11.10.2021, 16:51
453
Хас талантқа бай, өр өнердің талғампаз көрермені шоғырланған кенді өлкеде, өткен аптадан бері мәдени шаралар молынан өтуде. Халық көптен күткен мерекенің бірі- Тәттімбет атындағы академиялық халық аспаптар оркестрінің XXXIV- концерттік маусымының ашылуы болды. Бұл жолғы шараның ерекшелігі, карантиндік талапқа байланысты көрермендер саны шектеулі болды. Тыңдаушысын сағына күткен өнер ұжымы жаңа маусымға тыңғылықты әзірленген. Сахнада шырқалған әсем әндер мен әуезді күйлерлердің барлығы дерлік жаңа туындылардан тұрды.
-Алмағайып кезең орнағаннан бері көрермендерді аңсағанымыз рас. Сахнада тұрып, залдағы елмен тікелей байланыс орнатқанға не жетеді! Мұндай сәтте шабымыз ашып, көңіліміз шалқар шаттыққа бөленеді. Бүгін біз үшін қуанышты күн! Әлбетте, жаңа маусым өнер өкілдеріне тың леп әкеледі. Сондықтан халықтың алдына ықтиярлы әзірленіп аса зор жауапкершілікпен шықтық. Бұл жолы орындалатын шығармалар кілең жаңа репертуар,-дейді оркестрдің дирижері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Әбуғалисын Шоқанбаев.
Жаңа маусымның концерттік бағдарламасында қазақ, орыс, шетел композиторларының шығармалары орындалды. Концертте Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Полатхан Тәшімов, халықаралық түрлі байқаулардың лауреаттары Айгүл Әужанова, Гүлмира Тапай, Рысты Рақымжан, Динара Әлиева өнер көрсетті.
Айта кеткен ләзім, ай бұрын Тәттімбет оркестрінің ұжымы облыс әкімдігінің, ішкі саясат басқармасының қолдауымен Түркияның алты қаласында гастрольдік сапармен барып қайтты. Жергілікті өнерпаздар қазақтың үнін домбыраға қосып, қобызға салып сарнатқан. Сүйтіп, Тұран елінде 10 мың көрерменді керім әсерге бөлеген.
-Түбіміз бір Түркияда биылғы ЭКСПО халықаралық көрмесінің ашылу салтанатына әзірленіп жатқан «Хатайда» амфитеатрдың залын көру бақыты бұйырды. Сол арада бізге көрмеге қатысуға ұсыныс білдірді,-деп мәлімдеді Тәттімбет атындағы ұлт аспаптар оркестрінің дирижері, халықаралық байқаулардың лауреаты Ерлан Бақтыгерей.
Облыс орталығында кезекті маусымын ашқан шертпе күйдің шебері тәттімбет оркестрінің келесі концерті қазанның 20-21 күндері аралығында жалғасады.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР