,  әр мекеменің табалдырығын тоздыруда.  Мамандар қытай індетінің екінші толқыны, тіпті тып-типыл етеді деп  дабыл қағып отыр.  Болжамдарына құлақ ассақ,  елдегі әр 5 кинотеатрдың есігіне қара құлып салынады.  Межеден асуы бек мүмкін. 

                              Берешегі бастан асады  

Қарағандыдағы маңдайалды«Сарыарқа» кинотеатры бір мезетте 400 көрерменге  тартымды  туындыларын  ұсынып келген.  Жаңа прокатқа шыққан примьералардың ізін суытпай жұртқа ұсыну –  басшылықтың басты міндеті болған.  Керім кинотеатр енді  «баста дәурен тұрмайдының» қамытын киген.  Жеті айдан бері жұмыс істемейді. Несиеге қайтаруға дәрмені жоқ. Жалғыз-ақ, жарық пен жылуға берешегі  5 млн теңгеге тақаған.

— Қолдағы түбіртекті жайып салып, уайымға батып отырған жайым бар. Жылу ақысы – 2 миллион теңге болды. Суға берешегіміз 500 мың теңгеңгенің үстіне жетті. Электр қуатының төлемақысы  1 млн 800 мың теңгені құрап отыр. Коммуналдық қарызбен бірге,  жалақыны жарытып төлей алмай қалдық, – деп күрсінді, басқа түскен қиындықтарын цифр тілімен дестелеген  «Сарыарқа»  кинотеатр жүйелерінің директоры Фарух Құдайбергенов.

Әйшейінде, кісі нөпірінен көз шалынатын кинотеатрдың  ауқымды залы шынымен де,  күңіреніп тұр.  «Сарыарқадағы» сапырылып жүретін  қызметкерлердің қарасы азайып қалыпты.  Келер күннен үміт үзген жұмыскерлері  кәсіп іздеудің соңында жүр екен. Ұзын дәлізде  бізге кенеттен дидарласып қалған кинотеатр қызметкері Бақытгүл Әбдіханованы сөзге тарттық.

— Жұмысымызда  тұрақтылық жоқ. Инфляция болса,  етектен тартып жатыр.  Күнделікті ішіп-жемнің бағасы тоқтаусыз өсіп жатыр. Күнкөріс қиындап кетті. Оның үстіне,  басың аурып, балтырың сыздаса, дәрі-дәрмексіз күнің жоқ.  Бір-екеуін  сатып алсаң-ақ, таздың кебін киіп шыға келесің.  Соны ойласаң болғаны, қолыңды төбеңе  қойып, дүниеден безіп кеткің келеді. Бұл – бір адамның пролемасы. Менің қаншама әріптестерімнің мойнында  банктен алған  несиесі бар. Қайсібірінің пәтері жоқ, жалдамалы пәтерде тұрып жатыр.

Петиция кинотеатрларды қорғай ма?

Елімізде  биыл тұғыш рет  кинотеатрлар иелері қауымдастығы құрылды. Көптен күткен кәсіби ұйым қасылтаяң шақта, яғни пандемия кезінде ашылған.  Әр нәрсенің салдары болады деген рас. Қауымдастықтың қазігі міндеті күрмеуі қиын мәселелерді шешу болып отыр. Күн тәртібіндегі алғашқы міндеттері – мекемені жабылудан сақтап қалу.   Бүгінгі күні Қазақстандағы 90 -ға жуық  кинотеатрлардың 8-і  тоқырауға  ұшырап тынған.  Короновирустың екінші толқыны соққанда, күні  тіптен қараң болмақ. Қауымдастықтың президенті Мунира Ягудина бір топ әріптестерімен  сарсаңға салған күйлерін тізбектеп,  мемлекет басшысына петиция жолдаған.  Олар президенттен кинотеатрлардың ашылуын қалап,  саланы қиындықтан алып шығуға жәрдемдесуін  сұраған.

Ягудина ханым, «дүниежүзінде мыңдаған әуерейстері  күн сайын  елімізге тоқтаусыз ұшып келіп жатыр. Оларға карантиндік шектеу жоқ. Аэрокөлікке қарағанда, бізде қауіп бәсең. Желдеткіштер үздіксіз жұмыс істеп тұр. Тазалық індетті қадағалаушылар  «бізге неге қадалып отырғаны түсініксіз»», – деп ашуын аңғартты.

 Облыс орталығы – Қарағандыда  қазір 5 кинотеатр бар. Олардың дені –жекенің меншігіне берілген.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Мариям МАҚСАТ 22.10.2020, 10:52
Қымбатқа түскен «ноу-хау»
М.СӘУЛЕБЕК 22.10.2020, 10:48
Ерікті болу еріккен адамның тірлігі емес
Нұр-Қасым ЖОМАРТ 22.10.2020, 10:30
Жобалар жүзеге асуымен құнды
Нұр-Қасым ЖОМАРТ 22.10.2020, 10:18
Қауынқақтың орнына қауынқытырлақ, Ақмаржанның орнына Айсара
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 22.10.2020, 10:14
Маңғаз кәсіпкерлер мемлекеттік тілді менсінбейді
Батырхан Тоғызов 20.10.2020, 10:58
Әр адамның еңбек өтілі дербес есептелсін

Аңдатпа


  • Қымбатқа түскен «ноу-хау»
    22.10.2020, 10:52
  • Д. Ахметов: «Азаматтың қазасына себепкерлер жазасыз қалмайды»
    22.10.2020, 09:42
  • Мырзан Кенжебай: Менің атымды жамылған кім?
    20.10.2020, 14:28
  • Егіндібұлақ елінің еңсесі езіліп тұр
    20.10.2020, 10:41
  • Мақаншыда «қинау» фактісі бойынша ауыл тұрғыны полиция қолынан қаза тапты (видео)
    19.10.2020, 15:16